Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  155


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Тамаша күндер болсайшы, мүлде
қайғысыз, өкпе- қақпасыз.
Риясыз көңіл толсайшы бірде
әрекеттерге ноқтасыз.
Қорқыныш та жоқ, қымсыну да кем
жарқылдап тұрса көңілдер.
Тіршілік деген құлшыну дер ем,
Ұмсынып бір сәт көріңдер!
Жауласпақ тұрмақ, аяқтан шалмай,
дос болар ма еді жан біткен?
Өмірің – жарық таратқан шамдай,
болмаса қайғың жанды үккен.
Ұры-қарының аты өшсе мәңгі,
есіктер болса құлыпсыз,
көздеріндегі еті өскен қанды,
жөнделсе тентек құрықсыз.
Істерің бітсе, ойға алып жүрген
болмай-ақ таныс - тамырың.
Бастықтардың да жайдары күлген
түйсігі болса бәрінің.
Ақжарқын сөздер, қайда да барсаң,
Шуағын шашып көз көрген
қарсы алса сені...
аймалар болса
жаныңды жұмсақ сөздермен.
Осылай болса, тіршілік - шіркін
қызықтау әлде болмас па!?
Туатын тулап, тұншығып күлкің -
Тілектер мүмкін, жанбас та.
Шылқыған бақта шырқауым қанбай...
болса да бәрі керемет!
Іренжуге де сылтауың болмай,
Ішіміз пысып өлер ек!?
Кереметі мен кермегі – күлшем!
Бір күнім – шаттық, бірі – мұң,
Не жетсін, сірә, тең көріп жүрсең,
өмірдің ыстық, суығын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу