Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  130


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕЗІМДІ НЕГЕ БӨЛДІҢ ЖҰРТ АЛДЫНДА?


І
Көзіңнің еті өсті ме ей, бауырым,
Желкеңнің майы өсті ме ей, бауырым?!
Сезімді неге бөлдің,
Жан-жағыңнан
Байлықтың желі есті ме ей, бауырым?!
 Арқасы болмаса егер жайған малдың,
Тірлікте сауық құрып сайрандар кім?
Жығылған жан емеспін жөн-жобадан,
Өркеші жығылса да қайран нардың.
Білгенге сардарымын ей, бауырым,
Мылтықсыз оқ бораған майдандардың.
Аузыма қақпақ болар сен емессің,
Тусаң да ұлы болып пайғамбардың.
Астына түсер деп пе ең алысқанның,
Талайды мен де өзіңдей жанышқанмын.
Атадан азамат боп тусаң егер,
Қадірін білер едің арыстанның.
Елімде азаттықтың таңы атқалы,
Бит қанша басқа шыққан балақтағы?
Сөзімді неге бөлдің жұрт алдында,
Кірмеген бала емессің санатқа әлі?
Көзіңе күйік болып көрінді ме,
Құдайдың мені ақын ғып жаратқаны.
Білмейді бұл жалғанда кім бағасын,
Ақынмын сүйеп өскен шыңға басын.
Тулаққа айналдырмақ ойың бар ма,
Еліңнен мендей ақын тумағасын.
Жайындай еркін жүзіп терең көлде,
Бақ қудым,
Бақыт қудым кең өлкемде.
Жерлеуге құштар болсаң өр ақынды,
Жетерсің мұратыңа мен өлгенде.
Тағдырдың шерлі өзенін талай кештім,
Көктем боп сонда да елге арайлы естім,
 Жерлерсің мен өлгенде ей, бауырым,
Жырымды жерлей алмас алайда ешкім.
ІІ
Намыс қуып сен қашан шыңға аттандың?
Қойма көрсең тіміскіп жылда ақтардың, –
Ардан безген дәрігер сен емес пе,
Ішіп-жеген ырзығын сырқаттардың.
Айналғасын емхана жемханаға,
Сырқаттарды жеп жүрген сен ғана ма?
Ақ халатты жандар да шын бұзылды-ау,
Билік құрып кілең сұм кең далаға.
Ер болса да еліне жалқын бөлген,
Жолдан таймай тұра ма алтын көрген.
Ол да сендей жемқор боп шығады әлі,
Шәкірттерің бар болса артыңда ерген.
Күннен-күнге айналған құр сүлдеге,
Сырқатты ойлап тас кеудең күрсіне ме?
Адамдарды екіге бөліп қарап,
Керек емес,
Керек деп жүрсің неге?!
Жүрегінен жол тарқан кемел елдің,
Бірі шығар деуші едім кемелердің.
Азамат боп атадан тусаң егер,
Сырқаттарды екіге неге бөлдің?!
Көкала бұлт нарық боп төнгенде елге,
Ар-намысын ер қанша көмген жерге?
Шыға беріп емхана ауласынан
Қай бетіңмен қарайсың өлгендерге?
 Жаралғалы,
Туғалы сенімге ерген,
Қайран халық бұл шақта тері иленген.
Қоғам түгіл адамды жазсын қалай?
Дәрігерлер сырқатты жеп үйренген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу