Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  110


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Сыршыл кеудемнің мұңын ұғатын
жан тапсам еді – мұратым.
Боздаумен келе жатыр ғой
төбемнен төнген бұла Күн!
Қобыз - көңілдің сазын еститін
жан кәне,
“нағыз дос” дейтін?
қажыдым, талай талқысы қысқан
тағдырдың көріп қош кейпін.
Тулаған шақта жүректен ізгі өлең,
Түсінер біреу іздегем.
Ғажайып ғұмыр ғайыптан сыйлап
Жан бар ма?
Ғашықпыз дейтін біз деген.
Сағыныштарым жанымда егілер,
бәрін де менше сезінер
жан бар ма?
Жалғыздығының жалауы қылып -
аңсаумен бірді көз ілер?
Тілегін тылсым түнге өрген,
күрсінісі көп күндермен,
Жан бар ма сүрініп қалып,
адасып барып мұңға ерген?!
Тоңдырған сәтте тажал - қара түн
қорған боп жаяр қанатын
жан бар ма?
Тұрлаусыз тағдырыма менің
сына қағатын.
Жан бар ма?
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу