Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  231


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚСАҚАЛЫ ЖОҚ ЕЛДЕ

Қарсы алдыңнан есетін ақ самалы,
Жөн білетін қайда елдің ақсақалы?!
Сасық ауыз шалдардан көз ашпадық,
Туған елдің арманы ақсағалы.
Шуақ болып есетін жиі еліне,
Бақыт көнбей тұра ма киеліге.
Шалдың бәрі ақсақал емес шығар
Сақал қойған шошайтып иегіне.
Бағы жанып сертінен тайғандардың,
Белі кеткен заман бұл қайран нардың.
Шалдар қанша намазға жығылмаған
Кетсе де асып жасынан пайғамбардың.
Үйлер құтты саналып көсе қонған,
Өсек сөзге бұл күнде көше толған.
От көсеген шалдарды көп көрсем де,
Шалды бірақ көрмедім көсем болған.
Алға түзу тартқанда өмір көшін,
Тіршіліктің көбесі сөгілмесін.
Елді жүзге бөлетін шалдар барда,
Елім неге үш жүзге бөлінбесін...
Тағдыр кімнің алдына тор құрмаған,
Қарттар қайда тонға орап тоңдырмаған.
 Ақсақалы жоқ елдің кеудесінде
Дариясы ақылдың толқымаған.
*** *** ***
Күреңіткен өмірден түңілгенде,
Көтеретін жан бар ма жүгімді елде.
Жүрегіме түсетін сәулең сенің
Өлең іздеп көзіңе үңілгенде.
Жөнге салған тентегін, телпегін де,
Арман қуған жас қанша текті елімде.
Көктем болып алдымнан сен кезіктің,
Өлең іздеп өмірге келгенімде.
Мұқалатын мен емес жүзі кетіп,
Тасқындардан келемін жүзіп өтіп.
Келсең егер жыр болып,
Саусағыңа
Кигіземін жұлдызды жүзік етіп.
Сырғып өте шықса де өмір демде,
Ғұмыр кешіп келеміз көңілді елде.
Үйлендім бе мен саған,
Кім біледі
Өлең болып көзіме көрінгенде...
Қарт емеспін сүйенген күрегіне,
Неге ендеше жетпейін тілегіме.
Ағаштардан жасалған қағазға емес,
Өлең жазып келемін жүрегіңе.
 *** *** ***
Мені өзгемен, шырағым, салыстырма,
Ауылынан шындықтың алыс тұрма.
Кеудесінде нан піскен жастың бәрі
Бастырмайтын кеудесін намысты ұл ма?
Үміт арта қараған үмітті елге,
Жайсаң жандар шығады күліп төрге.
Жастың бәрі аузымен орақ орған
Орақ ауыз, от тілді жігіттер ме?
Намысыма ендеше тие берме,
Ұқсамайтын жансың деп киелі ерге.
Ағыл-тегіл жыр болып төгілем бе,
Көңілімнің жоқ болса күйі егерде.
Көктем сайын көңілім мың түледі,
Қайдан менің ағысым іркіледі.
Көкірегі дария абыздардың
Мүмкін бірі шығармын кім біледі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу