Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  116


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖОҒАЛҒАН СЕНІМ

Көрінбейтін асып алған мылтықты,
Адамдардың бәрі білсең кіл мықты.
Шындық жайлы сөз сөйлейді қашанда,
Тұншықтырып өлтіргендер шындықты.
 Қилы шақта ат үстінде көз іліп,
Түлегенде елім ұрпақ өсіріп.
Ана тілін білмей өскен пақырлар
Ана жайлы сөз сөйлейді көсіліп.
Қаңғып ұшқан оқтан болса ажалың,
Тіршілікте қайдан кірсін ажарың.
Сөз сөйлейді ар-адалдық жайында
Қараулықтың тағып жүрген қанжарын.
Жүрсе егерде мына өмірде тұншығып,
Тау басына айбар болсын кім шығып.
Елдің ішін ала тайдай бүлдірген
Елдік жайлы сөз сөйлейді құлшынып.
Оққа байлап ту көтерген арысын,
Өлтірген көп өзендердің ағысын.
Намыс жайлы күркірейді өрекпіп,
Адамдар да жерге көмген намысын.
Ізгіліктің көк түймесін доғарған,
Сұмдар аз ба ар-ұяты тоналған.
Содан, сірә, бір-біріне адамның
Сенімдері жоғалған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу