Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  140


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨК БӨРІНІҢ ТЕРІСІ

Нұрын төгіп тұрғанда көкте күнің,
Кімге сенің жетпеген көктем үнің.
Жаңаарқаның жігерлі бір жігіті
Сыйға тартты терісін көк бөрінің.
Туған елде арайлы таң атқалы,
Кісі бар ма қарайтын қабаққа әлі.
Жігіт сыйын хош көрдім,
Кей ағайын
Иттеріне жүргенде талатқалы.
Қара жерге тамшылап тері сіңген,
Ғұмыр қанша үзілген желісінен.
Көк бөрі иіс бұрқырап тұрған еді,
Көк бөрінің сойылған терісінен.
Қиянаттан жүрегім езілгенде,
Шара қайсы төзбеске сезімді елде.
Иттер қаша жөнелді маңайымнан
Көк бөрі иіс теріден сезілгенде.
Тіршілікте мұң басқан, қына басқан,
Есігімді ез көп те жылап ашқан,
Көк бөрі иіс бұрқырап көк теріден
Қызғаныштың иті де тұра қашқан.
 Жүрегіне жеткізіп көктем үнін,
Жыр жазамын тербетіп көп көңілін.
Қорқытуға иттерді жарайды екен
Терісі де азулы көк бөрінің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу