Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  174


Автор: Рафаэль Ниязбек

ДҮНИЕНІҢ БАСЫ

Адамдардың бар деме бір білгені,
Дүниеге келе ме бүлдіргелі.
Қайдағы жоқ қаруды ойлап тауып,
Соғыс ашпай тұра ма бұл күндері.
Көкірегіне күмбірлеп күй келгенде,
Қан тілейді неге адам күймелі елде.
Бозторғайын жанымның шырылдатқан
Тіршілікті шашынан сүйрегенде.
Көңілінің көздеген бұлдырығын,
Кім кешеді қанды қол бұл қылығын.
Қара шоқпар көзіме елестейді,
Адамдардың көргенде жұдырығын.
Кекті ызасын қоздырып атыраптың,
Оқ жұлғаны бұл қалай жапырақтың?
Ақылды деу адамды қиын шығар
Ісін егер істесе ақымақтың.
Дүниеге болсам деп тұтқа бәрі,
Қабағынан қар жауып, бұлттанады.
Шақша басым шарадай болған жоқ па,
Адамдардың қылығын ұқпағалы.
Ит озатын заманда құмай қалып,
Ғұмыр кешкен жұрт бар ма шырайланып.
Адамдардың қанды қол қылығынан
Дүниенің басы да тұр айналып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу