Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  160


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШЫНДЫҚ – ЖАЗҒАН ЖЫРЫМ

“Шам болса да көгіңнен жанып тұрған,
Жырыңды оқып жан бар ма қарық қылған?
Жырлап айтқан шындығың кімге дәрі,
Көз жанарын ел-жұрттың қарықтырған.
Білсең егер
шындық та бір жолаушы,
Жол тостырып сарылтып зарықтырған.
Тұрпатына қарамай, шамасына
Жыр арнадың Алаштың баласына.
Мәңгүрт болса жырыңды ұқсын қалай?
Болат шеге кірмейтін санасына.
Қарасын да қазақтың, төресін де
Көріп жүрсің...
білесің өресін де.
Қойшы апарып шындықты,
 Тұрады өтпей,
Дүкендердің шаң басып сөресінде.
Ашық аспан секілді бұлты кетіп,
Жалған нәрсе қоймай ма ынтық етіп.
Заман солай,
Сенбесең ұсыншы елге,
Шылқытпайды шекеңді шындық өтіп.
Түнімен де сарсылып, күнімен де,
Ұсыншы елге –
Алмайды тірі пенде.
Шындықты айтқан кісілер мүрдем кеткен.
Айырылып бастан да,
Тілінен де.
Шырылдаған бозторғай шындығыңа,
Қызықпайды сондықтан тірі пенде.
Қырық жамау елің бар құралмаған,
Қайтсін өжет жырыңды ұрандаған.
Шындығың – жазған жырың болса егер де,
Өтірік – сұлу сайқал сылаңдаған.
Ғұмыр кешкен бейопа құс баққа еріп,
Кім оқысын жырыңды ұшпақ көріп.
Арақ ішіп уланған жұрттың бәрі,
Ұмтылмай ма сұлуды құшпақ болып”.
Деген сөз де естідім ел ішінен,
Айырылған серкесі, серісінен.
Көз жанарын шел басып, байлық тұнып,
Не демейді бұл күні ер ісінген.
Жырым менің білсе егер –
 Шекпені еді,
Тірісінде Абайдың тері сіңген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу