Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  92


Автор: Елена Әбдіхалықова

Қайран

Қайран
біздің Бабалар-ай,
Ағалар-ай ісі адал!
Пейілдері дала сынды, перзенттері күш алар!
Шын қаласа аруақ боп көкке самғап ұша алар!
Тілегі – иман, реңі – нұр, арманы – асқақ, құшағы – ар!
Тағдыр қамыт кигізсе де ауыр әрі қара-сұр
әрқайсысы көтеретін кісіліктің қарасын!
Қайран біздің бабалар-ай жақсылықшыл, жаны асыл!
Көңіліне сыйғызатын алты алаштың баласын!
Жауға шапса қаймықпайтын, жеңісі де рас-тын.
Қобызының сарынынан сан ғасырлық сыр аштым.
Далам құсап тебіреніп сөз сөйлесе, күй төксе,
күңірентіп жіберетін күллі әлемді – күн астын!
Екпініне ел дүрліккен ерлерім-ай еңселі,
өздерің ғой ізгілік пен парасаттың өлшемі.
Күпіріне айналдырмай күбірі мен кемсеңін,
Шүкірімен шамалайтын құшақ жетпес жер шегін.
Бір мысқалдай кем туса да, қаны – өздерің бүлкілдер
пәк ұлтымды құлатпасын пасық – пейіл, құлқын – көр.
Мен мәңгілік жасау үшін мына мұңсыз әлемде
Маған сол бір тектілердің тілегін бер, ғұрпын бер!
Солар құсап тілейтұғын ел мен жердің тілегін!
Солар құсап күресуді міндетім деп білемін.
Ашып тастап аспанымнан қайғы-мұңның түнегін,
жақсылық деп соқсын менің жұдырықтай жүрегім.
Арамдыққа ырық бермей жұртты аздырар жеңгелік,
Жүз біткеннің намысы – бір ұлт болуды меңгеріп,
Тілім, ділім аман болса, көкіректен шер кеміп,
Жасар мәңгі менің халқым жер бетінде ел болып.
Жойылсын да ортамыздан жершілдік пен пенделік!
Жүрсек екен сол бақытты барлық ҚАЗАҚ тең көріп!
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу