Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  116


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Қош келдің, Мамыр, гүл – айым!
шуағын төккен Күн, Айым,
жанымның мұңын ұрлаған,
жұпарын шашып тұр далам.
Қош келдің, Мамыр, самалым!
Дүниенің мөлдір жанарын
толтырып нұрға, тербетіп,
жасаруда әне, жер беті.
Армысың, жасыл Мамырым,
Тіріліп бойда сағым – үн –
жастықтың жанған бал шағы –
жанымның мәңгі аңсары,
Армысың, мақпал күндерім!
Жүректің шоғын үрледің:
ащылау күннің салмағын
аударып тастап, самғадым.
Армысың, Мамыр, мерекем,
өзіңмен кірер берекем.
өзекте көктеп өмір - күн
нұрланып, қайта төгілдім.
Мамырлап келген құстардай
Сенде бір құдірет күш бардай –
Сезімдер түлеп ұшатын,
Дүние ләззат құшатын!
Мамырым, кербез, көркемім,
Төбемде тұрсын ерке күн!
Туласын бойда тамырым,
Жасай бер, мәңгі Мамырым!
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу