Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  159


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЗАҚ ДЕСЕК

Қазақ десек тиеді өзімізге,
Қойды-ау, әттең, түзелмей сөзіміз де.
Жау мен досты сорладық айыра алмай
Шел түскен бе
бұ қалай көзімізге?!
Жалғандықпен қаны қас көзін көріп,
Тұрсақ та, әттең...
Артынша тез түнеріп.
Қанша жанды түрмеге тықтық әкеп,
Жарамсақтың желбуаз сөзіне еріп.
Құйын соқты деймісің шалғай белден,
Жарамсақтанып жағынып танбай келген
Өзімізден бәрі де, ішімізде...
Бұлт үйіріліп жеткен жоқ қандай да елден.
Өлім, өмір –
қос жылан арбасқанда,
Бұлт та қоса түнерді арлы аспанда.
Тұсау салып Мағжанға,
Өзіміз ғой
Кісен болып қолына жармасқан да.
Сұңқар ақын сұмдардың жынын қағып,
Аққан еді жұлдыздай түнін жарып.
Өлтірген де өзіміз
 Сөйлетпен деп
Ыстық шоқпен Сәкеннің тілін қарып.
Сатқындықты жеткен мол мұра көріп,
Оқ атамыз тасадан бұға келіп.
Көзін жойған Ілиясты тағы өзіміз.
Түн жамылып қаладан шыға беріп.
Ұйықтатпай да ұйқысын бір қандырып,
Талай жанды құрттық-ау тыңнан тұрып.
Айтып-айтпай не керек,
Тағы өзіміз
Бейімбетті өлтірген жындандырып.
Бұның бәрі, әрине, өткен күннен,
Қайғы болсын сабақ боп жеткен бірден.
Ал, қазір ше?
Айдап сап бір қазаққа
Бір қазақты...
кім, айтшы, кектендірген?!
Жүрсек, шіркін, бәрін де нардай көріп,
Құзға қонған сұңқар деп самғай келіп.
Елдің мұңын жоқтаған біреуі жоқ,
Жер бетінде жүргенмен жардай болып.
Сөйлеме деп қойдық та тілін байлап,
Шабақтадық жүрегін жырымтайлап.
Басын жұта жаздадық сөйтіп кеше
Орда бұзар Олжасты жылымға айдап.
Жасығанда бойыңа қайрат берген,
Байқап келген өмірді, шайқап келген,–
 Ел-жұртым-ау, өр мінез Олжасыңнан
Басқа сенің кімің бар айбат көрген?!
Жалтақ болды бұл күні ер шектеліп,
Шара бар ма көнбеске келсек те өліп.
Қайран қазақ бітуге аз қалдың-ау,
Пеште жанған металдай бөлшектеліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу