Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  161


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЙШЫЛЫҚ КӨП ӨМІРДЕ

Тірлік етіп, көрсе де күнін бәрі,
Келеді әлі шырқалмай ғұмырлы әні.
Өмір түгел тұрады қайшылықтан,
Адам зерттеп жетпеген түбіне әлі.
 Тілін білген жан бар ма тылсым кешіп,
Атқа мінген ер бар ма бір күнде өсіп.
Қайшылығы өмірдің жоқ болса егер,
Шындық неге Өтірікке жүр мінгесіп?
Ала-құла жаралған адамдарға
Ар-ұятты тең бөлген заман бар ма?
Қайшылығы өмірдің жоқ болса егер,
Қыран аз да,
неге көп жаман қарға?!
Уақытты тұрғанда жыны буып,
Тіршіліктің сұрланған түрі суып.
Қайшыласқан өмірде жақсылық па,
Сорлатса елді ұлыдан ұры туып.
Шындық бәрін жеңгенмен ақырында,
Қайшылықтың қанжары алқымында...
Азамат ер мінетін ақ арғымақ
Ақымақтың жүр ойнап тақымында.
Тірі жанын қатерге ұрындырмай,
Қай заманнан жұрт өткен қуырылмай.
Жарқылдаған қылыштар жайшылықта
Қайшылықта қан қаптырған суырылмай.
Жұлдыздары жарқырап ерте жанған
Жұрттың бәрі мұхитқа кеме салған.
Баянды елдің басына бұлт үйіріп,
Жалғандығын жасайды неге Жалған?!
Көңілінде біреудің қайғы ұласып,
Күркірейді біреулер байлығы асып.
 Қайшылық көп өмірде,
Содан шығар
Адамдардың жүргені қайшыласып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу