Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  134


Автор: Рафаэль Ниязбек

АДАМДАРДА ЖҮРЕК БАР МА?


Оһ, қандай жақсы болды туылғаным
Адамдарда жүрек бар кезінде мен.
Т.Айбергенов.



Шаршағанда кім келіп күш береді,
Бөрі ашуым ызалы тістенеді.
Адамдарда жүрек бар десем егер
Қалың елдің ішінде кім сенеді.
Абыройын кісінің асыратын
Азамат ер қайда бар бас ұратын.
Адамдарда тулаған жүрек барда
Кіл жақсылық жасауға асығатын.
Ал қазір ше?..
Мен неге түңілмейін,
Жүзім сұмдық қабарып іңірдейін.
Адамдардың жүрегі етке айналып,
Қатып қалған сіресіп сіңірдейін.
Айың тумай қалғанда қияқтанып,
Кім тербесін жаныңды күй ақтарып.
Адамдардың жүрегі жібімейді,
Самарқанның көк тасы сияқтанып.
Өміріңнің өзені тұнып ағып,
Тұрды қашан көзіңнің нұры жанып.
Алда-жалда сүріне қалсаң егер
Кімнің жаны кірмеген қыбы қанып.
 Жұрттың бәрі лақтырып тастаған ба,
Кеудесінен жүрегін жұлып алып.
Қапталында көсіліп тарлан белес,
Бізді қайда бастайды арман... елес.
Жүрегі жоқ адамның барлығы да,
Қуыс кеуде екені жалған емес.
Күн кешуде күллі әлем шырғалаңда,
Қатер жоқ деп ойлама сұр ғаламда.
Адамды адам оқ атып өлтіре ме,
Жүрек егер бар болса бұл адамда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу