Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  137


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Саяқ күн сүрем деме сайран қылмай,
өтпейді Өмір деген ойландырмай,
Түлкідей айлаң алпыс болғанымен,
қоймайды қайғы – қатын айналдырмай.
Пендеге таусылмайтын “о, тобасы”
белгілі өмір ... өлім ... екі арасы.
Сезінер сорлылығын адам бір күн –
сопайып қалған кезде соқа басы.
Әдеті-ау жылылығын бұлдау күздің,
(Не деме жұбанбағы бұл даусыздың!?)
Иіріп иірімі имендірер,
Бір күні тағдыр дейтін тұрлаусыздың.
Наһақтан күйіп, іздеп жоқ нәрсені
жыласаң, жан табылмай жақтар сені,
Құласаң құрдымына, итерісіп,
Ит – өмір итше талап, таптар сені.
Оп-оңай өткізбейді өмір – белес,
Сарсылтар талай күндер сенімге егес,
Жәй ғана сүйеді өмір арпалысты –
Амалың бар ма бұдан жеңілмек еш?
Тірлікте мұң таусылмас тірі адамға!
(Сөз жолдас болмас, бәлкім, жылағанға).
Тәңірден тіле, жалғыз “қолың соз” деп,
Бір күні бағың тайып, құлағанда!
Тағдырың аямай бір сынағанда!
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу