27.02.2022
  487


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ШЫНАШАҚТАЙ ШЫМЫРБЕК ПЕН НҰРЖАН

 


Нұржан жиі ауырушы еді. Оның папасы мен мамасы күнде ерте тұрып, жұмысқа кететін. Мамасы кетер алдында Нұржанға ұзын-сонар ескертулерді әрдайым қайталап айта беретін әдеті бар-тын.



  • Далаға желең кетіп жүрме!
  • Терезені ашып қойма, суықтап қаласың!
  • Сыртқа шықсаң, қалың киін!

 



  • Бөкебайды мойныңа мықтап орап ал!
  • Көшеде көп жүріп қалма!

Осы секілді шектеу мен тыйым сөздерге Нұржаннның бойы үйреніп кетіп еді. Ол шешесінің сөздерін бұлжытпай орындайтын. Бірақ соған


қарамастан жиі-жиі ауыра беретін.


Кішкене үстелдің үсті босаған сауыт пен дәрі қораптарына толды. Ол өз құрбыларының ашық-жарқын ажарларына, көңілді күлкілеріне, асыр


салған ойындарына соншама қызығатын. Солар құсап өзінің еркін асыр сала алмайтынынын ойлағанда, мойнына су кетіп, катты мұңайып қалатын.


Күн артынан күндер өте берді. Нұржан сабаққа бірде барса, бірде бармай қалып жүді. Мұғалім апайы оның бұл халіне үлкен аяушылық білдіріп, қабырғасы қайысты. Үйге бірнеше рет келіп кетті.



  • Қайткенде де емдетіңіздер! Өзі жүдеп болыпты, – деп бәйек болып, тапсырып жатты.

Бірақ емханада емделу Нұржанға бәлендей жеңілдік әкелмеді. Үнемі ұйқысы келіп, басы айналып қала берді. Ынта-ықыласы ылғи жатуға ауып тұратынды шығарды.


Бір күні Нұржан есік алдындағы баспалдақта қалың киініп алып отырған болатын. Көрші үйдің кішкене қызы есік алдында ойнап жүр екен.


Кішкене тұлымшағы желпілдеп, жеңіл қозғалады. Қолындағы допты қақпалдап жерге түсірмей бір ойнаса, енді бірде жерге соғып, секіртіп


ойнатып әкетеді. Күн желең, салқын болса да, жеңіл, ықшам киініп алған. Екі бетінің ұшы қызғылтым нұр шашып, мүлдем ажарланып алған.



  • Нұржан, кел, доп ойнайық!
  • Ауырып отырмын.
  • Доп ойнасаң, жазыласың!
  • Мамам ұрысады ғой.
  • Неге?
  • Ентігіп, терлеп қаласың деп.
  • Ұрыспайды. Қашанғы отыра бересің?
  • Шаршап қаламын. Қойшы, ойнағым келіп тұрған жоқ.
  • Бүгін де сабаққа бармайсың ба?
  • Жоқ, бара алмаймын. Басым ауырып отыр.

Кішкене қыз басын шайқады да, әрі қарай ойнай берді. Өзі мейілінше бір көңілді әуенді ара-тұра айтып қояды. Жас қыздың аты Жанар болатын. Нұржанның үнемі енжар жүргеніне ол іштей ренжитін. Кейде:



  • Өзі нағыз жалқау, еріншек, – деп дауыстап жіберетін. Бірақ бір ретте осы

ойын Нұржанға бетпе-бет айтқан емес-ті. Бір-екі рет айтсам ба деп ойлағаны бар. Артынша: «Қой, өпкелетіп алармын», – деп өз ойынан бас тартты.


Күн артынан күн өте берді. Жанардың ойынан Нұржанның көңілсіз күйі шықпады.


«Қалай етсем екен?»


 


Ол он ойланып, жүз толғанды. 13 қазан күні Нұржанның туған күні болатын. Соған бір естен кетпес жақсы сыйлық дайындауды ойлайды. Бұл бір ерекше сыйлық болуға тиіс.


Жанар дүкеннен пластилин сатып алады.


Демалыс күні болатын. Ол өзінің шағын бөлмесінің есігін ішінен іліп қойды. Жүрегі лүпілдей, қолына түрлі-түсті пластилинді алды да: «Нар тәуекел!» – деп жұмысқа кірісіп кетті...


Нұржан тас жамылып, бүркеніп ұйықтап жатқан. Кенет құлағына


ашылған есіктің еміс-еміс сықырлаған дыбысы жеткендей болды. Әлдекім ақырын басып, бөлмеге еніп келе жатқандай. Бірақ Нұржан басын көтеруге ерінді. Тәтті ұйқы оны қайта арбай бастады. Бір мезетте құлағына көңілді


әннің әуені талып жеткен сықылданды. Нұржан: Өңім бе, түсім бе? – деп самарқау ойланды. Жоқ, өңі екен.


Ол басын шапшаң көтеріп алды.


Бұрыштағы үстелдің үстінде бұған қарап қулана күлімсіреп бір бүйірін таянып, бір қолына доп ұстап, кіп-кішкентай, шынашақтай бала тұр.


Үстіндегі көгілдір мәйкесі мен қызыл түрсиі мүлдем жарасымды-ақ. Кішкене кекілі көзіне түсіп, дөңгелек жүзіне көңілді көрік беріп тұр.


Нұржанның көзі ұясынан шығып кетті. Сасқанынан:



  • Ой, сен кімсің? – деді үрейлене. Шынашақтай бала қолындағы әлеміш

бояулы добын бұлтылдата ойнатып:



  • Менімен шын танысқың келіп тұр ма? – деді көзін сығырайтып.
  • Иә.
  • Онда менің атым – Шымырбек, – деп кішкентай қолын Нұржанға ұсынды.
  • Сені кім жасаған?
  • Жанар.
  • Жанар?! Көрші үйдегі қыз ба?
  • Дәл солай.
  • Не үшін жасаған?
  • Міне, қызық! Бүгін он үшінші қазан – сенің туған күнің емес пе?
  • Иә, солай!
  • Ой, сен бара-бара өз атыңды да ұмытып қаларсың.

Нұржанға осы соңғы сөз шаншудай қадалды. Шымырбек оның жүзіне барлай қарап, сөзін әрі жалғады.



  • Жә, сенің жатуың да, ауруың да жетті. Тұр орныңнан! Нұржан орнынан

қалай атып тұрғанын білмеді.



  • Тез киін!
  • Қайда барамыз?
  • Сыртқа.
  • Сыртта не істейміз?
  • Сені емдеймін.
  • Сен дәрігерсің бе?

 



  • Жоқ. Дәрігер емеспін, бірақ дәрігерден бір кем емеспін.
  • Тағы да укол саласың ба? – Нұржан қорқайын деді. Жара-жара болған

жамбасына қарай қолы қозғала бастады.



  • Жоқ, укол салынбайды.
  • Онда ащы дәрі бересің бе?
  • Бір түйір дәрі ішпейсің.
  • Сонда қалай?
  • Сыртқа шыққан соң көресің.

Нұржан мына шынашақтай баланың әміріне бағынып, ырқына тез көнгенін түсініп үлгермеді.



  • Кеттік!

Шынашақтай Шымырбек Нұржанды ауыл сыртынан ағатын өзеннің жағасына қарай бастап ала жөнелді. Нұржан ентіге бастады.



  • Кішкене демалып ал, – деді. Сәлден соң Шымырбек Нұржанға:
  • Кәне, орныңнан тұр – деп бұйырды. – Ең алдымен бүгінгі емдеуді жүгіруден бастаймыз. Ал, кеттік, – деп шынашақтай бала алға түсіп жүгіре жөнелді.

Жүгіріп келеді, жүгіріп келеді.



  • Асықпа, деміңді дұрыстап ал. – Шымырбек қамқор үнмен бұған қайырыла қарап, тіл қатады.
  • Шымырбек, терлеп кеттім, – деді Нұржан ентігіп.
  • Тер шықса, жақсы болады дей бер, жүгірісің жеңілдейді.

Нұржан жүгіріп келеді. Шымырбек кішкентай болса да бір қалыптан танар емес.



  • Денеңді еркін ұста!

Өзен бойымен жіңішке жіптей болып созылған жалғыз аяқ жолмен Шымырбек қалыпты екпінмен жүгіріп барады. Анда-санда Нұржанға


күлімсіреп қарап қояды. Нұржан көңілдене бастады. Бойы сергіп, тынысы кеңіп, денесі жеңілдене бастағандай. Айналасына сүйсіне көз тастады.


Жалғыз аяқ соқпақ та біртүрлі әдемі көрінді. Бұталар да, талдар да, жеке- жарым шонғал тастар да бұған әрі қызыға, әрі қызғана қарайтындай. Олар өздерінің Нұржан құсап жүгіре алмайтынына өкінетін тәрізді.



  • Түу, жүгірген қандай жақсы! – Нұржан ашық-жарқын үнмен үн қатты.
  • Әрине, жақсы! – Шымырбек ақсия күлді.
  • Шымырбек!
  • Әу.
  • Сені қуып жетейін бе?
  • Жете ғой!
  • Қойшы! Қатты жүгіргім келмейді.
  • Неге?

Нұржанның тілінің ұшына әлдебір көңілді сөздер үйіріле бастаған секілді.


 



  • Сені қуып жетіп, басып озсам, аяғымның астында тапталып қала ма деп

қорқамын, – деді де, Нұржан қарқылдай күлді. Шымырбек те қалжыңға оң иығын беріп тұр екен.



  • Нұржан.
  • Әу.
  • Осы сен мені қуып жете алмайсың -ау деп қорқамын.
  • Шындасам, жететін шығармын.
  • Әй, жетемін деп жамбасың қирап қалып жүрер. Екеуі қосыла күлді.

Нұржан жүгіріп барады, жүгіріп барады. Дүниенің бәрі бұған күле, қуана қарайды. Жол бойында әр тұстан әсемдене, сәндене бой көрсеткен неше алуан гүлдер қандай әдемі десейші!



  • Нұржан! Нұржан!
  • Әу!
  • Ауруың қайда?
  • Ауылда қалған.
  • Дәрің қайда?
  • Үйде қалған.
  • Жалқаулығың қайда?
  • Мамамда қалған.

Екеуі жүгіріп барады, жүгіріп барады.


Жанар аулада қызыл ала добын секіртіп ойнап жүр. Елгезек доппен еркелескен көңілді ән еріксіз еліктіріп әкеткендей.


Добым, добым домалақ, Зырла, жүгір домалап.


Ойнамаған сенімен Нұржандарға обал-ақ.


Нұржан мен Шымырбек екеуі көгілдір тауды бетке алып, көзден әлдеқашан ұзап кеткен.


Жүгіріп барады, жүгіріп барады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу