10.03.2022
  141


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЗАҚСТАН ҚАСІРЕТСТАНҒА АЙНАЛМАҒАЙ...


І
Жүрген өзін тасқын күш — белді көріп,
Күн кешуде бар жерде ел түнеріп.
Төрге келіп Азаттық жайғасқанда
Жоқшылық та соңынан келді ме еріп?
Қателіктен,
жасалған қиянаттан,
Қайда барсаң, Тіршілік қирап жатқан.
Азаттықты қазаққа құдай берсе,
Жоқшылықты өкімет сыйға тартқан.
Жол тартқанда жоқшылық сардалаға,
Жеткен еді базар боп бар қалаға.
 Ар-намысты саудаға салса базар
Сатылмайтын тірлікте жан қала ма?!
Сол базарда жұрт қанша малын сатқан,
Малы жоқтар —
қолдағы барын сатқан.
Күн көрістің,
Өлмеудің қамын ойлап,
Арын сатқан жан қанша, жанын сатқан?
Арлы етегін көрмеген жел көтеріп,
Ару қанша,
Қыз қанша тәнін сатқан?!
Қазақстан — айналып нән базарға
Кен қазына, байлығын... бәрін сатқан.
Құйын бетін қайтарған желдің талай,
Атанғанын көз көрді ердің малай.
Асылы — арзан,
Маржаны — судан арзан,
Көсегесі көгерсін елдің қалай?!
ІІ
Нұр шашпайды қазақтың күні неге,
Етегі әлі ашылып түріле ме?
Қан тамыры суалған Тіршіліктер
Көктемеде көгеріп тіріле ме?
Қазақ елі болса егер бүгін кеме,
Дауыл соқпай,
жел соқпай бүліне ме?
Бастап келе жатқанын, кім біледі,
Жұрт аманда құдайдың күні неге?!
 Зауыттардың сорайған қаңқалары —
Жын Ғасырдың шабылған жаңқалары.
Түйелері секілді замананың
Ауыр жүктен босаған арқалары.
Қай желдің де алдынан жылы еспесін
Сезді ме, әлде...
Өзінің үні өшкесін.
Фабрикалар да тоқтаған, қоймаларда
Жүннің бәрін күйе жеп түгескесін.
Зауал туып басына өрті төнген,
Заңы да өлген, бұл елдің соты да өлген...
Тіске басар шикі зат сұмдық қат боп,
Өндірістер —
Ошақтар оты сөнген.
Мақтасындай құрыған Мақтааралдың,
Шақар мінез үні өшіп шахталардың,
Көмір жоқта жылынсын Өмір қалай?
Артың — дода,
сондықтан көкпар — алдың.
Жұрт өмірді мылтықсыз майдан көріп,
Жүрген жоқ па атысып қайқаңда өріп.
Үсті-басы жыртылып, дал-дұл болып,
Алжасқандай бәрі де сайтанға еріп.
Жүргенін де сезбейді қайда барып,
Жүргенін де білмейді қайдан келіп!..
ІІІ
Облыс пен ауданның тарағаны —
Уақыт салған айналар жараға әлі.
 Басшылардың халыққа қарағаны —
Тұрған қасқыр секілді талағалы.
Жарық, нұрсыз жатқасын күндері өтіп,
Ел – жолаушы жол шеккен түнделетіп.
Баяғы хал — басына өкіметтің
Кімдер келіп жатса да, кімдер кетіп.
Макиндожы тозғасын Тоқшылықтың,
Халық киген шекпенін Жоқшылықтың.
Қарағайға белгісіз айналары
Тамырынан суалған көк шыбықтың.
Бала безген, үйінен ана безген,
Құрт-малтасын табаққа, шараға езген.
Іздеуде әлі жоғалған жұмыстарды,
Жоқтау айтып кілең жас қала кезген.
Қай қасірет қазақты өтті айналып,
Өтпеді ме өзегін өттей жарып.
Тамырлары қиылған Тіршіліктің
Сорлай ма енді жүрегі соқпай қалып.
Желпінгенде көздері шоқтай жанып,
Жөтеледі күркілдеп тоқтай қалып.
Өрім жастың кеудесін құрт жеп жатыр,
Бейбіт күнде атылған оқтай барып.
Келіп тұрған заманда қолдан бәрі,
Жайқалмайды неге елдің ормандары?
Тұғыр тасы қаланбай жатыр құлап,
Болашақтың Қаһарман — Қорғандары!
 Басшы көп те ойлаған қара басын,
Елдің мұңын кім тыңдап сараласын.
Тараса да облыс, аудан, ауыл...
Халқым, бірақ, ыдырап тарамасын.
ІV
Заңғар ресторандардан тамақтанған
Басшы бар ма ел-жұртты санатқа алған?
Қара су мен талқанға қарап қалған,
Қорадағы малдарын түгел сатып,
Саусақтарын саумалап санап қалған.
Қыр елінің тыйылып сауықтары,
Алжасуда есінен ауып бәрі,
Үлгергесін аз жылда жұмыртқалап,
Қасіреттің қатыгез тауықтары.
Сардаланы сар желіп аралаған
Бір сұмдықтан бір сұмдық балалаған.
Қазақты енді тонаса өз қазағы,
Ит қалды ма бұл жұртты таламаған?
Өткен-кеткен тарихтан сабақ түйіп,
Қазақ бар ма ес жиып саралаған?
Адыра қап айран, құймақ, талқан...
Сордың бәрі ауылға жинақталған.
Зеңбіректің гүрсілдеп оғы атылмай
Қыстақ қанша соғыссыз қирап қалған?!
Байлық қайда жолдармен жиі ағылған,
Ұстап әкеп қой сойған сирағынан?
Айтасың-ау,
Ел қанша зар боп қалған
Ұшқан шаңға малдардың тұяғынан.
 Қасіретке тап болып ел сенбеген,
Ауыл қанша құлашын кеш сермеген?
Дір-дір етіп етектен сусыған құм —
Жыламсырап иегі кемсеңдеген.
Тірі ауылдар айналып өлі ауылға,
Тиын таппай сарсылған дәрі алуға.
Төсек тартып сарғайып жатып қалған,
Ұшыраған адамдай сары ауруға.
Айырылып тұрпаты, тұлғасынан
Сорлағысы келеді кім жасынан?
Ауылдардың үні де шықпайды екен,
Шықпағасын көк түтін мұржасынан.
Заманыңда нарықтың жебе тартқан,
Қайғы-мұңын,
арманын кемеге артқан, —
Тірі ауылдар бар әлі,
сіңірдейін
Созылса да беріспей келе жатқан.
V
Нарық қиын жаудан да,
Ауыл көшкен ауданға,
Ұлтарақ та тимес деп,
Көктен шұға жауғанда.
Аудан көшкен қалаға,
Бір сілтеп қолын далаға.
Кеткеніндей қайрылмай
Әкенің туған балаға,
Баланың туған анаға.
 Айырылмай бағы, құтынан,
Көшпей ата жұртынан.
Аман қалған бар ма ауыл
Заманның құрсау бұтынан?
Рухы биік жоғары,
Көшпеген ауыл көп әлі,
Болашаққа деген
Бұзылмай сенім — тоғаны.
Ауылдың көшкен орыны,
Ауданның көшкен орыны.
Үйлері қирап, дөңкиген
секілді мола қорымы...
Болашақта туған бір бала
Ат арытып терін құрғатпай,
Жортса да қанша сабылып,
Төсектен безіп түн жатпай.
Жұртынан көшкен бір кезде
Ауылдардың орнын жүр таппай...
Ауылдарды көшірген,
Аудандарды көшірген,
Жақсы менен жайсаңдар,
Рухтасын емес,
Руласын өсірген,
Өсірген және есірген
Сендерді де тірідей
Тарих бетінен өшірген.
Тек ізгілік ізгілікке жол берген,
Ұры ғана ұрыларды қол көрген.
Не істесең әкеңе
Алдыңа сенің сол келген.
 Ашық ұстап іргесін
тулағанда ашқан суық түрмесін.
Оу, басшылар, болашақта
Өздерің тұрмақ молаңды,
Ұрпақтарың таппай жүрмесін.

Сүйінгенді сөкпес ем наша тартып,
Күн көргенді қолдар ем наша сатып.
Саналы егер ұғынса,
Жамандықтан
Көгергенін бұл жұрттың қашан артып?!
Жүрісінен жорғаны жаңылдырған,
Асыл ерді сарсылтып, сабылдырған.
Сағымдайын көзді арбап шағыл қырдан,
Жер бетінде аң емес, адам ғана
Жамандыққа бір табан жақын тұрған.
Күндіз-түні жататын тулап ағып,
Теретінін қайтерсің, Шуға барып
Ұсталарын білсе де...
Кейде қашып,
Сорласа да қанша күн құмда қалып.
Ұшып түсіп өмірдің ұршығынан,
Адам қанша тірлікте мың жығылған?
Өлетінін білсе де наша тартып,
Жастар аз ба қиылған қыршынынан?
Мән бермеген үңіліп жете өмірге,
Төбе кімге бұл күнде, төре кімге?
Жақсылықтан жарқылдап жаралса егер,
Асығады бұл адам неге өлімге?!
 Өлетінін білсе де наша тартқан,
Ұсталарын білсе де наша сатқан.
Жамандықтан келеді бір тыйылмай
Анасы аттан салса да, даласы аттан.
Апиынның күн санап бағасы артып,
Кім-кімді де жіберген аласартып.
Шуға ұмтылды шұбырып көп шуылдақ
Жылқы сатып күн кешкен, қара сатып.
Азаматтың айбары адыра қалған
Апиынның тұрғанда бағасы артып.
Жамандықтың бәрін де ерге таңып,
Азуда жұрт көз жасы жерге тамып.
Азамат ер өсірмей, жүреміз бе
Апиындар өсірген ел атанып.
VIІ
Санасыздар тізгінді ұстағасын,
Ел жағасын ұмытқан, қыз бағасын.
Жұрттың бәрін марғаулық билеп алған,
Қаны тасып бойында қызбағасын.
Жандары да сүрленіп сала берген,
Түріп қойып құйрықтан тұздағасын.
– Тұздалған ет, – деп күлген, – көп
шыдайды,
Мұнар шалып тұрса да Құз, Даласын.
Жаратқанға “шүкір” деп асау қылмай,
Жатыр әлі төсекте масаң тұрмай.
Тірісі өліп,
өлігі қорланса да
Жұрттың содан келеді басы ауырмай.
 Шаңырағы шарт сынып шатынаған,
Ауылдарға қай басшы қатынаған.
Жалқау қойшы секілді малын айдап,
Қырға жауып алыстан бақылаған.
Сырын, жырын бәрінің кім білмеген,
Тұла бойын май басып іркілдеген.
Поэзия – сұлулық болса егер де,
Сұлулыққа ұмтылып сілкінбеген.
Сұлулыққа бастайды елін қалай?
Жоқ болса егер сүйегі –
тегінде арай.
Шығын көрген маңдайдан тер шықса да,
Темір құспен ұшса да тегін талай.
Көлшіктерге шомылған Балтық көріп,
Билейді әлі қаншама шартық келіп.
Кілең мәңгүрт тізгінін ұстағасын
Жұрта та түгел барады мәңгүрттеніп.
Тіс жарудан қалғасын ер жасқанып,
Кіл ақымақ сорлатты-ау ел басқарып.
Азамат ер қайда жүр?
Жұрт тынышта
Құрымаса жасынан жер жастанып.
Азаматтар ұсақтап майдаланған,
Санаттан да сызылып сайда қалған.
Егістікте қаптаған арам шөптей
Кіл ақымақ ел ішін жайлап алған.
Табанына төселіп жар-құмақтар,
Ақымақты да заман бұл әркім мақтар.
 Елім не боп барады?
Түсінбеймін,
Тақымында ойнаған арғымақтар.
Арғымақтар даласы тозбаса екен,
Даласына айналып ақымақтар!
VIIІ
Атанғасын бұл қазақ есірткі елі,
Ашылмай жүр қай сорға есіктері.
Бір ғалым шал тауып ап асыраған
Ел көрмеген құбыжық кесірткені.
Балға қонған шыбындай, майға қонған
Шағын көлде айдыны қайта толған.
Атқылаған жарылыс, сынақтардан
Мақлұқ еді жаңадан пайда болған.
– Жарылыс пен сынақтың зардаптары
Жүректерде шор болып қалмақ бәрі.
Бірақ мынау кесіртке зор жаңалық,
Білсең ғылымның жаңа тармақтары.
Қуанғаннан бөркін де аспанға атып:
– Еңбек жазам, – дейді шал, – салмақты әлі.
Құбыжық па?
Адамның жаралғалы
Көрсем деген тірлікте бар арманы?
Құбыжықтар сынақтан пайда болған
Жетістік боп бұл қалай саналғаны?
Кесіртке де ғылымның бұтағы өнген
Секілденіп бергенді жұта берген.
Тойғанын да білмеді, жұт секілді
Отай келген маңайын, құрта келген.
 Жолыққасын жұмаққа армандаған,
Жұта берген кесіртке тарбаңдаған.
Мені асырап еді деп аямады,
Шалды жұтты алдымен қалтаңдаған.
Жалмауызға айналып, содан кейін
Дүниені жұтуға жалмаңдаған.
Қайғы-мұңда,
қазада сырт қалған ба,
Атқа қонған ашулы жұрт табанда.
Дүниені кесіртке жұтар ма еді,
Көзін жойып жабылып құртпағанда.
ІX
Сорпа сіңген етіне, көже сіңген,
Жылпос қанша жібектей сөзі есілген?
Өкімет те бұл күні опық жеуде
Кадрлардан кезінде өзі өсірген.
Ізгіліктің көздерін құйын басып,
Жоғалды ма, кім білсін, қиырға асып?
Коррупция жайлауда елдің ішін
Мығым топтар өзара ұйымдасып.
Үлгергесін кіл сығыр сыбайласып,
Ағылуда жат жұртқа мұнай қашып.
Аждаһаға айналған кесірткедей
Жүрген жоқ па жерді де сынай басып.
Олар кімнен сескенсін?
Аузын жапқан
Шыбын жанын берсе де құдайға асып.
Егескенде егеулі найза боп та
Өкіметтің өзімен жүр айқасып.
 Айы туып айбарлы оң жағынан,
Күні туып жайдарлы сол жағынан.
Қылмыстарға көк даңғыл жол ашылып,
Кісілікке есік те... жол жабылған.
Мойындары бұқадай жуандаған
Жемқор қанша жер-көкті лаңдаған?
Бидай өскен далада
зұлымдықтың
Қаптап өсіп кетерін кім аңдаған?
Бөліске сап, түгесіп елдің малын,
Құл-құтан ғып тоздырған ердің бәрін. –
Кілең жемқор сүліктей кіріп алып,
Солқылдата соруда жердің нәрін.
Нағашыдай тапқан бір нақ жиенін,
Қонғанын-ай соларға бақ-киенің.
Жұмыр жерді қарбыздай жарып жеуде,
Жарылды деп қарыны ақ түйенің.
Күннен-күнге ашылған арандары,
Қара басын ойлаған арам бәрі.
Өкіметпен жүрсе де жағаласып,
Өкіметтің секілді адамдары.
Замананың олар да сауысқаны,
Маңайына жиналған таныстары.
Көл тауысқан мешкейдей
Жүрген жоқ па
Дүниені ішіп-жеп тауысқалы.
Қорқау көзбен қараған даласына,
У да сеуіп,
тұз құйған жарасына.
 Құлқын қамын бәрінен биік қойған
Қол да салмай тұрмаған анасына.
Түрме көрмей,
халықтан дүре көрмей
Сұмдар өлмес –
алпауыт тірегі өлмей.
Өкіметтен қайран жоқ,
Алты Алашым,
Ар-намыс боп сен қайта түрегелмей.
Бауырыңды жайлаған өттей тұнып,
Тұқымыңды жұлмасын көктей қылып.
Аттан!
Аттан!
Солардың аранына
Қазақстан жұтылып кетпей тұрып.
Аз ба олардың халықты жылатқаны?
Байқамасаң жүректен жүр атқалы.
Президент елге Үндеу жолдар ма еді,
Топ құрмаса туыңды құлатқалы!
Жатқа айналса өзіңнен туған бала,
Бет алғаны қия тас – құламаға.
Жең ұшынан жалғасқан сыбайластар
Ертең жаумен жалғаспай тұра ала ма?!
Көшіп жүрген төбеңде бұлтың барда,
Сеніп тізгін бердің-ау жылтыңдарға.
Бейбіт күнде қаныңды ішкен қулар
Не істемейді
Басыңа күн туғанда?!
Малын бағып,
 Күн көрген қауға жасап,
Ата қазақ жерінен ауған ба азап?
Талап жеген секілді қазынаңды,
Сау басыңды жүрмесін саудаға сап.
Жармасса да Биліктің тұтқасына,
Қонды қашан бақыт боп жұрт басына?
Өз иесін жалмаған кесірткедей,
Қайта сені, кім кепіл, жұтпасына?!
X
Дұрыс болмай Биліктің жүйелері,
Сорлауда әлі Алаштың киелі елі.
Шиедей ғып аузыңды жүрген жоқ па,
Қанға жерік қашаннан шиебөрі.
Басына ма кірмелер ешкіге еріп,
Жайылмаса қазақтың түйелері.
Жүйрік еді даланың есепке ері,
Қалай жетті билікке есектері?
Арғымақтың өзін де таңдап мінген
Айналмаса игі еді есекке елі.
Билік тиіп кілең қырт аласаға,
Атқа міне бастаған бала-шаға.
Бірақ әлі піспеген шикі дүмбіл
Ұлы Абызға жөн айтса жараса ма?!
Әлденеден үркектеп, елегізбей,
Бала-шаға жүре ме ерегіспей.
Қазақстан – ұлы айдын мұхит болса,
Мұхит мұхит бола ма кеме жүзбей.
 Сырқат қоғам дертінен айықса анық,
Кеме жүзер айдынға қайық салып. –
Абыройын өздері кетіре ме,
Жұрт көзіне кілемдей жайып салып.
Тағдырын да,
өзін де айыптамай,
Мұхит түгіл бұрқанған Жайық талай.
Мұхит беті туласа аласұрып,
Төтеп берсін дауылға қайық қалай?!
Толқын жарып жүзетін Жайықтарда,
Бізде әуелі моторлы қайық бар ма?
Болашағы бұл елдің қара тұман,
Көз жіберіп қарасаң байыпты алға.
Жолға шықпай жарағын сайлап алып,
Саңлақ қанша сарсылған сайда қалып?
Келеді ағып жұрт түгел сең үстінде,
Бататынын, кім білсін, қайда барып?!
Ойда жоқта көз жазған серкесінен,
Басшы қанша шығарған елді есінен?
Сең бұзылса құриды-ау суға батып,
Ғұмыр жібі үзіліп келтесінен. –
Жағалауға шықпаса аман алып,
Бір құдірет көтеріп желкесінен.

Алты Алаштан иығы асып туған
Асыл ерге мың алғыс асықтырған.
Сарыарқасын жат қолға берсін қалай
Тақымына Астана басып тұрған?!
 Астананың арқаға ауысқаны –
Тулағаны бойында барыс қаны.
Жылдар бойы арқаға көз қадаған
Аждаһамен жер үшін алысқалы.
Қазақстан – тәуелсіз атанғалы
Жалғыз ғана Ұлы іс ел атқарған
Астананың арқаға ауысқаны.
Аспанында, жоқ арман, ұшпаса егер,
Бөтен жұрттың алапес сауысқаны.
Қазақ бұрын сөйлесе жерге қарап,
Сөйлейді енді биікке – өрге қарап.
Астананың жарығы самаладай
Үлгермеген әлі де елге тарап.
Қуат беріп тірлікке қалжыраған,
Ақпандатып соқсын кеп тау-жырадан.
Астананың ақ дауыл, ақ бораны
Жұртты, бәлкім, сергітер маужыраған.
Сардары мен сарбазын саптан көрмей,
Қай елге де сазарған бақ та келмей.
Атқарғаны Астана өз міндетін,
Сарыарқаны сақтаса жатқа бермей.
XIІ
Бәрі мықты бүгінде тірілердің,
Ұлы да елдің, кеудемсоқ құлы да елдің.
Шайпау тілді қатындай шаптығады,
Қарасаң да шамданып түріне ердің.
Бастарынан құс түгіл сөз асырмас,
Мұнарасы секілді ұлы белдің.
Піл боп қалай сүйресін Тіршілікті
Айналмаған кіл мәңгүрт піріне елдің.
 Жиын-тойдан жүретін қалыс қалмай,
Ер жігіттен шығады барыс қандай?
Намыстанған басынан сөз асырса,
Туған елін тонауға намыстанбай.
Елге, жұртқа жүре ме арпылдамай,
Ен дәулетке жеткесін жан қинамай.
Жын жинаған бәрі де кеудесіне,
Бастарына бармақтай дән жинамай.
Сақал шықпай қартайса жасы үлкені,
Бұлшық ет боп тулай ма жасыл белі.
Жоқтығынан елімде асыл ердің
Тоналуда жерімнің асыл кені.
XIIІ
Үзілмеген қазақтың қырында әні,
Жақсылықты сезе ме мұрындары.
Арқаға енді бұл күнде адам ауған,
Арқар ауса арқадан бұрындары.
Тумағасын айы да қияқтанып,
Алматыда көше алмай ұят қалып,
Астанаға дүркіреп көшіп барған
Көрінеді кілең сұм сияқтанып.
Қарағасын сақаға кеней күні,
Қайдан ғана ашылсын көмей тілі.
Кедей етіп елді де тынған жоқ па,
Басшылардың ақылға кедейлігі.
Жай іздеген жандар да, күй іздеген
Көшіп барған қала деп сый үзбеген.
 Ауып қайда бармасын,
бұл қазақты
Сиыр қоғам шыдатпай мүйіздеген.
Құбырынан күміс те,
құрыш та ақпай,
Қазақ қанша сандалған жұмыс таппай?
Қырдан қашқан Алтайы түлкідейін
Құйрығынан жұмыс та жүр ұстатпай.
Ата қазақ еншіге қайғы алғасын,
Соғып өскен тау-тасқа қайран басын.
Жұмыс қалай табылсын, оның өзі
Қасқалдақтың қанына айналғасын.
Ата қоныс,
Құт мекен жерден көшіп,
Қазақ қайда барады желдеп есіп?!
Қараұйыққа Астана орныққасын,
Қараұйықты келеді ел де кешіп.
Қыдыр кетіп босаға, қақпасынан,
Ұшты ма әлде құс болып бақ басынан.
Түсіп кетіп
шыға алмай келеді әлі,
Қараұйықтың балшығы – тартпасынан.
Өртенсе де орман боп сан арманы,
Жаңа Астана – жаңғырып, жаңарғаны.
Малтықса да шығады бұл ұйықтан,
Рас, болса егер қазақ боп жаралғаны.
Өткерсе де күніне майдан талай,
Қазақ қашан күн кешкен сайрандамай?
 Заман бар ма өтпеген төбесінен
Құтырынған тайлақтай тайраңдамай.
Қазақ бар ма азапты текке шегер?
Көгергені емес пе көктесе жер.
Қазақстан түбінде бір гүлдейді,
Қасіретстанға айналып кетпесе егер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу