Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  133


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЙЫНДАЙЫН ЖАҒАҒА ШЫҒЫП ҚАЛЫП...


Қарағайдай қасқайып жалында өскен,
Асылдарың бұл заман бағын кескен.
Елен досым, түсіме кірдің кеше
Мұнарадай мұнартып сағым кешкен.
Көп жігіттен Елен – дос басым бағың,
Қасиеті еліңнің бас ұрғаның.
Жастығыңды қайтадан сен таптың ба,
Үлбіреп тұр қасыңда асыл жарың.
Құрып қойған жолыңа қола қақпан,
Ұры – уақыт сені де тонап жатқан
Шығар, бәлкім,...
Тас жолдар секілді бір
Қара өзендей жер шарын орап аққан.
Бір биікке жақындап,
Жуық барып,
Жалп еттің-ау...
Жаныңды суық қарып.
Қызметтен кетсең де жасымадың,
Жайындайын жағаға шығып қалып.
Көзден тізіп өткізіп,
Елеп келген
Өмірді кім көк майса желек көрген?
Қызмет не?
Білгенге жабы емес пе,
Шаңға аунатып иесін жөнеп берген.
 Құрыш кеуде –
сыры көп тылсым кеме,
Билік құрған күнді аңсап күрсіне ме?
Көп жабының біріне құрық салып,
Ұстап мінбей жылқыдан жүрсің неге?
Бір жақсылық жасасаң сүйікті елге,
Ұмтылмағын құз кеуде биіктерге.
Сенсіз де көп аспанда қара бұлттар
Тұз жаудырып,
Зәр төккен тұйық көлге.
Жақсыны да, жаманды жүре көрген,
Мұнарасың төріңнен түрегелген.
Саясаттың бәрі де иті емес пе,
Заман егер үр десе үре берген.
Ұрпағысың ұранды үлкен елдің,
Жырын тыңдап, қайтесің, үргендердің.
Биік жан боп, ендеше, жаралмаған
Бәрі бірдей биікте жүргендердің.
Құрбандыққа қашанда қара шалып,
Азамат ер үйренген қала салып.
Биік жандар болса егер,
Сорлай ма елі
Көрінгеннің алдында аласарып?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу