24.02.2022
  227


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

«АБЫЛАЙ ТУРАЛЫ ҚОЙЫЛЫМДАРДЫҢ ОБАЛЫ...»

 


(«Аңыз адам» журналының сұрақтарына жауап)


 


1.    Драматург Дулат Исабеков «Тұңғышбай Абылай ханды Абылайдың өзінен де артық ойнады-ау деймін» депті. Театрдағы сомдаған рөлдеріңіз ішінде шоқтығы биік Абылайды сомдау бақыты қалай бұйырды, сізге?

 


– Дулат ағамыз айтқыш-ақ қой. Қашан, қай жерде, қай күні айтты екен – ол жағы маған беймәлім. Сол сөздер айтылғанда қасында болғандар да маған жеткізген емес,


 


соған қарағанда, Дүкеңнің ол бағасымен «келіспейтіндер» естіген ғой. Әншейінде Дулат ағаның аузынан шыққан әрлі де зерлі сөздерін қағып алып, қанжығасына байлап алуға әзір «ығай-сығай, мырқымбайлар мен қыли қыртымбайлар» лезде жан-жағына жалаулатып үлгеретін-ді. Бұл жолы олай болмаған болу керек, әйтпесе, «қазақтың өзінен сөзі ұзын» деген, бумерангпен өзіме де жетіп қалар еді ғой. Дулат аға өзіме де «мен бір жерде, бір кісілерге, я бір басылымға сен жайлы осылай дедім» деп те міндет қылған жоқ. Бұнысы нағыз тұлғалық қасиет, өйткені менің Абылайым – тек менікі ғана емес, қазақ дейтін қазына халықтікі. Мен де сол қазақтың бірімін. «Қырдым-жойдым» деп те көкірек қағудан аулақпын. Менің солай ойнамауға хақым да жоқ болатын, өйткені Абылайдай ардақтыларымызды сағынғанымызға бір ғасырдай уақыт болып қалған-ды. Ол сағыныш сал шекпенге айналып, тегімізге шер де, шемен де болып тереңдеп кеткен- ді. Сол тереңнен, арсыдан атылып шыққан Абылай ол. Айналасы үш жылдың әлетінде екі мәрте Абылай болып, арсыдан «айғай» салдым қазаққа. Бірі М.Байсеркеновтің, екіншісі Ә.Кекілбаевтың қаламы емес-ау, амалынан, амалы да емес-ау тауанынан «тулап» шыққан шерлер-ді. Ол айғайдың қай айғай екенін ұқпаған сақалдары күнге ағарған дәлдүріштер де болды, амал не... Қалай бұйырғанына келсек, ол – жазмыш! Кезіме, кезеңіме, кезегіме келген Несібе! Жоғарыдан, Жаратушыдан келген Бұйрық! Мүмкін, мен осы ұлы МАҚСАТ үшін дүниеге келген шығармын... Абылай туралы осы уақытқа дейін ешнәрсе жазылмай жүргені – менің пісіп-жетілуімді күтіп жүрген шығар, Ұлы Мәртебелі Бұйрық! Бұқар жырау былай дейді:


Ей, Абылай, Абылай! Мен өзіңді көргенде, Тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, Үйсін Төле бидің Түйесін баққан құл едің!


Жаныс Қыбырайдың үйінде Түнде туған ұл едің,


 


Әкең - күмән, әуелден, Оны да мен білемін!...


Бұқар бабаның осы өлеңін көбіміз білеміз, алайда – әдейі білмеген боламыз! Алтынсарының Ыбырайының «Бір Аллаға сиынып, Кел, балалар оқылық!» дегеніндегі алғашқы жолын «жоғалтып» алған сияқты, мысалы. Әйтеке, Төле, Қазыбектердің саяси шешімімен, «жоғалып кеткен төре тұқымы» Сабалақты 22 жылдан кейін «тауып» алып, хан сайлағанның ұшығы қайда жатқанын да «білмеген боламыз», амал не... Әйтпесе, Түркістанды билеп тұрған Уәли сұлтан, хан тұқымы Әбілмансұрды «қапелімде жоғалтып» алып,


22 жыл бойы іздемейтіні несі? Іздесе – төрелердің бала жоғалтқаны жайлы зарлаған запыран жырлары ауыздан- ауызға тарап, бізге неге «Мұңлық-Зарлықтай» болып жетпеген? Ол «негелердің» жауабы – Бұқар жыраудың шегелеп айтқан жырында жатыр! Мен – Қыбырайдың ұрпағы болмағанмен, Жаныспын! Менің ойнағанымды қалап тұр, Төтеден келетін, Себеп пен Салдар! Абылай – менің қанымда жатыр! «Қалай бұйырды» дейсің... Осылай!.. Жауап – осы! Анау деп, мынау деп, неғылайын!


 


2. Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханында», М.Байсеркенов- тің «Абылайдың ақырғы күндерінде» хан рөлін сомдадыңыз. Сол рөліңізге дейін және рөліңізден кейін қандай күй кештіңіз? Жалпы, Абылай хан тұлғасы сізге несімен қымбат болды?

 


– Әбіш ағаның«Абылайханы» елбасқару, жұмхыриятболу ісіндегі нақты, қазыналы әрекеттерімен, милләт болудағы бел буған бекіністерімен, ал, Маман ағаның «Абылайдың ақырғы күндерінде» сол атқарған ісін таразылаған адамдық базыналығымен, шынтақ шайнатқан өкініштерімен қымбат. Қазағын қасық қаны қалғанша сүйіп өткенімен, сүйе отырып, көп қылығына күйіп өткенімен қымбат! Мен де тап сондай күй кешкенімді айтсам, адам нанғысыз, алайда шыны осы! Өнерде, Әуезов театры деген «елімде», мен де бекіністеріммен, өкініштеріммен, қазынаммен, базынаммен


 


басымды тауға да тасқа да ұрғаным, нахақ күйгенім – адалдар үшін аңыз емес, ақиқат!


 


3.        «Абылай хан» спектаклі қазақ сахнасында бірнеше рет сахналанды. Сіз ойнаған қойылым несімен ерекшеленеді?

 



  • Кешіріңіз, бірнеше емес, бір-ақ рет сахналанды. Несімен ерекше дейсіз бе, себепсізден себепсіз «өмірі» қысқалығымен. Бірінің сахналық өмірі бес, екіншісінікі екі-ақ жыл болды! Қазақ сахнасына Абылай хандардың орнына «Әңгүдік» деген қойылымдар келді. Бұл кезде хандар мен сұлтандарға орын болмады. Ұлтандар сахнада сайран салды, сақалды байтөбеттерге сол ыңғайлы болды! Мәдениетсіз министрлікке бәрібір, әйтеуір тыныштық керек, «күл болмасаң – бүл бол»... Ал тыныштық театрға емес, қабірстанға жарасқан-дүр!..


 


4.  Біз көріп жүрген Абылай хан бейнесіне шынында да сіздің кейпіңіз, әсіресе сұстылығыңыз дәл келетін сияқты. Ұлы тұлғаны сомдау қаншалықты қиынға соқты?

 



  • «Қиынға соқты, ой қиналдым» деп, «көпірік, өтірік- актерлер» сияқты көлгірсімеймін. Қиналсам, Абылай болып қиналдым, қалай ойнаймын деп емес. Өйткені кәсіби актермін, драмашыға құл, режиссерге тұл емеспін. Сұсым дәл келгені – тұсымның дәл келгені емес пе, хан болмасам да суреткерлік ісімнің дәл келгені емес пе! Көкшетауда болған қойылым кезінде, Абылайдың көзін көргендердің алтыншы ұрпағын арқаландыра толқытқан, өнер сарайының қабырға-шаңырағын теңселткен пысым дәл келгені емес пе! Көкшеде қонақтап қалған Абылайдың аруағының қолдағаны шығар – менің қалықтап ұшқаным, күнаһар жерге әзер түскенім!


 


5. «Көшпенділердегі» Абылай хан туралы не айтасыз?

 


Түк те айтпаймын. Өйткені ол – «Көшпенділер» емес,


 


ондағы Абылай да емес. Ол – қалмақ ханы Қалдан Серен туралы ойдан шығарылған өңез. Шашылған қаржы.


 


Сұрақ жолдаушы


Әлия Құдайбергенова




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу