Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  201


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛІМ БІРАҚ МЫҚТЫ ЕКЕН...

І
Өзендейін жүгірсе көктем қунап,
Құйын неге суырсын өктем тулап?
Ардан ғана жаралып ақындары
Ақиқатты, шындықты өткен жырлап.
Аналары жасық ұл бір тумаған,
Ол заманда намыс боп жыр тулаған.
Еркектері егеулі найза болып,
Ата жолын ол кезде кім қумаған?!
Қызы жоқ-тын қырмызы құлпырмаған,
Ұлы жоқ-тын намыс боп бұлқынбаған.
Еркегі–шер,
Жолбарыс жүректі елде
Ана жоқ-тын арыстан ұл тумаған.
Ақындықтың ұлы Отаны,
Батырлықтың ұлы Отаны.
Отырардың, шырағым, білесің бе,
Көрге айналды неліктен бұла таңы?!
Жік шыққасын қара жер тесігінен,
Көз көрмеске жоғалып кеші күлген,
Батыр қала Отырар болған опат
Жалғыз ғана сатқынның кесірінен.
 Жырыңды жау бөрідей қаптағанда,
Ерлігі еді елімді сақтаған да.
Ата қазақ жойылып кетер еді,
Қарсы ақырып жауына шаппағанда.
Кірер ме еді орысқа бодан болып,
Әбілқайыр нар халқын сатпағанда.
Жік шыққасын қара жер тесігінен,
Жанның бәрі алжасқан есі кірген.
Кете барған орысқа бодан болып,
Жалғыз ғана сатқынның кесірінен.
Қолтығынан сүйеген құлағанның,
Халқым содан боздаған, жылаған мың.
Елге зауал төндірмей тынбаған-ау,
Қай кезде де кесірі бір адамның.
ІІ
Сұм заманда тас болған құм жиылып,
Сұм заманда бас болған құл жиылып.
Сатқындық та қала ма өрістемей,
Қарағанмен көгіңнен күн қиылып.
Сұм заманда сұм қанша дінін сатқан?
Бұлбұл қанша күні үшін үнін сатқан?
Сөйлемеген жандарды өз тілінде
Сатқын деймін, ағайын, тілін сатқан.
Күн көрем деп ойлама тегін жатып.
Кәпір болған жан қанша тегін сатып?
Сатқандар да жоқ емес өз анасын,
Ер атанған сұм қанша ерін сатып?
Жер сатылсын дегендер қилы шақта
Жүрмесіне кім кепіл елін сатып.
 Арды ойлаған жан ғана сөз түсінген,
Жанның бәрі құр кеуде көзге ісінген.
Сырттан төнген жаулардан,
Тарих куә,
Сатқын шықса, сол жаман өз ішіңнен.
Жұрттың бәрін дос санап сыр ақтарып,
Көкемізді жүрмейік бір-ақ танып.
Сенім бар ма?
Бұл кезде сатқындар да
Қаптап өскен саңырауқұлақтанып.
Жүрегіңе сұм қанша жебе тартқан,
Қорқау қанша байлығын кемеге артқан?
Елім бірақ мықты екен,
Әлі күнге
Сатқындарға бой бермей келе жатқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу