Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  176


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАЗА БОЛСА СУ БАСЫ...

Алатау болса тұлғасы,
Кіндігі қайда байланған?
Тап-таза болса су басы,
Аяғы неге лайланған?
Тумаған жандай анадан,
Лақтырады екен кім тасын.
Таппайсың байтақ даладан
Бұлақтың мөлдір тұнбасын.
Адасып жүрміз әлі де,
Азамат ердің таңы атпай.
Толқыған көлдің бәрі де
У құйған шара табақтай.
 Тірідей жерге көмгелі
Найзағай қанша ойнаған?
Кезеңде мынау өлмелі
Ер қайда елін ойлаған?!
Бөрідей бәрі талады-ау,
Табылып жауы қасынан.
Қазағым тозып барады-ау,
Балықтай шіріп басынан.
Суырып соғып жел талай,
Төріңді кім бар тілмеген.
Түзейді көшін ел қалай,
Басына ақыл кірмеген?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу