Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  131


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЙДЫН КӨЛДІҢ АЗАСЫ

Сарыарқаның даласын улағасын,
Неге ызалы толқыным туламасын.
 Қасиетімді кәпірлер қайдан білсін
Ұлы қазақ жерінде тумағасын.
Айдын көл ем толқыған дөңгеленіп,
Мені уламай тұра ма жөнге көніп.
Жығылғандар қаншама бұл заманда
Қоңыраулы кеудесін өрге беріп.
Қалың елден табылмай жанашырым,
Қайғы уына малынған қарашығым.
Керексіз боп қалдым ба жұрт аманда
Тоналғасын бойымнан бар асылым.
Дүниенің қабағы сыздай қалып,
Жүрегімде қалды ма мұз байланып.
Улы жаңбыр көгімнен көп жауғасын,
Бір күндері ұшармын тұзға айналып.
Қабырғама батқанда қайғы мына,
Мұң шағамын қазақтың қай құмына.
Қатер барын ішімде сезеді ме,
Аққу құстар қонбайды айдыныма.
Айдыныма құс қонбай дүркіреді,
Қашан менің кеудемде жыр түледі.
Көл деп мені ойлама,
У салынған
Алып ыдыс шығармын кім біледі.
* * *
Қайғы бораған ақпанда,
Не істеймін дабыл қаққанда,-
Қарқаралы жері уланып,
Қасірет шегіп жатқанда.
 Қайғы бораған ақпанда,
Не істеймін дабыл қаққанда,-
Қарқаралы елі уланып,
Шетінен өліп жатқанда.
Семсердей өткір қайралып,
Майданға шықсам сайланып,-
Құритын, сірә, шығармын
Итжеккенге айдалып.
Қарқаралы жері молаға
Кетпесе екен айналып.
* * *
Алтынмен семсер булаған,
Ар-намыс қайда тулаған?
Жолбарысы жоқ заманда
Жолбарыс ұлдар тумаған.
Азамат жоқ-ау қаламда,
Қазанат жоқ-ау даламда.
Арыстан ұлдар тумаған
Арыстаны жоқ заманда.
Қырағы болмай мұрама,
Тұнығым қайта тұна ма.
Мына сатқын қоғамда
Сатқындар тумай тұра ма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу