Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  145


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШЫНДЫҚТЫҢ ҚҰНЫН БІЛМЕГЕСІН...


“Жарық мынау жалғанда шыбындаған,
Жаздым дейсің шындықты шырылдаған.
Жазғандарың бірақ та неге қымбат?”
Құлағыма жан қанша сыбырлаған.
Жүрегінен асыл жыр тумағасын,
Біліп жатыр еңбектің кім бағасын?
Шындықты айтпай және де
жүре алмайсың,
Ар-намысың бұлқынып тулағасын.
Өрге жүзген заманда күллі өтірік,
Біліп жатыр шындықтың кім бағасын?
Жақсы-жаман...
Бәрі де сараланбай,
Түскен құлын жүрекке жара қандай?
Бағалы адам болам деп жанықпағын,
Алдыменен еңбегің бағаланбай.
Төбесіне көтермей шыңға балап,
Жандар қанша ит қосқан шын табалап.
Шындықты өжет жырлаған арлы ақынның
Көсегесін көгертсін кім бағалап?
Шыға қоймай жасқанып бірден төрге,
Күліп мен де қараймын күлгендерге.
 – Құны қанша шындықтың? – деп
сұраймын,
Жазған жырың қымбат деп жүргендерге.
Қысыр жылан секілді қайқаңдаған,
Жандар қанша шындықты айта алмаған.
Елдің мұңын жоқтаған ақын ғана,
Ақын ғана қатерден тайсалмаған.
Шындықты айтқан жан түгел жер
жастанған,
Шындықты атқан күркіреп ел басқарған.
Бір шындықтың құнына тұра ма, айтшы,
Будақ-будақ жауса да теңге аспаннан?!
Қорғаймын деп шындықты жасын-
бұлттан,
Абақтыда ер қанша басын жұтқан?
Тік қараған ажалға
әлі талай
Азамат ер туар деп асыл жұрттан.
Кісі ұмтылмай жарыққа – самалаға,
Бағыт-бағдар жолдарын таба ала ма?
Кітабымды сатып сен алмасаң да,
Теңге, ақшамен шындықты бағала ма?
...Қалың жұрттың жүр ме, әлде дәті бармай,
Оқығаны жақсы еді қапы қалмай.
Шындық құнын білмейді,
Білмегесін
Жүрген жоқ па жырымды сатып алмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу