Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  95


Автор: Елена Әбдіхалықова

Демократия

Демократия!
Сен несің!? Әлде, кімсің?
Шындық па ең шырылдаған жаны күйіп!?
Айқайшыл айтақтағыш сөзде – күшің,
тыңдайтын кілең тобыр халық ұйып.
Барсың ба сен шынымен қоғамда бұл –
жаны қас ақиқатқа, жақсылыққа!?
Телмеңдеп жүрсің бе екен даламда, құр
душар боп жоқшылыққа, тапшылыққа!?
Бейне ме ең талықсыған таңдай, көзі
зейнеткер қариядай көрі жақын!?
Еңбеккер соры қалың маңдай ма өзі,
қолынан күрек түссе торығатын?
Жоқ әлде жас бала ма ең, тәй-тәй басқан,
біреулер көтерсе деп ұмтылатын!?
Кеудесін керіп тастап, шайқай басқан
құлқын ба ең, алған сайын ынтығатын!?
Құның ба бір-ақ пиғыл – жесем деген,
тебетін напахасын тойынғаннан?
Өзегін өзімшілдік мекендеген
озбырдың ойымысың орындалған!
Сен жаттың айласысың – мұның анық!
Халықтың несібесін тартып-жұлып,
ішіме ібілістей кіріп алып,
Жармасқан өз қолым боп алқындырып....
Әйтеуір, сенің бейнең жұрт ішінде –
жанын жеп үгітердей құрты ішінде,
сайқалдың сылқылдаған күлкісіндей,
арсыздау, алаяқтау жүр пішінде.
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу