Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  150


Автор: Рафаэль Ниязбек

АТА ҚАЗАҚ

Тұла бойы сомдалған қайғы, азаптан,
Қайсарлықты таппадың қай қазақтан
Бойын намыс қысқанда тайсақтамай,
Мерт боларын білсе де Айға шапқан.
Дала жұрты, әрине, қарапайым,
Болашаққа бірге еріп барады Айым.
Суық желдің өтінде қалған талай
Әрбір қазақ –
қара нар қарағайым.
Құмға адасып құйыны, желі қалған,
Боз даланың өр мінез ері тарлан.
Жаяу Мұса секілді беті қайтпай,
Жаяу жүріп аттыдан кегін алған.
Тік көтерген Байрағын көк бөрілі,
Арлы жұрттың қайда да тоқ көңілі.
Ұлан байтақ даласын жаудан қорғап,
Ұлы шайқас үстінде өтті өмірі.
Жауға бермей қорғаған боз даласын,
Қазақ неге білмесін өз бағасын,
Ғасырлардан ғасырға көшін тартқан
Өзі киген сауыттай тозбағасын?
Замананың қабағын, сесін бағып,
Көңілінің жылынған пешін жағып,
Көкжал қазақ ашығып өлер кезде,
Асып жеген қоң етін кесіп алып.
 Іштен іріп, іріңдеп бүлінбеген,
Қасиетін бұл жұрттың кім білмеген.
Таулы жерде аңдамай сүрінсе де,
Даулы жерде сөз таппай сүрінбеген.
Тартса да азап, өмірден түңілмеген
Жаугер жұртқа арпылдап кім үрмеген.
Ана алдында тізесі бүгілсе де,
Жау алдында ешқашан бүгілмеген.
Ұран қосқан дем беріп ұраныма,
Дүние өзгермей осылай тұрады ма?
Қалай десең олай де,
Қабырғалы
Қазақ болып мақтанам туғаныма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу