Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  160


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ЕРДЕЙІН

Туғасын жасыл бір белде,
Жырлаймын дала, қырымды.
Көре алмай күнін жүргенде
Жұрт қайтсін жазған жырымды?
Қызыл жын көзін жайлаған,
Құтырған иттей боранда,
Төлегенін оққа байлаған,
Бекежаны күшті қоғамда.
Қоғамды сынап, сілкілеп,
Жыр жаздым қанша ызалы.
Саулығымды жүрсін кім тілеп,
Көңілдің бәрі құсалы.
Маңдайым күнге жарқырап,
Кездесіп уақыт көп өтпей,
Оқимын өлең күркіреп,
Арпылдап үрген төбеттей.
Ақынның көзсіз ерлігін
Жан бар ма жүрген бағалап?
Иіскетіп шуаш терлігін,
Кетеді қайта табалап.
Безініп бәрі өлеңнен,
Арақпен ішін жылытқан.
Зардабын кімнен көрем мен,
Ақынын ел де ұмытқан.
 Ақынмын,
бірақ пақырмын,
Уақытқа мынау не дейін?
Елімде жүріп жатырмын
Елеусіз қалған ердейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу