Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  177


Автор: Рафаэль Ниязбек

ДЕПУТАТ МЫРЗА!

1
Маңайына қорған боп, жан-жағына,
Өз елінің айналған ардағына.
Бір Ер Түрік ертеде болған екен,
Алатау боп жайғасқан хан тағына.
Қандай жауы болмасын қайшыласқан,
Хан болыпты бәрінен айбыны асқан.
Күркіресе – бұлт шашын жерге жайып,
Жасын төгіп егілген қайғылы аспан.
Ел шетіне жайғасып құтайғаны
Ұмытылып,
бұзылып былайғы әні,
Соқтығарға сарсылған бүлік іздеп,
Қарау ниет қара бет қытай ханы.
Орағытып әр ненің ізін шалған
Қытай ханы құбылып түсі жалған.
Ер Түріктің атылған оқтан ұшқыр
Атын сұрап араға кісі салған.
– Ел алдында бұл мені сынағаның,
Тілегіңді хош көрсем – шыдағаным.
Ала ғой, – деп тұлпарын бере сапты,
Менен қалап сол болса сұрағаның...
 Ғашықтығы аздырып, жүдеткен бе,
Ызғар сұсын өткізе жүректен де, –
– Айдай сұлу бергін, – деп, – тоқалыңды,
Қолқа салған арада жыл өткенде.
– Көк тиын, – деп,– қытайдың құны маған,
Бозторғайдай безілдеп шырылдаған.
Тоқалын да қиналмай бере сапты,
Жан болсаң деп бауыры жылымаған.
Кете барған шырылдап
Тағдыр-итке
Дауа таппай етегін жырымдаған.
Түпке сақтап тісінің уын жұтпай,
Түсін сәл-пәл жылытып жылымықтай.
Және бір жыл өткенде
Қолқа салған:
– Кең далаңнан жер бер, – деп, –
туырлықтай.
– Тұлпарымды қаладың – қабыл көрдім,
Тоқалымды сұрадың – мақұл дедім.
Тыныштығын елімнің ойлап сонда,
Келмеп еді қан майдан – дабылға ергім.
Қан ағызып,
жерімді жыра қылған,
Тойдым, – деп те, – көз ашпай лаңынан.
Сол Ер Түрік ұрандап атқа қонған,
Ақ семсерін суырып қынабынан.
Қай жауға да қаптаған қара шыбындай,
Қарсы шауып нар халқым бағын асырмай, –
 Туырлықтай жер үшін туралса да,
Қорғап өткен көзінің қарашығындай.
2
Депутат мырза!
Кімге қажет жайшылықтағы өрлігің,
Жауап бересің сен бүгін.
Ана сүті – арыңмен,
Кеудеңдегі шыбын жаныңмен.
Жерімді менің –
сатуға неге жол бердің,
Қорғалып келген
Бабалардың қанымен.
Найзағай ойнап төбеңде,
Қылша мойның қалғандай бір көгенде.
Сыңғыр қолың неге қалды көтерілмей
– Жер сатылмайды, – дегенде.
Не тұрды сонда ойыңда,
Депутат мырза мойында.
Бар болса егер
Қазақтың асау қаны бойыңда.
Сөйлер ең қорғап жеріңді,
Қорғағандай нақақ күйген еріңді.
Жер сатпасақ құримыз деп,
Сендерге не көрінді?!
Далаң емес пе –
көсілдірген жер сенің,
Анаң емес пе –
төсін емген жер сенің.
Неге сонша жол бердіңдер құлдырап,
Депутатым, еңселім.
 Депутат мырза!
Қарғысқа әлі қаласың,
Жердің кешсең наласын.
Ұғынбағаның ба шынымен
жерді сату екендігін
сатқанмен бірдей Анасын.
Депутат мырзаІ
Билік болса қолымда,
Тұрдың деп те бөгесін боп жолымда.
Жарлық берер ем сені ойланбай атуға,
Отқа жағып, ұшырар ем күліңді
Хақың жоқ деп жер қойнында жатуға.
Жер сатуға жол бергендер бұғынып,
кім сенеді күні ертең
жол бермейді деп,
Елін құл ғып сатуға!
Елін құл ғып сатуға!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу