Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  129


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Кешіктім бе, білмеймін бақытымнан,
әлде озып кеттім бе уақытымнан?
Маған шошып қарайды мына заман
дөңгеленген көзіне ақы тұнған.
Ақыл емес, ақы ғой тұнып тұрған –
адамзаттың барлығын құнықтырған,
Құныққандар ішінде құлжадай боп
бір шарасыз бақытқа құрық құрған.
Ұстаймын деп бақ құсын ертелі-кеш
Елеңдеумен жүреді ол, еркелігі еш,
өзі құнсыз!
Құныққыш бұл қоғамда
шешені сөз бастамас, еркегі көш.
Адасады, ұстарға амалы жоқ,
залалы көп заманда саналыға – оқ.
Бармақтай бақ таба алмай, бақи көшті
тайқы – тағдыр талайлар талабы – Көк.
Төре – уақыт түсінбей қылығымды,
Тартпақтайды тағдырым бұрымымды.
Үгітіліп ішімнен күл боп барам,
Сары аязға шыдаған шыны құрлы.
Түсінбейді қоғамың мұң-арыңды,
Бозторғайға бола алмай қыран үлгі.
Шыдамымды түгескен күндер осы,
Сынарымды кім білген, құларымды?!
Өкпелемен тағдырға тұрағы жоқ
менің үшін болса да сынағы көп.
Мен жыладым демес ем, өмір, саған
Сен құлатар болсаң тек бір-ақ рет.
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу