Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  116


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЗАМАТ ЕР КӨП ЕЛІМДЕ

Мұратына жаңа жеткенде,
Өлгендер қанша текті елде.
Жыладым –
 Жалындап туған жігітті
Көшеде атып кеткенде.
Басыңа қатер төнгенде,
Қорғасын қалай көр пенде.
Жыладым –
Арыстан кеуде азамат
Қаңғыған оқтан өлгенде.
Сұмдықты көзің көргенде,
Тұрасың атып көрден де.
Жыладым –
Көкірегі дария қария
Далада қаңғып өлгенде.
Намыстың оты сөнгенде,
Жұрт болып жерге көмгенде,
Жыладым –
Шындықты айтқан өр ақын
Түрмеде шіріп өлгенде.
Аман қап жаудың оғынан,
Жүрсе де таймай жолынан,
Жігітке неге жылайын
Әйелдің өлген қолынан.
Солғындап өмір ажары,
Бара ма тарқап базары.
Азамат ер көп елімде
Әйелден болған ажалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу