Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  182


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРА ЖЕРГЕ ХАЛЫҚ ИЕ

Мына сайын далада кие қонған
Ханның бәрі халыққа ие болған.
Елді түзу бастайтын болашаққа
Жібі түзу есілген жүйе болған.
Көктем болып жүгірген дала, белге
Айналғандар біледі саналы елге:
Халыққа егер хан ие болса, бірақ
Халық ие болатын қара жерге.
 Күрең күндер түскенде жиі есіме,
Тіршіліктің үңілем жүйесіне.
Қара халық бүгінде қаңғып қалған
Қара жердің айналған иесіне.
Қайда әділдік пір тұтып ел жүгінген,
Зардап шеге бере ме кеңдігінен.
Қара жерді шетінен сатқан жоқ па,
Тартып алып халықтың меншігінен.
Қарағанда көзіне қайғы аларып,
Күн көреді бұл халық қайда барып.
Атқа ақырып қона ма кім біледі,
Шар болатқа жігерін қайрап алып.
Өзендері бұрқанып жырлап аққан,
Арулары алтыннан сырға таққан,
Халық қашан қорлыққа төзіп еді,
Кеудесінде жолбарыс тулап жатқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу