Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  115


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Өмірі-ай адамдардың аласұрған,
Тағдырға бересің көп, аласыңнан.
бірге тумақ болғанмен, өлмек жалқы,
Кезіксе, бақыттысың, жанашыр жан.
Күлгенің, жылағаның бұл өмірде
Күресің, арпалысың, тілегің де –
қызық боп көрінеді,
тірі адамға
басқаша бұл ғұмырды, сүрерің не!?
Қияннан бақ тапсаң да қиырдағы,
Жетектеп, жүгірткенмен тиын қамы,
Бес күндік тіршілікпен қоштасарда
бір құлаш бөз ғой жанға бұйырмағы.
Қалады соңыңда сөз жақсы-жаман,
Басылар көбік – кеудең, қасқыр – аран.
Ұмытар жылай-жылай қимасың да
қол созып, қиындықта бас құраған.
Ақылың, айла-шарғың, мансабыңнан
қайыр жоқ, ажал келсе,
қанша құрбан
өтсе де, жер қойыны тойған емес,
бездіріп кеудеңдегі жан-сағымнан.
Кім келіп бұл өмірге, кім кетпеген?!.
Кімдер жанын үлде мен бүлде етпеген?!
Әркімнің өз ырзығы, несібесі:
Бірі – сөз, бірі – ісін тізбектеген.
Тіршілікте талайды жылатты күз.
Мықтылар да сүрініп, құлапты құз.
Басқаларды білмеймін, ал ақындар
армандауға келетін сияқтымыз.
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу