Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  192


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚ СӘУЛЕНІҢ ІШІНЕН СЕНІ КӨРЕМ


Баян Бекетоваға
Бойға жиып қуатын жер-көктегі,
Сені туған қазақтың келбетті елі.
Мүмкін келген шығарсың бұл өмірге,
Қара өлеңмен әлемді тербеткелі.
Самал ескен, сәуле ескен қанатынан,
Көңіліңде тұма көп дара тұнған.
Сенсің, сірә, өлеңнің ақ Баяны –
Таңның әппақ нұрынан жаратылған.
Қара жерге қалтырап қақ тұнатын
Кезде мынау ер бар ма бақ қуатын.
Жырлап келе жатырсың айдыныңды,
Ел ішінде атанып аққу ақын.
Боз жусанын суарған құба белдің,
Сарқылмайды жалғанда бұлағы елдің.
Құлагер жыр кеудеңде кісінейді,
Естілгенде дүбірі Құлагердің.
Дүниенің қабағы суынғалы,
Заман кімді оңдырған құбылмалы.
Қалың қауым бүгінде сені іздейді,
Шуағына жырыңның жылынғалы.
Қарай білген кісінің қабағына,
Қыздың бәрі өзіңдей саналы ма.
 Ақ сәуленің ішінен сені көрем,
Үңілгенде жырыңның жанарына.
Шабытыңды шалғыдай шыңдап алып,
Қаламыңды жыр жаздың нұрға малып.
Биігіне сені әлі көтереді,
Бір Алатау кеудеңде тұлғаланып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу