27.02.2022
  242


Автор: Пернебай Дүйсенбин

САРЫ СӨМКЕ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДОСТАРЫ

1


Мұның өзі өте әдемі, ерекше сұлу Сөмке еді. Өзінің түсі де ашық, ұясынан жаңа көтерілген сап-сары Күн секілді-тін. Сыртына салынған бояулы суреттері көздің жауын алады.


Расында да, алуан түске құлпырта бояған Допты алдына салып, қуалай теуіп бара жатқан кішкене сүйкімді Қонжық жүрегіңді еріксіз елжіретеді. Қос құлағы қалқайып, күлім қаққан көзінде қаншама мейірім тұнып тұр десейші. Допты шиыра тепкеніне, тегі, өзі ерекше риза болса керек. Тап осындай Сары


 


Сөмке мектепке алғаш барғысы келген қай балаға болса да үлкен қуаныш әкелмей ме?!


Сары бояулы сұлу Сөмке қаладағы қоймадан ауылдағы дүкенге,


машинамен кешке қарай келіп түсті. Сатушы қыз оны әкеліп төрдегі сөренің жоғарғы жағына қойды.


Ол түні бойы қараңғы дүкенде өз-өзінен тыпыршып, дөңбекшіп, еш тыныш жата алмады. Ертең таң азаннан ашылған дүкенге лап қойған


жұрттың көзі өзіне бірінші болып түсетінін ол алдын ала болжап үлгерген еді. «Қандай балаға тап болар екенмін?» – деп ойлаған Сары Сөмке сонау


фабрика ауласында достасқан Қонжық аюға өз сырын айтуға оқталды. Бұған дейін екеуі бірімен-бірі әлі тілдесіп көрген емес-ті. Бірақ кішкене Қонжық өз иесі – Сары Сөмкемен тап осылай пікірлесем деп ойлаған да жоқ болатын.


Ал ертең екеуінің, екеу емес-ау, Доп үшеуінің тағдыры «ақылды» деген Адамның қолына біржола өтетін күн ғой.



  • Қонжық, әй Қонжық! – Тас қараңғыда тура құлағының түбінен естілген


дыбыстан Қоңыр Қонжық селк ете түсті. Ол Сары Сөмке тап бұлай сөйлеп қоя береді деп еш күтпесе керек. Көзіндегі күлкінің ұшқыны сөніп,


ыңғайсызданып қалған Қонжық:



  • Немене, жәй ма? – деді дауысы дірілдеп.

  • Мен сені ұйықтап қалған екен ғой десем... – Көңілдене сөйлеген Сары


Сөмке сөзін әрі жалғады: – Қандай баланың қолына тап болар екенбіз, ә?



  • Қайдам?

  • Мен, неге екенін білмеймін, тіпті тынши алар емеспін. Бағанадан бері


өзімді қанша қыштасам да ұйқым келер емес, – деді Сары Сөмке.


Мұңаюды білмейтін Қоңыр Қонжық осы бір сәтте ғана кәдімгідей ойланып қалды. Бір кезде сықылық-сықылық етіп күле сөйлеген дауыс екеуінің көңілін аударып әкетті. Сөйтсе Доп екен.



  • Маған бәрібір. Сендер қорықсаңдар қорқа беріңдер. Мен өзім қорықпаймын! – деді ол батылдық танытып.

  • Е, неге? – Екеуі қосарлана сұрады.

  • Маған бәрібір!

  • Неге бәрібір?

  • Мен үшін жақсы бала да бір, жаман бала да бір.

  • Жоқ, сен олай деме, достым Доп! Ал, жарайды, өзі тентек, өзі салақ баланың қолына түстің дейік. Бір айға толмай жатып-ақ бет-аузымызды шимайлап, сатпақ-сатпақ кір болып жатсақ, оның несі жақсы?


Доп тағы күлді:



  • Жоқ, әншейін әзілдегенім ғой. Тіпті мына қараңғыда ішіп пысып кетті.


Сендер бір сөйлеп қалсын дегенім ғой. Мына Қоңыр Қонжық болса жалқауси бастады. Өзі ұйқыға тым құмар болып бара жатыр, – деп кішкене аюды бүйірден бір нұқып өтті.


 



  • Е, онда дұрыс, – деді Сары Сөмке сабырлы қалыпта асықпай.


Қоңыр Қонжық Сары Сөмкенің жоғарғы бұрышына барып тұра қалған Допқа жымия қарады да, жұдырығын түйіп қойды. Ойыншыл Доп оған


қарап, аузын қисаң еткізді. Осы сәтте ойын тілеп тұрған Қонжық қорбаң етіп, ұмтыла түсті де, Сөмкенің бетімен оны шыр айналдырып қуалай жөнелді.



  • Иә, ұстарсың! Саған шаңымды көрсетсем бе осыдан! – Сықылық-


сықылық етіп, жоғарыдан төменге, төменнен жоғарыға, оңды-солды қашқан ойыншыл Доп Қоңыр Қонжыққа қарасын көрсетер емес. Сары Сөмке


екеуінің ойынын қызықтап күліп тұр.



  • Әйтеуір, сені ұстамай қоймаймын, – деп Қоңыр Қонжық Доптың соңынан сонда да қорбалаңдап қалар емес.


Екеуінің ойынын біраз қызықтаған Сары Сөмке олардың жуық арада тоқтай қояр түрі жоқ екенін аңғарды. Біраздан кейін ол:



  • Жә, жетер енді! Тынышталыңдар! Келмей жатып айқай-шуға басқанымыз өзгелерден ұят болар, – деп екеуін тәртіпке шақырды.


Қоңыр Қонжық пен ойыншыл Доп айыздары әбден қанған болу керек, жүгіріп-жүгіріп барып, өз орындарына тұра-тұра қалысты. Екеуінің де


жүздерінен Сары Сөмкеге деген ыстық ықыластың табы аңғарылады. Бір- бірімен алғаш рет тілдесіп, сөйлескен күні-ақ екеуіне қамқор көзбен қарап, еркелете ойнатқанына дән риза.


Шаршаған екеуі тез арада ұйықтап кетті.


Сары Сөмке біразға дейін толқулы халде болды. Ол ертеңгі күнді мазасыздықпен ойлап, аунақшып біраз жатты.


Әрне, оған ойламасқа да болмайтын еді. Қанша дегенмен Сары Сөмке екеуінің ағасы секілді емес пе?!


Ол қалғи бастады. Бүйірлері де аздап ауырып қалған тәрізді. «Антұрған мына екі тентек те біраз асыр салып тастаған екен-ау», – деп жымиып қойып, бір бүйіріне аунап түсті...


Сары Сөмке түс көрді.


Кекілі желмен желкілдеген әп-әдемі, көз жанары жарқ-жұрқ еткен бір сүйкімді бала мұны қолына ұстап, көкке көтере айғайлап, алға жүгіріп бара жатты.



  • Сөмкемді қараңдаршы. Өзі сондай әдемі! Іші толған кіл «Бестік!»

  • Кәне-кәне!

  • Міне, міне! – Әлгі бала кілт тоқтады да, мұның аузын төмен қарай төңкере салды. Міне, ғажап! Осы кезде ол өз көзіне өзі сенбеді. Кілең бір әп- әдемі, қып-қызыл «Бестіктер» көк шалғынның үстімен қаптай жарысып мәз- мейрам болып, шапқылап бара жатты.


Бұдан соң түс кілт үзілді де, Сары Сөмкенің құлағына әлдекімдердің сыбырласқан, күбірлескен үндері жеткендей болды.


«Бұлар кімдер?» – Ұйқылы-ояу жатып, бір сәтке селк еткен Сары


Сөмке тың тыңдап еді, әлгі әлсіз естілгендей болған дыбыстар жым болды.


Ол тез арада қайта қалғып кетті.


2


Сары Сөмке қателескен жоқ еді. Сөренің қарсы бетінде жатқан Бояу


 


Қарындаштар мынау Сары Сөмке, Қоңыр Қонжық, Ойыншыл Доп – үшеуінің сырына әбден қанған-ды. Тар қорапқа тығылысқан Бояу Қарындаштар


олардың әңгімесін естіген соң үлкен ойға қалды. Бағана олар ойнап жатқан


кезде бұлар үн-түнсіз жатып, бірін-бірі бүйірден түртісіп қалып еді. Олардың әңгімелері мен сықылықтай ойнап жүргендегі дыбыстарын тыныс тарта тыңдап, ұзақ жатқан. Әсіресе Қызыл Қарындаш булыға сыбырлап, сыртқа шығуға сонша талпынды. Амал нешік, тар қорап алтауын тыпыр еткізбей


қойды.


Сары Қарындаш тістеніп:



  • Қап, ең болмаса ана Қоңыр Қонжық пен Доптың ойынын көре алмадық-


ау! –деп кәдімгідей қиналды.


Көк Қарындаш өкпелей сөйледі:



  • Алты айдың жүзі болды, әлі жарық дүние көргеніміз жоқ, – деп күңк етті


де, бір бүйіріне қарай қысылыса аунап түсті.


Жасыл Қарындаш тосын ой айтты:



  • Қайдан шықса одан шықсын, алтауымыз қосылып, қорапты сыртқа қарай


итерсек қайтеді?..


Қызыл Қарындаш мырс етіп күлді де:



  • Қайдан итересің, басыңды да, аяғыңды да сірестіріп бітеп тастаған, – деп,


ол әрекеттен ештеңе шықпайтынын ескертті.



  • Тіпті титтей де саңылаудың жоқ болуын қарашы, әбден тұншығып- ақ


құритын болдық, – деп жарық күнге құмар Сары Қарындаш қатты қынжылды.


Қара Қарындаш көп сөйлегенді онша ұната бермей-тін. Мінезі де


сондай салмақты. Ол бағанадан бері ой үстінде жатқан. Сары Сөмкені ерекше ұнатып, сонымен достасуды армандады. Кейбір жалқау, тентек балалардың


Қара Қарындаш пен Қоңыр Қарындашты қалай болса солай бастарын тістелеп, аяқ астына лақтырып тастай салатын жаман әдеттерін бұрында сырт әңгімеден есітген. Сондықтан да Сары Сөмкенің ойы ә дегеннен-ақ мұның


көкейіне қона кеткен. Осы сәт ол бар пәрменінше: «Сары Сөмке! Бізді өз


қасыңа алшы. Сенімен біздің дос болғымыз келеді!» – деп айғайлап жібергісі келді. Бірақ өзге серіктері мұның бұл ойын құп көрсе ғой. Қатарындағы


Қоңыр Қарындашқа сыбырлап еді, ол қуанып қалды.



  • Тіпті жақсы! Ойың тамаша екен! – деп қызу қостады. Өзге қарындаштар


да елеңдесіп:



  • Ол не?

  • Ол не? – десіп қалды. Қоңыр Қарындаш толқуын жасыра алмаған күйі:

  • Анау Сары Сөмкемен достассақ қайтеді дейді. Меніңше, мұнысы


 


табылған ақыл сияқты, – деді.



  • Өте орынды!

  • Тіпті тамаша болар еді! – Сары Қарындаш күдігін жасырмады.

  • Ал жалқаудың қолына түсіп қалсақ қайтеміз? – деді.

  • Тәуекел етеміз де! Қашанғы жата берейік! – Көк Қарындаш шешімін кесіп айты.

  • Сонда Сары Сөмкенің қасына қалай барамыз? – деді Жасыл Қарындаш


баяу сөйлеп.



  • Қайдам?!

  • Қайдам?!


Бір орнынан екінші орынға ауысып көшу бұлар үшін дүниедегі қиынның қиыны болды. Барлығы әрі ойланды, бері ойланды, бірақ еш


нәтиже шығара алмады. Біртүрлі мұңайысқан халде тар қорапта қысылып ұзақ жатты. Қанша дауыстап қосыла айқайлағылары келгенмен тар қорап бұларды онсыз да тұншықтырып, көміп тастайды. Әрі Сары Сөмкенің бұлардың ұсынысын бірден қабылдап, құп ала қоюы да екіталай ғой. Бұрын танысып, жолығысса бірсәрі. Олар мұны ойлағанда едәуір абыржып қалды.


«Енді не істейміз?»


3


Бұлардың қатарында сурет салуға арналған Альбом жатыр еді. Ол да бағанадан бері дүкен ішінде болып жатқан мынау ғажайып оқиғаларға


қайран қалып көз ілмеп еді.


Бояу Қарындаштардың бүгінгі тосын мінездеріне қатты таңданды.


Жасыратыны жоқ, Альбом оларға алғашында кәдімгідей өкпеледі.


Өкпелемей қайтсін, көптен бері көршілес, іргелес жатқанда бұған бір ауыз тіл қатып, сырларын айтпапты. «Тіпті, бірімізсіз біріміздің өміріміз қызықсыз болатынын неге ойламайды екен, ә?» – деп іштей налыды. «Мені тастап, күні бүгін келіп түскен Сары Сөмкеге құшақ жая ұмтылғандары тіптен ұят қой».


Альбомның бойын қызғаныш оты өртеді. Ол сол бұртиған қалпы, теріс қарап, көпке дейін үндей қоймады.


Дегенмен де мынау тосын оқиға біраздан соң бұған өзгеше ой салайын деді. Өзіне өзі келген соң, ол таққан кінәсінің орынды-орынсыз екеніне ой


жүгіртті. Ең соңында басты кінә өзінде екенін мойындады. «Бар бәле өзімде, баяғыдан бері тіл қатып, қамқор көзбен қарасам, олар тап бұлай жасамас еді- ау. Және де бұлар дүкенге менен көп кейін келіп түсті емес пе? Сонда меің жасаған үлкендігім, қамқорлығым қайда?!» – деп ең соңында ой қорытты.


Бірақ өзінен көп кіші Қарындаштар алдында күнәсін мойындап, кешірім


сұрауға келгенде кежегесі кейін тартып, жалған намыс жетегінен ұзап шыға алмады.


Жалпы, Сары Сөмкені өзі де іштей жек көріп жатқан жоқ. «Ақкөңіл әрі ақылды мұндай Сөмке бүкіл әлемде біреу-ақ шығар!» деп қиялдай ойлаған ол қарсы беттегі сөре жаққа көз салды.


«Өзінің мінезі тым жақсы, тіпті соншама кішіпейіл. Қоңыр Қонжық пен


 


Ойыншыл Доптың соншама еркелігін көтеру де оңай шаруа емес. Қандай мейірімді! Дегенмен, өздері соншама тату тұрады екен!» – деп сүйсіне ойлаған ол көпке шейін тәтті сезім құшағында жатты. Бір кезде жарқ еткен ой Ақ Альбомды өз нұрына бөледі. «Апыр-ау, мен неге Бояулы


Қарындашпен достаспаймын. Әй, осы мінезім-ай! Тура аузымды буып тастағандай болмай, соларға бір ауыз жылы лебіз білдіріп, тіл қатсам, басымдағы бағым тая ма?»


Қиналған Ақ Альбом өзіне тақау, бұйыға түсіп, ұйқыға кеткен Бояу Қарындаштарға қамқор көзбен алғаш рет елжірей қарады... Бұдан кейін


қарсы беттегі сөреде тұрған Сары Сөмкеге көз салды. Бояулы Қарындаштар секілді оның қатарына қарай барудың жолын ойлады.


Ақ Альбомды Сары Сөмкенің нағыз досы болуға жарайтын, сенімді серік


екеніне шүбәсіз сенген. Оның асыл қасиетін ойлағанда, оған деген сезімдегі құрмет шексіз арта түскен еді.


« Сөмкенің қасына қалай барсам екен, ә? Қой, болмас, мыналармен ақылдасайын», – деген шешімге келді.


Бірақ ол Бояу Қарындаштардың ұйқысын қимай біраз тұрып қалды...


4


Мұқабасы жалтырап, әсем суреттермен безендірілген Әліппе дүкен ішінде болып жатқан барлық әңгіменің мән-жайына толық қанған еді. Ол тап бүгінгідей бір ғажап оқиғаның болатынын бағанадан-ақ сезгендей болған.


Сатушы қыздың қолындағы Сары Сөмке сөренің шеткі жағында тұрған мұны сүйкей барып, қарсы бетке орналасқанда, Әліппенің бойы дір ете қалған. Өзі- өзінен қуанып, көптен күткен досына жолыққандай жымия күліп еді. Сары


Сөмкеге алғашқы бетте-ақ тіл қатуға оқталып-оқталып барып қайтқан. Бірақ туғалы әдептің ала жібін аттамаған Әліппе сәтті кезеңді күтіп қалған. Ол өзінің Сары Сөмкемен етене танысып, түбі біржола достасып кететіндігіне, неге екені белгісіз, біртүрлі сенімді болды. Соның ішінен өзі болашақта


алғаш орын алатынына шек келтірген жоқ. Ақылды Сөмкемен достасудың өзі неге тұрады! «Тегі ондай Сөмке алып жүрген баланың жалқау, сотанақ, салақ болуы мүмкін емес қой», – деп нық сеніммен ойлаған Әліппе ай


жарығымен көзге айқын шалынған Сөмкеге қарады. Күлім көзді Қоңыр


Қонжық бұған қарап көз қысқандай болды. «Қарай көр өзін, жымыңдауын!»



  • деп Әліппе сәл-пәл дауыстап жіберіп еді, Қоңыр Қонжық бұған жалт бұрылып:

    • Әй, неге тыныш жатпайсың? – деді. Бірақ үні жұмсақ. Мұнымен тап осы




сәтте-ақ ойнағысы келіп тұрған секілді. Әліппе бойын тіктеп сыбырлай сөйледі.



  • Ақырын сөйле! Сөмке оянып кетіп жүрер, – деді.

  • Иә, оның да дұрыс, қанша дегенмен өзі әбден шаршады, білем.

  • Сен неге ерте оянып кеттің?

  • Ей, мына бір айдың сәулесі көзіме шақырайып... таң атып қалған екен десем... – Қоңыр Қонжық терезеге қарап қойып, керіле есінеді. Содан соң:

  • Қой, ұйықтайық енді, – деп көзін жұмды.


 


Әліппе Қонжықпен тілдескеніне қуанып қалса да, оның «Қой, ұйықтайық» дегенін онша қаламады.


Ол қайткен күнде де біраз әңгімелессем деген ойда еді. Қатарында


жатқан Ақ Альбом мен Бояу Қарындаштардың оянғанын сезді ме, бір батыл іске бел байлады.



  • Қонжық десе, әй, Қонжық?!

  • Не?

  • Ұйқың келді ме?

  • Иә.

  • Мен саған бірдеңе айтайын ба?

  • Ол не?

  • Ренжімейсің бе?

  • Жоқ, ренжімеймін.

  • Менің сенімен достасқым келеді. Оған қалай қарайсың?

  • Менің де достасқым келеді. – Қонжық көтеріңкі үнмен сөйледі. Әліппе:

  • Онда үлкен рақмет! Бірақ, сәл ақырын сөйлеші! Сары Сөмке шаршады


ғой, кішкене ұйықтасын, – деді.



  • Жарайды, саған да рақмет!


Ақ Альбом мен Бояу Қарындаштар қозғалақтап қалды. Әліппе дауысын кенеп қойды да, тағы былай деді:



  • Қонжық десе?

  • Ау!

  • Ұйқың келді ме?

  • Онша емес.

  • Мен саған тағы бірдеңе айтайын ба?

  • Ол не?

  • Ренжімейсің бе?

  • Жоқ, ренжімеймін.

  • Менің достарымның да сенімен достасқысы келеді. Оған қалай қарайсың?

  • Олар кімдер?

  • Ақ Альбом мен Бояу Қарындаштар.

  • Неге достаспасқа?! Әбден болады!

  • Рақмет!

  • Саған да рақмет!


Әліппенің қатарындағы серіктері мәз болып қалды. Оның аса қамқор пейіліне шынайы ризашылық білдірді. Ақылды Әліппе ойға алғанын жүзеге асырмайынша тыншу табар емес. Біраз сабыр тауып жатты да, әңгімені қайта бастады.



  • Қонжық десе?

  • Әу!

  • Ұйқың келді ме?

  • Онша емес.


 



  • Мен саған бірдеңе айтайын ба?

  • Ол не?

  • Ренжімейсің ғой?!

  • Жоқ, ренжімеймін, – деп Қонжық күле жауап берді.

  • Әй, қайдам-ау? – Әліппе әдейі дүдәмал үнмен сөйледі. Қонжықпен әзілдесудің өзі оған ерекше ләззат-ты.

  • О, неге? Ренжімеймін! Мінеки, шыным, – деп, алдыңғы аяғымен жүрек


тұсын басты.



  • Сен секіре аласың ба?

  • Неге секірмеймін. Анау-мынау жерлеріңнен тоқтамай өте беремін.

  • Шының ба?

  • Шыным.

  • Ендеше біз жаққа секіріп өте аласың ба?

  • Пәлі, сол да сөз болып па! Қазір-ақ көрсетейін қалай секіретінімді.

  • Ал көрсетші, қане!

  • Е, несі бар! – Ол Сөмкенің бетінен лып етіп сөреге түсті де, Әліппе тұрған қарсы бетке қарай секіруге ыңғайланды.

  • Маңында сынатын ешнәрсе жоқ па?

  • Жоқ.

  • Әуп! – Қоңыр Қонжық оның қасына дік ете қалды.

  • Жарайсың, батырым! Ал әрі қарай біздерді алып өте аласың ба?

  • Сол да сөз болып па! Мен қазір-ақ...


5


Сары Сөмке таңертең дүкен есігі салдыр-гүлдір етіп ашылғанда, селк етіп, оянып кетті.


Мәссаған! Мына ғажапты қара! Әсем Әліппе оң бүйірін бұған төсей, сүйене тұрып қалыпты.


Сол жақ қанатына Ақ Альбом жайғасыпты. Қораптардан бастарын сәл- пәл қылтитып, жымың-жымың етіскен Бояу Қарындаштар да жақындап келіп орналасыпты.


Қоңыр Қонжық көзін ашар емес. Допқа басын сүйеп қойып, қорылдап тұрып ұйқыны соғып жатыр. Сары Сөмке оған жымия қарап қойды да


«Мыналардың бәрін істеп жүрген сенсің-ау, ә?! Шіркін, Қоңыр Қонжығым- ай, сенің дос көңіліңді былайғылардың бәрі түсіне білсе ғой!»


Қоңыр Қонжықты арқаға қағып, танауынан шертіп жіберді де:



  • Ой, Қонжық, Қонжық, тұр, ұят болады! Адамдар келе жатыр, тез орныңа


бар.


Қонжық көзін уқалай салып, атып тұрды. Тұрған бетте Допты тарс


еткізіп бір теуіп, орнына жіберді. Өзі қос құлағы қалқиып, қоңырқай көзі күлімдеп, аяғын көкке көтерген қалпы қаздия қалды.


Сары Сөмке де бойын тез жиып, сыпайы қалыпқа түсті. Қоңыр


Қонжыққа көз салып еді, көзінде бөлекше бір қуаныш жарқылы ойнайды.


 


«Жарайсың, Қонжығым!» Сан құбылған бояулы бүйірін есіктен түскен мол сәулеге сүйдіріп, еркетотай Доп та әуелей қалқып тұра қалыпты.


Сары Сөмке жымың етті де, есік жаққа назар салды. «Кім келер екен?» Дүкенге алдымен ақ жібек көйлек киген кешегі сатушы қыз енді.


«Жалпы өзі сүйкімді қыз! Кеше мені қаладағы қоймадан алып жатып:


«Ой, Сары Сөмке, аман ба? Қарай көр өзін, тасаға тығылып, жалғыз


жатысын. Міне, қызық, мына аюды қарай көр! Көзін-ай өзінің!» – деп, Қоңыр Қонжықтың басынан жұп-жұмсақ қолымен еркелете сипап қойды. Содан соң:


«Жоқ, бауырым, бұл жатыс болмайды! Мен сендерді ауылға әкетейін», – деп Сары Сөмкені бауынан лып еткізіп көтеріп алды да, машинаға салды.


Сары Сөмкенің сонда-ақ сатушы қызға алғысын айтқысы келген. Бірақ адамдардың барлығы бірдей бұлардың тілін түсіне бермейтінін ойлады.


Дегенмен де мына қызды Сары Сөмке ерекше ұнатып қалды. Машинаның шофері алды-артын абайламай сөйлейтін біреу болу керек: «Болсайшы енді, о заманда бұ заман, жансыз затпен сөйлескен сені көрдім», – деп кеңк-кеңк


күлді де, есігін тарс жауып, қозғалып кетті. «Қап, әлгі қызға жаңағы сөз ауыр тиді-ау!» – деп Сары Сөмке біртүрлі ренжіп қалды.


Өткен күнді бір сәтке ойлап кеткен Сары Сөмке ішке кірген ақ сақалды қарияны көрді.



  • Иә, аман ба, балам! – Ақ жібек көйлекті сатушы қыз қартпен жарқын амандасты. Қарт кірген бетте кітап, ойыншық, басқа түрлі заттар тұрған ұзын сөрелерге сүзіле қарады. Сатушы қыз да қария не дер екен дегендей оның


жүзіне барлай көз салып тұрды.


Бір кезде қуанып кеткен қарт қолындағы тобылғы сапты қамшысымен етігінің қонышын сарт еткізіп, қатты дауыстап жіберді.



  • Мына құдайдың жарылқауын қараңыз! Түһ, көктен іздегенім жерден табылған жоқ па!


Сары сөмке ә дегенде қарттың неге қуанғанына түсінбей қалды. Қас қағым сәтте қасына жетіп келген қария күнге күйген тарамысты қолымен мұны ұстай алды.



  • Үйде бір жаман тентек немерем бар еді. Соның арман еткені тап осындай


бір сөмке еді. Құдай-ай, қандай жақсы болды!


Қарт қанша риза болғанмен, Сары Сөмке тап бұл сәтте онша қуана


қойған жоқ-ты. Бейтаныс қарттың өзіне деген ыстық ықыласына алғашында көңілі қатты тасып еді, артынша-ақ бұл қуанышының су сепкендей


басылғаны. Әсіресе әлгі кісінің соңғы сөзінен бойы тіксініп қалды. «Жаман тентек!» деген үрейлі сөз құлағының ішінде бал арасындай тұрып алды.


Сары Сөмке өз басымен қайғы болып кетті. Қоңыр Қонжықтың


қорыққаннан тілі байланып қалған секілді. «Енді не істедік?» – Сары Сөмкеге сыбырлап еді, ол үрейден әлі айныға алмаған екен. Доп қорыққанынан бір бұрышқа бұғып қалыпты.


Қарт қолында кетіп бара жатқан Сары Сөмке, Әліппеге, Ақ Альбомға, Бояу Қарындаштарға қимастықпен қарады. Іштей қынжылып: «Қап, мына


 


шалды-ай! Жаңа табысқан достарымыздан мәңгіге айырды-ау!» – деп өзін қоярға жер таба алмай бара жатты.


Олардың жүзіне көз салып еді, барлығы да жылаудың сәл-ақ алдында екен. Тіпті анау екеуінен көп төмен жатқан Бояу Қарындаштың күрсіне


қозғалып қалғанын анық естіді. «Қайран достар-ай!» – деп Сары Сөмке іштей қынжыла тіл қатты. Қоңыр Қонжық көзінің алдына дір етіп тұра қалған


ыстық жасты сығып жібергенде, ағаш еденге тырс ете түсті. Ол сол сәтте ең соңғы үмітпен, жалынышты жүзбен сатушы қызға көз тастап еді. Сатушы


қыз мойнын бұрып, бұған қарай қойған жоқ. Ол күлімдеген қалпы қарттың ақшасын санап алып жатты.


Сары Сөмке Қоңыр Қонжық сезіміндегі арпалыстан мүлдем бейхабар еді. Оның бар санасын әлгі «Жаман тентек» деген сөз мүлдем билеп алған.


Бірақ бүйірінде тыпыршып, мазасызданған Қоңыр Қонжықққа еріксіз назар


аударған. Оның жүзі күреңітіп, әлемтапырық болып кеткен екен. Көз шарасы тағы да жасқа тола бастаған. Сары Сөмке бұрынғыдан бетер мұңайып қалды.


Осы кезде сатушы қыз қарияға күле сөйлеп:



  • Ата, немереңіз ақыры бірінші класқа барса, Әліппені де әпермейсіз бе? –


 


деді.


 



  • Е, әліппең де бар ма еді?

  • Бар! – Әліппенің қуанғандығы сонша, орнынан ұшып кете жаздады.


 


Бірақ ол артынша-ақ өз қуанышын тез тежеді. Ойына қасындағы қос серігі оралды. Олардың көңіліне қарамай, елпектей жөнелгенін ерсі көрді. «Өз басының қамын жеген ақымақ», – деп олардың кінә артып, сөкпесіне кім кепіл.


Әліппе адымдай басып келе жатқан қызға қарады. «Қап, әттеген-ай!» ол терең күрсінді. Ақ Альбом мен Бояу Қарындаш жаққа қарауға дәті шыдамады. Тап қазіргі мезетте олардың қиналған халін көруден ауыр нәрсе бар ма?! Қанша дегенмен, достықтың аты достық қой! Енді ғана басталған осы бір бақытты шақтың ғұмыры тым қысқа болғаны ма?!


Кенет қою түн қойнауында адасып жүрген жанға құлын мойнындағы күміс қоңыраудай естілген бір ерекше дыбыс Әліппені желпіндіріп тастады.



  • Немереңіз сурет салса, Альбом мен Бояу Қарындаш та бар, ата, – деді ақ


жібек көйлекті қыз.



  • Өй, айналайын, салғанда қандай! Тегі сурет десең ішкен асын жерге қояды. Қалқам-ай, бұл ақылың қандай жақсы болды! Күнге пісіп, су


жағасындағы қайраңда саусағымен ылғи да жер сызғылап отырғаны. Енді, тілім тасқа, қолынан келмейтіні жоқ. Көбелек пе, құс па, үй дей ме, доп дей ме – неше түрлінің суретін ерінбей-жалықпай сызғылап жатқаны...


Жол бойы барлығы ерекше қуанышта болды.


Қарт атай ерге ілінген Сары Сөмкені бүйірінен сипап-сипап қойып, ыңылдап ән айтып келе жатты. Қарттың қолы тигенде Қоңыр Қонжықтың қытығы келіп, Сары Сөмкеден сырғып түсіп қала жаздады. Сықылық-


сықылық етіп күліп қойды.


 


Жол бойының табиғаты ерекше көркем екен. Сонау алыстан көрінген, басында ақ қар жатқан алып таулар да, аспанмен аққуша қалқыған ақша бұлттар да, хош иісі аңқыған сан алуан гүлдер де – барлығы бұларға


күлімдеп қарасатындай.


Танауды жарған жусанның, кішкене бір жылғадан өткендегі жас жалбыздың кеуде жарған иісі мұндай ғажап болар ма?!


Сары Сөмкенің қуанышында шек болмады. Ол ақ жібек көйлек киген


сатушы қыз туралы тебірене ойлады. Егер ол болмағанда, сол қаладағы үлкен қойманың бір бұрышында көпке шейін жападан-жалғыз жата берер ме еді,


кім білсін. Қоңыр Қонжық мен Ойыншыл Допқа қиғаштай көз салып еді, олардың да қуаныштары кемерінен асқан дариядай тасулы екен.


Ақ боз атты жорғалатып келе жатқан қарттың мына қалпына ол ерекше сүйсінулі еді. Өткен түнгі түсінің шынымен шындыққа айналғаны ма?!


Бір кезде ақ сақалды қария аттан түсіп, Сары Сөмкенің аузын ашып, Әліппені алды да, суреттерін, жазуларын бір тамашалады.



  • Пай-пай, қандай әдемі жазулар! Суреттерін қарашы, көздің жауын алғандай! – Содан кейін Ақ Альбом мен Бояу Қарындашты да алып, ашып көріп, сүйсінген лебізін біраз ақтарып тастады. Қарияның күн иісі аңқыған қолы соншама жұмсақ, соншама аялы екен...


Ақ боз ат та өз иесінің көңіл-күйін жақсы сезгендей тым сергек, еркін келеді. Қарт анда-санда өзінен-өзі:



  • Кішкене көкешім-ай, қандай қуанар екен десейші, ә?! – дейді де, көңілдене дауыстап:

  • Шу, ақ боз ат! – деп жеңіл тебініп қойды.


Сары Сөмке алғаш дүкеннен шыққандағы күдігінен мүлдем


арылғандай. Қоңыр Қонжық көлдің жағасына қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйді көргенде қатты қуанды. Ойыншыл Допқа көрдің бе дегендей ақырын ғана көз қысып, көл жақты иегімен нұсқады.


6



  • Алақай! Атам келді! Алақай!


Тұп-тұнық тау ауасын жаңғырықтыра шыққан бала дауысы Сары Сөмке мен оның достарының көңілін көтеріп тастады.



  • Әй, айналайын! Міне, іздегенің табылды ақыры! – Қарт ерекше бір жылылықпен сөйлеп келеді. Атасы атынан түсіп, ердің қасындағы Сары


Сөмкені жүгіріп келген немересінің арқасына асты.



  • Кәне, былай тұршы, көрейік. Қалай, жараса ма екен өзі?!


Екі езуі екі құлағында кеткен немересін айналдыра қараған қарт қарқ- қарқ күліп, бас бармағын көрсетіп:



  • Пай-пай-ой, өзің мүлдем сықиып кетеді екенсің!.. Өй, шелтиген танауыңнан айналайын! – деп алды да, немересін құшырлана құшақтап,


бетінен сүйді. Қарттың қолы бұрынғыдан бетер жұмсарып кеткен секілді. Әр нәрсеге бөлекше байымдылықпен қарайтын Сары Сөмке: «Қарттың өзі


мынадай аңқылдақ, тамаша жан болғанда, оның «Жаман тентек» немересі, тегі жаман болмауы керек», – деп кесімді ой түйді.


Ол бұл ойының шындығына көп ұзамай-ақ көз жеткізді.


 


Ойға қарай жүгіре жөнелген бала Сары Сөмкені әуелете шиырып:



  • Алақай! Алақай! Мен биыл мектепке баратын болдым! Әже десе, менің


әдемі Сөмкемді қарашы! Қандай әдемі! Кішкене аюдың, әдемі доптың суреті бар. Ха-ха-ха!


Жүгіріп бара жатып, қуана секіреді, барынша сақылдай күледі.


Қоңыр Қонжық пен Ойыншыл Доптың күткендері де осы еді. Олар да


мәз.


Әліппе, Ақ Альбом, Бояу Қарындаштар да Сөмке ішінде


қуанғандарынан асыр салып, біраз билеп алды. Аузы ашылмай жүрген тар қораптың дәл осы жолы белі босап, Бояу Қарындаштар еркіндікке шығып, масайрасып қалды.


Әліппеніңң қуанышын тілмен айтып жеткізу тіптен қиын-ды. Өзінің жас иесінің шын ықыласты, талапты бала екенін ол бірден сезген. Онымен болашақта берік дос болатынына кәміл сенді.


Олар баланың атының кім екенін де біліп алды. Есімі – Талап. Ол түн қараңғысы түсіп, көзі ұйқыға барғанша жаңа табысқан достарынан бір елі


ажыраған жоқ. Әліппенің парақтарын тура жүз рет ашып, жүз рет жауып, суреттерін тамсана отырып тамашалады. Атасының қылпыған өткір


бәкісімен Бояу Қарындаштарды ұштатып алды.


Екі көзі шарадай жанып, Ақ Альбомның бетіне алғашқы суретті де


салып үлгерді. Ең бірінші салған суреті жасыл сабақты қып-қызыл қызғалдақ гүл мен сап-сары шар секілді үлкен Күн еді. Күнге тиер-тимес болып тұрған асқақ таулар да суретте ажарланып көрінді.


Талаптың Ақ Альбом бетіне салған бояулы суреттер Сары Сөмке мен оның айырылмас серіктері – Қоңыр Қонжық пен Допқа ерекше ұнады.


Әліппе де қызықты суреттерге толы еді.


Талап Альбомның келесі бетіне ең алдымен өзі секілді кішкене баланы асықпай салды. Содан кейін оның иығына тап өзінікіндей сары түсті Сөмкені ілді.


Ол қиялшыл, арманшыл бала болатын. Сондықтан да ол Сары


Сөмкенің бетіне салынған Қоңыр Қонжық пен Ойыншыл Доптың іс-әрекетсіз қарап тұрғанын мүлдем қалаған жоқ. Қоңыр Қонжықты қызу ойынға кіріскен қалыпта бейнеледі. Алдыңғы аяғын әуелете көтеріп көкте қалқыған Ойыншыл Допты әлгі балаға қарай тебуге дайындалып тұр дерсің.


Талап Әліппені де өкпелеткен жоқ. Ол Сары Сөмкеден төбесін


қылтитып, қызық ойынға мәз бола қарайды. Атасы мен әжесіне көрсетіп еді, олар суретті әбден келістіре мақтады. Көрші ауылдан келген адамдар


бастарын шайқасып, Талаптың жетістігіне құтты болсын айтысты.


Қолдан қолға өтіп, адамдарды таңырқатқан Ақ Альбом енді сурет


көрмесіне айналғандай. Бояу Қарындаштар үшін бұл күн ұлы мереке болды.


Ұлы мереке емей ше, көпке таныта алмай жүрген асыл қасиеттерін Талап айдай әлемге жеткізіп отырса...


Күн батып, айналаны қараңғылық бүркеді. Үй іргесіндегі көлден бақылдаған көлбақалар мен құстардың дауысы айқын естіледі...


 


Мектепке барар күнді асыға күтті. Атасынан сұрағанда, ол: «Сабақ басталуға әлі екі ай уақыт бар» деген. «Туһ, қандай ұзақ! Неге тезірек


басталмайды екен», – деп қынжылды.


Ұйықтап еді, түс көрді. Қоңыр Қонжық екеуі көл жағасындағы көгалда доп ойнап жүр екен. Біраздан кейін Сары Сөмке келіп, мұны қолынан


жетектеп, сонау алыстан ағараңдап көрінген мектепке қарай тартады.


Міне, қызық! Ақ Альбом, Бояу Қарындаштар – кәдімгі адамдарша онымен қатарласа қол ұстасып жүріп келеді.


Қоңыр Қонжық пен Ойыншыл Доп көл жағасындағы шоңғал тасқа сүйеніп, бұртиып тұрып қалыпты. Екеуі де бұған өкпелі секілді. Бір кезде Қоңыр Қонжық айқайлап:



  • Әй, Талап, мұның қалай, бізді біржола тастап кетіп барасың ба? – деді.

  • Е, неге? Неге тастаймын. Мектепке барып келейін. Содан соң да уақыт


бар ғой. Қой, өкпелеме, ұят болады, – деп қол бұлғаған Талап олардың көңілін аулады.


Тәтті түс одан әрі жалғаса берді...


Ал енді Сары Сөмке жайына келейік. Ол шам сөнісімен біртүрлі ауыр мұңға батты. Оның да себебі бар-тын.


Талап бұларға арнап талай тамаша әңгімелер айтып жатса да, Сөмкенің оған бір ауыз тіл қата алмағаны шымбайына батты. Осы секілді тамаша


баламен кәдімгі адамдарша ешқашан тілдесе алмайтынын ойлағанда, көкірегі күйініштен қарс айырылды. Егер тілдесе алса, бұл Сары Сөмке де оған талай сырды жыр етіп ақтарар еді-ау. Сары Сөмке және оның достары адамдармен адамша тілдесе алатын ғажайып қабілеттері болса, мүмкін, осынау әлемде


сабаққа жалқау, енжар, сотанақ балалар болар ме еді, болмас па еді. Мүмкін, болмас та еді. Себебі, Сары Сөмке де, Қоңыр Қонжық та, Ойыншыл Доп та, Ақ Альбом да, Бояу Қарындаштар да, Әліппе де – барлығы адам ойының ізгілігінен туған асыл дүниелер ғой.


***


Әрине, өкінішке орай, олардың ешқайсысы да сөйлемейді.


Жас достар, кейде қиялдай білгенге не жетсін. Бір сәтке болса да сол жансыз заттармен анда-санда оңашада сырласып, сөйлесіп көрші! Мүмкін,


олар сендерге өзгеше бір сыр айтар. Тек соны тыңдайтын көкірек көзің ашық, ойың ояу болсын!


Бәлкім, бұл ертегі жазылмай қалар ма еді. Өйткені, өмірде кездейсоқ оқиғалар жиі бола береді ғой.


Жаздың бір әсем күнінде мен Талап салған суретті кездейсоқ жолықтырған едім. Сурет маған өте ұнады. Әсіресе Талап қиялының


ұшқырлығы мені қатты таңдандырған. Себебі, ол жансыз заттарға жанды заттардың қасиетін бере біледі екен. Мұның өзі өте сирек кездесетін қасиет қой. Ол салған Доптардың екі езуі екі құлағына жетіп, күліп тұрғанын


көрсеңдер, өздерің де еріксіз таңданар едіңдер. Ал Бояу Қарындаштардың


қол ұстасып, мәз-мейрам болған алтын Күнді айнала билеп жүргенін көрудің


 


өзі бір қызық! Ылғи бір көңілді Қарындаштар өздері. Керек десең, шуласа күлген дыбыстары құлағыңа жеткендей.


Сондықтан да Сары Сөмке және оның достары туралы хикаяның тууына тікелей себепші болған – Талап қиялының тамаша жүйріктігі еді. Оған менің мың алғыстан басқа айтар сөзім жоқ. Осымен ертегімізді де тамамдайық, жас достар!


1981 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу