Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  269


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАҺАНДАНУ

Ғасырлардың қойнауын жиі ақтарған,
Адамдардан бәрібір ұят қалған.
Дүниенің бұл қазақ бір бөлшегі
Бұлшық еті даланың сияқтанған.
Көкжиектен қара бұлт көрінгенде,
Қазақ қайда барады бөлінгенде.
Жер бетінде қай жұрт та аман қалмас,
Дүниенің көбесі сөгілгенде.
Аққу жүзіп ойнаса тұнық көлде,
Ақын асқақ күн кешкен білікті елде.
Дүниенің сақталар тұтастығы,
Барша жұрты жаһанның біріккенде.
Қазақ бірақ үлгерсе жаһанданып,
Қайда ағады көз жасы тарамдалып,
Жаһанданып жан сақтау кімге қажет,
Сорлағысы келмесе тағы алданып.
Тағдырымның аз ба еді қуарғаны,
Тамырымның аз ба еді суалғаны.
 Желтоқсанда жарақты жау қылышын
Жалған емес қаныма суарғаны.
Қуатты елдер қаруын арқаланып,
Бірін бірі жүргенде қанға малып, –
Қазақ егер қазақты дос көрмесе,
Тозбайды ма ормандай жаңқаланып.
Көк теңгесі үлгерген құнсызданып,
Қарамасын неге елге күн сызданып.
Жаһандануға қосылса қазақ егер
Құрығаны емес пе ұлтсызданып.
Ұласқалы тұрмаса көктем күзге,
Неге шуақ жаумасын көктен бізге.
Жаһанданса бұл қазақ жоғалады,
Сіңген тамшы секілді көк теңізге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу