Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  132


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨК БӨРІ ЖЫРЫ

Қандай менің басыма күн тумады,
Кеудемде ылғи ызалы жыр тулады.
Құлагерлер мертіккен бұл далада
Жер мен көкке сыйдырмай кім қумады.
 Дүр дүние балбырап көз ілгенде,
Қай қораға түспедім төзімді елде.
Көк аттыға жем болсын деген жоқ-тын,
Көкжал заман көкжал ғып өсіргенде.
Жүрген кезде көзімнен тылсым атып,
Тағдыр әлі көрген жоқ шын жылатып.
Ит тірліктің иттері талағанда,
Кете барғам қаншықтай қыңсылатып.
Үйірінен адасып жеке қалған
Арлан аз ба қасқайып төте салған.
Көк бөрімін!
Қақпанға түссем егер,
Қиып тастап сирағын кете барған.
Тұла бойым қайғыдан қалса ауырлап,
Қуат берген кеудемде асау тулап.
Аңшылардың оғынан жараланып,
Жорттым талай санымнан қан сауылдап.
Қойлы ауылдың тұсынан өте беріп,
Тауға қарай жол тартам төте көріп.
Қолға түссем,
Тартпайын қандай азап,
Берілмеген күйімде кетем өліп.
Қатер бардай түбінде кезікпеген,
Қарайғанның бәрінен сезіктенем.
Азаттығы үшін де бір басымның
Небір қилы азапқа төзіп келем.
...Ер-тұрманын бүтіндеп, құрай жүрген
Саналы елдің жүзінен шырай күлген.
 Азаттығын қорғаған жұрттың бәрі
Көк бөрідей азапқа шыдай білген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу