Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  228


Автор: Қасым Аманжолов

Еркіндік

Аулақ менен,жоғалшы көз алдымнан
Нәзік ханша,махаббат деп аһ ұрған!
Қайдасың сен,бостандықтың жыршысы
Патшалардың зәре-құтын қашырған?
Келші,жұлшы тажға таққан гүлімді,
Қират нәзік лираны да бүгінгі,
Дүниенің бостандығын жыр етем,
Зұлымдыққа атамын да зілімді.
Алуан шатақ арасында әбігер
Болып өткен,еркін ұлан-жауынгер
Батыл үнмен салған ұран бір кезде,
Абыройлы сонау галлдың жолын бер!
Жеңіл тағдыр желігіне мастанған
Дүниенің озбырлары!Бол талқан!
Сендер тыңда,қайрат шақыр,көтеріл,
Жауыздықтан жанышталған құл-құтан!
Амал қанша!Айналамның бәрі сор:
Ауыр азап,құрып қойған темір тор,
Сорлы тұтқын сор боп аққан көз жасы,
Заңды-заңсыз жойып жатқан пәлеқор.
Жалған жаным түнегі бір шытырман.
Отыр билеп не бір сұмдар құтырған,
Құлдық өмір данышпаны қаһарлы
Қияпатты құмарлыққа ұмтылған.
Қасиетті еркіндікті қадірлеп,
Құдіретті заң жүргізіп,ел билеп,
Отырмас па патша деген тағында
Сорлы халқын езе бермей жәбірлеп
Әділ заң мен еркіндіктің семсерін
Берік ұстап,басқармас па елдерін,
Тең адамдар төбесіне тигізбей,
Білмес пе ол кімнің басын кесерін.
Жоғарыдан сілтеп әділ қылышты
Түссін қиып қиянатты,қылмысты,
Болмасын ол қалтыраған су жүрек,
Болмасын әм ұры-қары жымысқы.
Билеушілер!Таж бен тақты заң берді,
Артық етіп жаратқан жоқ сендерді,
Заңнан биік бола алмайсың қашан да,
Биік шығып билегенмен елдерді.
Әділетті,заңды қадір тұтпаған,
Не патшасы,не халқы оны ұқпаған,
Соры қалың саңылаусыз елдердің
Салдыр-салақ самарқау боп ұйқтаған.
Адастырып таж бен тақтың кеселі,
Дарға асылған даулы күнде кешегі,
Әлемге аян қаталдардың құрбаны
Кәрілікке шақырамын мен сені.
Сол Людовик абыройдан айрылған
Дарға асылды,
Кім болды оған қайғырған?
Үнсіз-түнсіз тұрды қарап ұрпағы,
Жауыздықтан жүректері шайылған.
Халық үнсіз,
Заң да үнсіз,тым-тырыс,
Түсті қырқып басын оның сом қылыш...
Міне енді тағы да бір жауыздық
Француздарды етіп отыр бір уыс.
Озбыр жауыз!Өзіңді де,тағыңды
Жек көремін,жеркентесің жанымды!
Қаһарлы,өр қуанышпен күтемін
Тұқымыңмен сенің құрығаныңды!
Қара бетің,қарғыс таңба басылған,
Халық сені қарғап қойған жасыңнан,
Бұл дүниенің құбыжығысың,сұмпайы,
Тәңріге де дақ келтірген антұрған!
Жарым түннің жұлдызынан нұр алып,
Күңгірт Нева ағады жай бұралып,
Сабырлы ұйқы салмағынан жаншылып,
Алаңсыз жұрт жатқан кезде демалып,
Көз алдыңда ойлы жыршы ұланның
Тұрады есіз ескерткіші тиранның,
Құлазыған,ұмытылған зор сарай,
Нық ұйқтаған арасында тұрманның.
Түсі суық сол сарайдан шыңғырған,
Жан түршігер үн естиді жыршы ұлан,
Калигула сықылданған неменің
Соңғы түні өтеді көз алдынан.
Лента,жұлдыз тағып,сырты құлпырған,
Араққа ашу араласып,жұлқынған,
Түсі суық,су жүректі жендеттер
Жеті түнде сол сарайға ұмтылған.
Үндемейді арам ойлы күзетші,
Көпір дайын көтеріл де тездетші.
Түн ішінде тұр ашулы қақпалар,
Тапқан жөнін жалдап қойған қызметші.
О,масқара!О,замана сұмдығы!
Ұмыт болып дәл кешегі құлдығы,
Аңша келіп бассалды олар патшасын,
Тепкіледі тажды жауыз-жындыны.
Соның бәрін ұмытпаңдар,патшалар
Сендер берер сыйлықтар мен жазалар,
Қанды қапас,қарғыс,нәлет-бәрі де
Қорған емес,өздеріңе көр қазар.
Онан дағы әділ заңның алдында
Бас иіңдер,аспа-таспа,қағынба,
Халықтарға бостандық бер,тыныштық бер,
Сонда ғана отырарсың тағыңда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу