Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  195


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚҰСЫМ ҚАЙТЫП БАРАДЫ ЖЫЛЫ ЖАҚҚА

Жұлдыз болып жана алмай көгінде елдің,
Өмір көрдім,
мен біраз өмір көрдім.
Суық сәуле көзімнен шашыраған,
Суынғанын көргенде көңілдердің.
Көмейіме жұп-жұмыр тас тығылып,
Жатыр менің ішімде қасқыр ұлып.
Адамдардан мейірім жоғалғанда,
Жағдайыңды жасай ма жас бұрылып.
Үйден шықпай төріме шегеленген,
Сырт айналған достар да тете көрген.
Көңілімді ақ қағаз көрем кейде
Кім көрінген шимайлап кете берген.
Зауал туса ер түгел ез болатын,
Кісі еліңнен таппайсың сөз қонатын.
Көңіл деген көктемнің гүлі емес пе,
 Суық ызғар қарыса тез солатын.
Жұлдыз болып жану да арман еді,
Үмітімді бірақ кім жалғап еді.
Көңіл қалса бір атым насыбайдан,
Мың атымнан көңілім қалған еді.
Қызар кезде жүрегім қызбай қалып,
Көңіліме үлгерген мұз байланып.
Құсым қайтып барады жылы жаққа,
Бесінге ауған өмірім күзге айналып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу