Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  296


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТАРЫСЫ

Қарасам да әр неге күдіктеніп,
Өмір сүріп жатырмын үміттеніп.
Аға қанша төріме жайғасатын,
Алатау боп үйіме кіріп келіп.
Сауда қуған нарықтың белесінде,
Сауынынан айырылған ел есімде.
Мұхитында өмірдің жүзіп келем,
Шайқатылып күдіктің кемесінде.
Менің өмір жолдарым бұрмаланып,
Жанарымда мұнар мұң тұр қамалып.
 Суық желдің өтінде өскендіктен
Көңіліме мұз қатқан сырғаланып.
Сауық құрып, сайрандап жүре білген
Азамат ем түспеген күреңінен.
Әлі күнге келеді суырылмай,
Жоқшылықтың жебесі жүрегімнен.
Қалай бағын жайнатсын гүл өсіріп,
Таршылықтың үні әлі тұр естіліп.
Қайыр кеткен қайырымды қазақтан да,
Қазанында қаймағы түгесіліп.
Қалса адасып Тоқшылық түз, белеңде,
Көз жасымды қайтемін ішпегенде,
Сұр қаншығы Аштықтың қыңсылар ед,
Тәуелсіздіктің тарысы піспегенде.
Туын жығып кетсе де жел суырып,
Түңілмеген өмірден ер суынып.
Қонақ келсе үйіме,
Берем ылғи
Тәуелсіздіктің тарысын мен қуырып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу