Өлеңдер ✍️

  07.03.2022
  85


Автор: Абдрахман Асылбек

Бұл тағдырдың қаттылығын қараңыз

Бұл тағдырдың қаттылығын қараңыз –
Көп жыл бойы қосылмады арамыз.
Жүрегімде алаулады жыр болып,
Желке шашы желбіреген бала қыз.
Шың басында шайқатылды шынарым,
Шынарыма арта берді құмарым.
Бара жатты жан дүнием жалын боп,
Білмедім тек арты немен тынарын.
Кербез сұлу көзді тартып қияннан,
Күмбірледі кеудемде бір күй-арман.
Қыз алдында жасадым да жасықтық,
Аса алмадым құрғақ үміт, қиялдан.
Кеттім содан арманымнан алыстап,
Қала берді қолын бұлғап таныс бақ.
Тірліктің бір сөгілген соң тігісі,
Қиын екен махаббатпен табыспақ.
Бұл тағдырдың «тәттілігін» қараңыз –
Енді бүгін алшақ емес арамыз.
Балаларды бақшасына кей күні
Бара жатып жолығысып қаламыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу