Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  205


Автор: Рафаэль Ниязбек

ДӘРІГЕР ҚЫЗДЫҢ ЖАН СӨЗІ

Сәлем, саған, сындарлы, саналы, аға,
Бір сөз айтсам көңілің шам ала ма?
Халық мұңын арқалап,
Шерін қозғап,
Жыр жазатын жүрегі жаралы, аға.
Бір көзіңе жасадым операция,
Екіншісін қоя тұр,
Жаралама.
Сағыныш боп сарылған сардалаға,
Емдеп жазбай көзіңді, жан қала ма.
Қос көзіңді шырақтай қайта жағып,
 Қатарыңа қосамын, сардар аға.
Бөренеге ұқсатып өзіңді ылғи
Тал бойыңды балталап, жаңқалама.
Қайда барсын ырқыма көнбей жалған,
Сүрінбеген қашанда өлмей тарлан.
Саусағында сәуле бар дәрігермін,
Көзін ашқам талайдың көрмей қалған.
Елдің мұңын жоқтаған есіл ер деп,
Жұрт ішінде қайғыңды сезінген көп.
Дәрігер боп жер басып жүрмін неге,
Бір ақынның жазбасам көзін емдеп?
Жұлдыз болып көгінен жыр шашылмай,
Ғұмыр кешсін, алайда, кім ашынбай?
Елдің қалай ашылсын көкірегі,
Ақындардың көздері жүрсе ашылмай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу