Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  99


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Саған да жетер, маған да
құшағы шексіз ғаламда
біріне бірі жауыққан
Не жетпейді осы адамға?!
Тіршілік – күндік сүрнікпе
тойымсыз көңіл бір нүкте.
Армансыз, мұңсыз жандар-ай,
арбасқан бес күн тірлікте.
Ұғынбай қонақ екенін,
Ұлықтап құлқын – нөкерін,
Аспанның астын тар көріп,
әрқайсы тілер жеке Күн!
Аранға жалдап - жал, күші,
Демінде - дуа, қарғысы.
Шамасы жетсе, меншіктеп
келетін құдайды алғысы.
Адамдар, қайран, адамдар,
Адамдығыңа болам зар!
Тақтың да құны – көк тиын!
Тапталып жатса табанда – Ар.
Кедейі байға талпынған,
Байлары сараң, салқын қан
әділеті тұл қоғамда
удан да зәрлі бал тұнбаң.
Жетсе де саған, маған күн!
Кеңдігі аздай даламның.
Жойылмақ емес жауласу
Құлқыны барда адамның.
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу