Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  109


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЫСТЫҒЫНДА АПТАПТЫҢ...

Жағасына қонбайтын торғай барып,
Өлкені әлі адамзат қорғайды анық,
Сәті келген бір күні қолдай қалып...
Бұл маң бұрын шалқыған теңіз еді,
Барады енді борпылдақ сорға айналып.
Көз ұшында көл-көсір аймақты алып,
Бетке шыққан тұзды сор қаймақтанып,-
Нар өлкенің ұқсайды кебініне
Төсегіне жантайған жайлап барып.
Адамзаттың бұл жерге тері сіңбей,
Кете алмады құлпырып ел ішіндей.
Кебірленіп үлгерген сортаң жерлер
Тұздай салған түйенің терісіндей.
Қайтеді деп,
Қайтер деп мынау жалған,
Абыз қарт па тірлікке сұрау салған?!
Сортаң жерлер –
Шапаны үстіне ілген,
Сақал-шашы,
Мұрты да қылауланған.
 Тірлік қуып үстімен қатынаған,
Тақыр жерлер сөгіліп қақыраған,-
Тілім-тілім даланың таңдайы ма,
Ыстығында аптаптың шатынаған?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу