Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  154


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Мылтықсыз майданда бұл өмір дейтін,
Кигенше көрік кеудең өлім кейпін,
әлді мен әлсіздердің таласында
жан болам деме мәңгі жеңілмейтін.
Қайғыны, қуанышты өңгеріп тең
Жан бар ма жүрер алыс пенделіктен?
Мылтықсыз майданда бұл өмір дейтін
Жеңсем деп үміттенер пенде біткен.
Бой ұрып өзім деген қараулыққа,
Түкіріп қарайтұғын адалдыққа
жандарға тек жеңіске бас иетін
түк емес сатқындық та, арамдық та!
Көзіне ілмей жұртты маңайдағы,
Білетін жеңісте деп арай-бағы,
Кемітіп жығылғанды, жүдегенді
Кердеңдеп жүргендердің сол – айғағы.
Нан пісіп кеудесіне барша мықты
тілегі - өз биігі болса құтты.
Жеңгендер қанша болса бұл тірлікте
болады жеңілген де соншалықты.
Жаны - мұң жеңілгеннің, күні – қараң,
(Белгілі бесенеден сыры маған.)
Төріңнен төгілмесе үміт – шуақ,
төбеңнен сүйек алып ұры, надан,
Жыртқанда жағаңды өмір,
жаныңды үгіп,
жұбатар жан кезікпей, халің біліп,
Жүрегің жырым – жырым болып күйіп,
Шарасыз мүжілерсің, әлің құрып.
Жеңілген жандардың бұл күйінішіБолады жеңгендердің сүйініші.
Жүреді масаттанып, марқайып бір,
орамға келгендей боп қиын ісі.
Тірлікте жоғың да мұң, барың да мұң,
Сезінеп жүрген кім бар жан ырғағын?!
Білмеймін өз жеңісім аз болды ма,
әйтеуір жеңілгендер жағындамын.
Тағдырың танытса да талыс қабақ,
Секілді жеңілу де - нағыз сабақ,
Жандарды жеңіліс тапқан тіршіліктен
жүремін жебегенді парыз санап!
Бой бермей өмірдегі уайым – дауға
өзіңді, жетелей бер, ойыңды алға!
Мен үшін жеңгендерге қарағанда -
Мықтырақ жеңілгенін мойындау да!
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу