Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  163


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТОЗҒАН АУЫЛДЫҢ ЖАРЫҒЫ

Тамырында бұлқынып қан ойнаған,
Тіршілік жоқ бұрынғы дана ойлаған.
Жын-ойнаққа айналған құйын ұйтқып,
Ауылдың да алаңы бала ойнаған.
Қазақ деген жел қуған қаңбақ па әлі?
Жүрген жоқ па өздерін жарға атқалы.
Мал баққаны ауылда қалып қойып,
Көшкен көбі қалаға жан баққалы.
Тағдырына жігерін жанып өскен,
Ауыл жұрты қайтеді жарығы өшкен.
Мектебі де жабылған, клубы да,
Қаржы жетпей қысқанда танып естен.
Таңдайының тамсанып суын жұтпай,
Келе жатқан ауыл да туын жықпай.
Көшпей қайтсін қалаға тұрмысы азып,
Тозып бара жатса егер туырлықтай.
Шаң суырып, сусыған құмы басқан,
Көшелері – ыдыстай сыры қашқан.
 Алаңында асыр сап бала ойнаған,
Бұралқы иттер таласып ырылдасқан.
Төнсін, мейлі, ауылға көрдей Жалған,
Кеудесінде от барда өлмейді арман.
Түнгі шамы әр тұстан жылтырайды,
Тіршіліктің көзіндей сөнбей қалған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу