Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  131


Автор: Рафаэль Ниязбек

САҢЫРЫҚ БАТЫР

І
Ата қазақ ел еді нұр тұлғалы,
Қалмақ шауып, бұл қалай шұбырғаны?!
Естілгенде сүйегің сырқырайды,
Құлындардың құрсақта шыңғырғаны.
Жұрттың бәрі қансырап, жараланған,
Жол үстінде аңырап ана қалған.
Самғай алмай көгіне қанат қағып,
Құлап жатты айдынға шағала арман.
 Жау найзасы кеудеге сұғылғанда,
Қара қайғы бұл елге бұрылған ба.
Қаратаудың басынан көші құлап,
Қазақ қайда барады шұбырғанда?!
Жұлдыз шашып тұрғанда Айлы аспаны,
Ұмтылмай ма жауымен айқасқалы.
Қаратаудың қуатын бойға жимай
Шұбырғаны шаң жұтып қай сасқаны?!
Кімге дәрі бұл елдің жылағаны,
Жаратылған бәріне шыдағалы.
Қаратаудың басынан құлаған көш –
Емес шығар туының құлағаны.
Дұшпан барда,
Жау барда жат көрінген,
Семсер деме қазақты қақ бөлінген.
Қасиеті болғасын момындығы
Түрегелген қашанда бақ төрінен.
Тағдырды да тақымдап жұмарлаған,
Күндер қанша күркіреп ұрандаған.
Қазақ қылыш суырмайды,
Суырса егер
Жауға шаппай сірә да тұра алмаған.
ІІ
Елді ерлікке бастап ылғи тұратын,
Күндер қайда айы оңынан туатын.
Атқа ақырып қонған еді Саңырық
Қаратаудың бойға жиып қуатын.
 Жауды көрсе аруақтанып кететін,
Ат ойнатып бұзған талай бекетін.
Білсең егер атқан оғы батырдың
Қандай алыс қиырға да жететін.
Ақиқаттың арайы ескен сөзінен,
Асқан батыр жоқ та шығар өзінен.
Өткізетін мерген болған Саңырық
Атқан оғын он жүзіктің көзінен.
Жарақты жау қатер болып төнгенде,
Қанша шырақ жанбай жатып сөнді елде.
Қаратау боп күңіренді Саңырық
Жалпақ жұрттың қырылғанын көргенде.
Қилы шақта неге отырсын жайланып,
Қолын бастап, кірді ұрысқа сайланып.
Сүйретілген жаудың басы қаншама,
Асау аттың құйрығына байланып.
Ел ішінде ерлер барда көшелі,
Зауал тумас кері ағатын өзені.
Қалың қолы қайдан ерлік жасасын
Батыр болмай қол бастаған көсемі.
Заманында күн кешті ме туламай,
Атқа қонса, көңілінде туады ай.
Саңырықтың туы неге құласын,
Қаратауы тұрғанда аман құламай.
ІІІ
Боз даланы боздатып таптағалы,
Суық тартып үлгерген жат қабағы.
 Атқа ақырып Саңырық қонған еді,
Қалың қалмақ тұрғанда қаптағалы.
Қай батыр да жауына кектенеді,
Үйде туып, ер жігіт шепте өледі.
Самұрық боп туса да бұл оғылан,
Саңырық боп аталып кеткен еді.
Арыстаннан арыстан тумағанда,
Кім қорғайды қазақты шырғалаңда.
– Жекпе-жек! – деп Саңырық айқайлаған,
Кеудесінде жолбарыс тулағанда.
Қара жердің көзінен қан атылған,
Заманда бұл зұлым көп жаратылған.
Шона Даба – қалмақтың батыры еді,
Ажал есіп тұратын қанатынан.
Екіталай қатерлі күн туғанда,
Туған елдің көзіне жыр тұнған ба.
Шона Даба қасқайып қарсы шапқан,
Найза толғап Саңырық ұмтылғанда.
Көрген жаудың абдырап есі кеткен,
Саңырықтың сұсты еді сесі неткен.
Көк шашақты найзасы
Сұм қалмақтың
Сауыт киген кеудесін тесіп өткен.
Екі батыр ұстасып, егескенде,
Шаң бораған бұрқырап белес-белде.
Саңырықтың көк туы желбіреген,
Қаратаудан жеңістің желі ескенде.
 IV
Қазақ, қалмақ қырқысып шайқасқанда,
Сорғалаған қанды жас қай тастан да.
Көк аспанды қара бұлт тұмшалаған,
Бейбіт елдің есігін қайғы ашқанда.
Қабырғасын жаулардың сөгіп өтіп,
Ер Саңырық ту тіккен желбіретіп.
Жекпе-жекте қалмақтың батырларын
Жер қаптырған өгіздей мөңіретіп.
Жолбарыс боп туған соң жүректі елде,
Саңырықтың жүрегі дір еткен бе.
Жауды жеңбей тынбайтын
Кеудесіне
Ақ дауылдың шабытын түнеткенде.
Көкірегіне ызалы өрт толғасын,
Кеудесінен өте ме оқ қорғасын.
Ата қазақ қалмақты жеңген еді,
Саңырықтай батыры көп болғасын.
Бейбіт елге төндіріп бұлағай күн,
Жау аңсаған сөндірмей тұра ма айын.
Қазақтың бұл алғашқы жеңісі еді,
Қырып салған қалмақты қынадайын.
Қанды ұрыста қасқайып төте салған,
Жүрек жұтқан жас қанша ер атанған.
Бөлентінің өңірі содан былай
Қалың қалмақ қырылған жер атанған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу