24.02.2022
  338


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

ТҰЯҒЫ ҚАТТЫ, ТАЛАЙЫ БАҚТЫ ТАРЛАН

Платон – досым... Алайда ақиқат қымбат!


Аристотель


 


...Әзекең екеуміз жайлы алып қашпа әңгіме көп. «Екеуі ит пен мысықтай бопты, Тұңғышбай орнын тартып алыпты, желтоқсанда бірін-бірі сатып, тіпті бір-бірін тастап қашып


 


кетіпті-мыс» деген қарау өсектер жыртылып айрылады. Әзекең көзден кеткенде, «желтоқсанда жеген таяғы ақыры түбіне жетті» деп салды белгілі баспасөзде бір нәкәс. Бос әңгіме, қырт сөз! Ол кісінің орнын ешкім тартып алған жоқ, ауыстыра қоятын балама да болған емес. Бүгіндері де Әз-ағаңның театр өнеріне жасаған қыруар еңбегі мен көтерген биігіне жетеқабыл бола қалатындай әзірге мен білетін ешкімнің сұлбасы көрінбейді. Арагідік аты шығып жүргендердің пошымы бөлек, жолы басқа. Дұрысы, осылай болуға керек, екінші Мәмбетовті қайталай алмайсың, оның қажеті де шамалы, өнерде әркім өз сүрлеуін тапқаны, өз жолымен жүргені жөн. Бүгіндері екінші Мәмбетов болғысы келіп түштаңдап жүргендер, ол кісінің айғайы мен «идиотына» ғана өрелері жетіп жүргенінен бейхабар.


«Идиот» дейтін тіркес тек Әзекеңе ғана келісетін, өзіне жарасатын. Еліктеу дұрыс шығар, солықтау – сорлылық, ақмақтық... Рас, желтоқсан уақиғасы Әзекеңнің дақпыртты даңқы мен шегенді тамырына алғаш «сызат» түсірген нәубет, саяси көзқарасын емес, астындағы «тағын» қозғалтқан дүмпу. «Солай да, солай, не дейсің, Мәмбетов көтеріліске қатысыпты-мыс, таяқ жеп, емханаға түсіпті, өзі қаптыртып алған екен» деген атақтан-шатақтан жер болып жапа шеккен Әзекеңнің орнын алғаш Асанәлі Әшімов «тартып» алған- ды. Біз, біраз жастар, бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы болдық, жоғарыға өзіміздің Азикті орнына қайтарыңыздар деп, қолымызды қойып, хат жаздық... Өз дастарханының басындағы «мәслихатымыз» үстінде отырып сол хатқа шиырлап қойған қолынан кейіндері бірді-екілі босөкпелердің бас тартқаны бар, жаңа бастықтың кабинетіндегі жеке кездесу, «әңгіме-дүкендерден» кейін... Бізбен де ондай


«дүкен» өткізілген, алайда, әңгімеміз хатта жазылғандардан әрі асып, бөрік намысы ортаға түскен қайсыбір кісілік ардың аздығы бетке басылып, соңы аға-ініліктен ажырап тынғанбыз. Ашық қудалау мен «отырсақ – опақ, тұрсақ


– сопақ» күйде жүргенімізде, бір жыл өтер-өтпесте жаңа мәдениет министрі М.Ахметова әділдік орнатып, театрдың төріне Әзекемізді әзер деп қайтарып алғанбыз...


Бұл оқиғадан көп кейін, желтоқсаннан жеті жыл өткен


 


соң, 1993 жылдың шілдесінде министр Еркеғали Рахмадиев театрдың әкімшілік басшылығын маған жүктеген... Әзекең өз орнында, көркемдік жетекшілікте-тін, көлігі де, кабинеті де, «вертушкасы» да өзінде, ол кісіні қозғаған ешкім жоқ-ты. Менде алғашында олардың бірі де, тіпті көлігім де болмады. Алайда, ағамыз менің директорлыққа тағайындалғанымды қабылдамай шарт сынды, үзілді-кесілді қарсылық жасады. Менімен тілдеспек, түсініспек болғандағы айтқан уәжі –


«бұл орынға неге отырдың идиот, өз еркіңмен кет!» – болды. Осы сыңайлы әңгіменің өрбитінін Әзекеңнің құрдасы, министр Ер-ағаң алдынала маған ескерткен болатын, «шыда, тозығы жетіп, тұралаған театрыңды жөнде, ағаңды ащы судан аулақтатуға барыңды сал!» – деген... Бұл шынайы құрдастық көңіл, ақасақалдыққа тән жанашырлық еді. Мен сол тапсырманы орындауға кірістім. Содан басталды! Екі- үш айдан соң, Ер-ағаңның тақ уақыты бітіп, орнына келген жаңа министр С.Әшляевтің алдына Әзекеңнен арыз түсті,


«солай да солай, Жаманқұлов кетсін» деген. Келесі, 1994 жылдың мамыр айында Өзбекстанда қазақ өнерінің күндері өтетін болды, сол шараға біздің театрдың қатысуына менің де еңбегім аз сіңбеді. Ең алғашқы режиссерлік жұмысым, қарашаңырақтың сахнасына шығуына Әзекеңнің өзі мұрындық болған итальян драматургі К.Гоццидің «Турандот ханшайым» қойылымы көрерменнің ең сүйікті көзайымына айналып, дүрілдеп тұрған кезі еді. Елбасы да жанұясымен бірге тамашалап, аса қатты ризашылығын білдірген. Алты-жеті мәрте көріп, құмары қанбаған халықтың қисапсыз ықыласы мен театр есігін сындырардай нөпір сүйіспеншілігінен хабардар көрермен бұл қойылымды әлі күнгеаңсайтыныжасырынемес. Министр Серік Сопыжанұлы Әшляевтің кеңесімен осы спектакльді Өзбекстандағы қазақ өнері күндерінің аясында Тәшкен мен Самарқанға апару бағдарламасына қосуға Әзекең аяқ астынан азар да безер болып, табанды қарсылық көрсеткені. Кабинетіндегі талғам мен өре жарыстырған екеуара ұзақ «ұғынысудан» соң, екеуміз алғаш рет бір өзеннің екі жағалауында екенімізді білдік, білдік те тұңғыш рет билік пен талғам таласына түстік. Айтыстық, тартыстық, мәмілеге келу өте қиын болды,


 


дегенмен «Турандот» Самарқан мен Тәшкенге барды... 1995 жылы келесі министр Мамашевтың атына тағы да арыз түсті. Талғат Асылұлы мені шақырып алып, қатты сөздерге келіп, мұқият тексерем деді, кінәратым болса, аямайтынын айтты. Үш айдай тексерілістен өтіп болған соң, театрға үлкен «делегация» келді, министрдің қатысуымен жиналыс болды. Әзекең «ашуы» тарқамағандықтан жиналыс төріне шықпады, кіші залдың ортасында әрлі-берлі сенделіп жүріп алды, мен де төменде болдым. Тексеру комиссиясының ұзын сонар баяндауынан кейін, министр Мамашев сөз алып, Әзекеңді тағы да төрге шақырды, ағамыз дөңайбат шегіп, «ничего не знаю, или он, или я!» деп, шақыруын қабыл алмады. «Олай болса, мен екі түрлі бұйрық дайындап әкелдім, ұжымның көзінше соның біріне ғана қол қоям, Әзеке» деді де, маған нахақ «ескерту» жасалады, театрдағы көркемдік жетекші һәм бас режиссер деген лауазым жойылады, режиссерлік алқа құрылады, басқару тізгіні бір ғана адамда, директорда болады деген бұйрығына ұжымның көзінше қолын қойып, жиналысты жапты да, жоғарғы жаққа Әуезов театрындағы ахуалға нүкте қойылғаны жайында тиісті ақпарат жөнелтемін деп, бірге келген бір қора қызметкерлерін ертіп кетіп қалды. Мен Әзекеңнің қабылдау бөлмесіне барып, ағаның ашуының тарқағанын күттім. Сөйлестік, өкпе айтыстық, шер тарқаттық, «қағыстырдық».


«Аға, дедім, кабинетіңіз осы, көлігіңіз де астыңызда, біраз уақыт өткен соң, бәрі орнына келеді, министрдің де ашуы қайтады, сабаңызға түсіңіз, атақ-даңқыңызда «бас» деген қыстырма болмағанмен, сол баяғы Әзекесіз, театрыңыз да өзіңіздікі. Менің жұмысым шығармашылығыңызға жағдай жасау, үлкен басыңызды кішірейтіп, майда-шүйдеге шаршамаңыз» деген басу сөздерімді айтқандай болдым. Алайда, біраз күндерден кейін, Абайдың 150 жылдығына дайындап жатқан қойылымын тастап, бір жапырақ қағазға


«Жаманкулову, прошу уволить меня» деген үш-ақ ауыз сөз жазып, кадр бөліміне қалдырып кетіпті. Төбемнен жай түскендей болды, састым. Бірді-екілі апаларымды ортаға салып, қайтармақ болған ниетім далада қалды. Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова апайлар, алдына барып маған араша  түскендері үшін ауыр-ауыр, балағат сөздер естіпті. Өзімнің Хадиша Бөкеева апайым қорықты ма, бармады. Күте- күте, күдер үзілген соң, әлгі арыз орнындағы бір жапырақ қағазға бұрыштама соғуға дауаламай, министрге апарып көрсеттім. Аздаған үнсіздіктен кейін, жаңағы қағаздың сол шекесіне «Жаманқұловқа. Өтініші орындалсын» деген бұрыштаманы Т.Мамашев қойды. Құданың құдіреті, сол қағаз кейін ұшты-күйлі жоғалды, бәле іздесем, көшірмесін жасатып тығып қояр ма едім, кім білген... Ол арыздың


«күн-фаякүн» болған сырын Әзекеңмен талай   жыл хатшы ретінде қызметтес болған, ал менің кезімде арыз- бұйрықтарды сақтап, құжат ретін тігетін арнайы бөлімді басқарып отырған қарындасым Шолпан білер... Әзекең


«әдетінен» жаңылмай, кейінгі министрлердің бәрінің де есігін қағып шықты, тіпті сол кезде Мемлекеттік Тергеу Комитеті (ГСК) деген атпен әйгілі болған, «қылышынан қан тамған» аса құпия әрі қаһарлы мекеменің бастығы, қату қабақты Жармахан Тұяқбайдың да кеңсесіне бір адам ертіп барыпты... Министрлермен сан рет «сұбхаттасты». Әзекеңді қайдам, осы ұзын-ырғалы «круизден» рахат шекті деп айта алмаймын, қимаймын, алайда айналасындағы алыпсоқ-апайтөстердің жандары жай тапқаны хақ...


Шынның жүзіне жүгінсек, Әзірбайжан Мәмбетов желтоқсан көтерілісін іштей құптаған жоқ... Сол бір алмағайып күндері қасында мен болғанымды ешкім жоққа шығармайтын шығар... Жетімдіктің кермек дәмін татып, балалар үйінде өскен, жастайынан орысша тәлім алған, рушылдық аурумен уланбаған дейтін Әз-ағамның, сол күнгі кеште, театрда «желтоқсанды жуып» отырғандарының үстінен түсіп, көңілім қабаржу көрген. Сондағы бірге жуған орынбасары Қалмахан Бейсенбиев әзірге жер басып жүр ғой... Осы «отырысты» театрға алаңнан «пана» іздеп келген, өкініші уытты жасқа толы көзімен көрген Гүлбахрам Жүніс те дін аман. Орынбасарының аядай столының төңірегіндегі айтылған тостар мен абыр-дабыр әңгімені керең болғыр құлағымыз естіген, ағып түскір көзіміз көрген... Кештеу уақыт болып, астындағы көлігін жіберіп қойған ағамыз,  менің «Жигулиіммен» үйіне жетіп алмақ ниетпен, репетиция жасап жатқан жерімізден жоғарыға шақырып алған соң, сол бір шағын «мерекенің» үстінен түсіп қалған сыңайымыз да сондықтан еді... Үйге қайтып келе жатып, жолай «арқа қозып» алаңнан бір-ақ шыққанымыз да сондықтан-ды... Әзекең қызықтап, алаңның шетінде қалып, менің бірден таныған жастардың кеу-кеуімен «қан базардың» қақ ортасынан табылғаным да сондықтан-ды... Жастардың толқулы көңілдеріне қапелімде қолдан келген басу сөздерім мен ақылымды тауыса бере, басыма қарау қолдан тиген мрамор тастан қаны сорғалаған жараны өз қолымен таңып берген өскемендік қарындасым Гүлмираның «аға, кетіңіз бұл жерден, сіз танымалсыз, суретке түсіріп алып жатыр» деген шырылды жетегімен, шетте сол күйі состиып тұрған Әзекеңді сүйрелей алаңнан ығыса бергеніміз сол еді, «Метель» операциясы басталып, апай-топайдың астында қалғанымыз да сондықтан-ды... Соңымыздан қандары қарайып жеткен сойылшылардың салмақты дубинкасының алғашқысы бойым сорайған маған тиіп, аз уақытқа естен айрылып құлаған менің үстіме милиция майоры Ерболғанның жата кеткені, тура ажалдан құтқарғаны да сондықтан-ды... Есім жиылғандағы алғашқы сөзім «Әз-ағаң қайда?» болғанын, мені қапталымыздағы тұрғын үйдің подъезіне итермелей кіргізіп беріп, «ол кісіні штабқа алып кетті» деген жауабын Ерболған да растар!.. Бір жерде жатып қалды ма деген далбасамен, алаңнан төмендегі аллеядағы шұңқыр мен арық қоймай жанығып іздеген мен, Әзекеңнің ортаншы баласы Адаймен хабарласып, аттан салғандай театр директорының орынбасары Х.Дадаевты төсегінен тұрғызып, ақыры Адай екеуміз Геологостройдағы емхананың нейрохирургия бөлімінен тауып, таңғы сағат төрттің шамасында басының жарақаты таңылған, әлі ашуы тарқамай «арқаланып» тұрған ағамызды Совминнің емханасына орналастырып барып, жанымыз жай тапқаны да сондықтан-ды... Сондықтан да кейіндергі «үш әріптердің» үш ай тергеуі кезінде, сол түні сол алаңда «дубленка киіп жүрген» Ә.Мәмбетовті түк таппаған соң, «көтерілісті ұйымдастырушы», сезікті етіп, құйрығына шала байламақ болғанда, үш әріптің алыпсоқтарына «если  Мамбетов националист, то моя бабушка балерина!» деген ащы әзілмен шыланған зілді жауапты берген, «ол кісі мас емес-тін, аяғы ауырып жүргендіктен қисалаңдаған» деген далбасаны айтқан да мен!.. Көкте Құдай тұр!!! Алаңда бірге болсақ та, әлгі алыпсоқтарға берген жауаптарымыздың желісі жымдаспай, әрқилы бола берген соң, ағамыздың сол түнгі «көңіл күйі» алағай да бұлағай болғаны да ол жазғандарды біраз шатастырып, тергеу ұзаққа созылмасы бар ма... Алайда, 1987 жылдың ақпан айындағы Қазақстан Компартиясының желтоқсан көтерілісі туралы болған кезектен тыс Пленумында Колбиннің жасаған баяндамасына


«желтоқсанда кейбір атақты өнер адамдары да саяси солқылдақтық көрсетті» деген тіркеспен ғана ілігіп аман қалдық... Дей тұрғанмен, арада он бес жыл өткен соң, «Астана Информ» газетінің бетінде мені иянаттап, «желтоқсанда, тастап қашып кетті» деген қарау мақаласы жарық көрді! Бұл мен үшін желтоқсандағы басыма тиген шоқпар мен мрамор тастан ауыр болғаны рас, алайда Әзекеңнің «ит мінезі, құдай сүйер қылығы» аз болса да, ондай қысастыққа бара қоймайтын сенгіш, таза жүрегі мен аңғалдығын жақсы білетін мен, діттеу мен итермелеудің кімдерден болғанын сездім, сездім де, «мұныңыз не» деген жоқпын. Ол сол кездердегі, арсыздығын бетіне басып, біраз жастар теріс айналған кісісымақтың кесірінен тағдыры талқан болған жан досымның намысын қуғаным үшін әлі күнге дейін соңыма шам алып түсуге шаршамай жүрген, менің қасиетті әулиеатамның суын ішкен әпербақан ағасымағым мен бейопа


«батыраш-қотыраштардың»,    қасиетсіз    кемталанттардың


«қайрауынан» келген қағажу еді...


Жүйріктердің айналасына жанашырлардан гөрі жандайшап-жымысқылардың көбірек төңіректейтіні белгілі ғой. Өкпелеген сыңай танытып, қанына қанша қарайып жүрді дегенмен, Әз-ағам мені іштей жақсы көрді. Бірде, жоғарыда айтылғандай, өзіне дос-сияқ, туыс-сымақ тікқасықтардың ортасында отырғанын көріп қалып, тотияйыны көп тілінгір тіліммен «аға, сіз ешқандай жүзге жатпайсыз ғой, туған жеріңіз Ресейде, сонау Волгоград қаласының іргесіндегі Паласовка деген жер. Ал ол жерді ежелден алты алаштың бірі ноғайлар мекендеген. Сіз ноғайсыз, Қамбар батырдың


 


тұяғысыз» деген әзіліме, «да.., солай ма, ты откуда знаешь, иди отсюда, идиот!?» дегендегі өкпесі мен таңданысы, қыжылы мен сұрағынан гөрі мұңға толы бадана көздері әлі есімде...


Мен Әзекеңнің қазақ театр өнеріндегі феноменін ешуақытта көмескілеп, қабылдамаған сыңай танытып, я болмаса ол кісінің суреткерлік ұстынын, режиссуралық стилін жоққа шығаратындай, азамат ретіндегі пәтік- парасатын иянаттап, аузымнан әбес сөз шығарған емеспін. Ақтық сапарына аттанғанда қабырғам қайысып, бауырым езіліп жоқтағанмын. Баспасөзде жарық көрген эпитафиямды оқығандар, қасында жүрген қандас һәм төрлес бауырлары мен шапағатын көп көрген «шантрапалардан» дәл сондай шынайы көз жасын төккені кемде кем болды дегендер бар... Мен Әзекеңмен театр өнерінің төңірегіндегі өзге талғам таласы мен жаңаша қалып сарасы, бір орнында тұрмайтын дәуір мен уақыт тынысы жайында айтысқа, жұдырықсыз


«рингке» шыққаным рас. Ринг – білесіз, спорт алаңы, төбелес төбесі емес. Спорт – қарым мен алым, әдіс пен әбжіл тайталасы. Әз-ағаң қазақ театр өнерінің олимпті төрін отыз жыл бермеді. Ол аз уақыт емес, «елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп қазекең бекер айтпайды... Ел жаңарғанына да он шақты көктем мен күз өткен-ді. Абайламаса, алдыдағы әдет пен ғұрыптың, талғам мен тәрдің қазан болар жылдары да жақын-ды. Алайда Әз-ағаң басқарған кеме ескі ескекті тастауға асықпады... Ағамыз алдыңғы толқын легінен болғанда, біз кейінгі толқын тегінен болатынбыз. Салмақ пен қармақ салуымыз, спортшыларша сызсақ, білек пен жүрек қағыстарымыз бен білік категорияларымыздың бөлектігі дәлелдеуді қажет көрмейтін аксиома-дүр. Әр толқынның өз кемері, өз кернеуі, өз сүрлеуі болмас па? Әрине көпіршегі де болады, алайда олардың үні бәсең, екпіні әлсіз, әйтсе де қашанда алдыда жүретіні де белгілі...


Мен актермін. Тудырушы суреткермін. Марионет емеспін. Мені иянаттайтын білімсіз бәдәуилер бұл сөздің парқын ұқпас. Режиссер – құл иеленуші, ал актер құл емесін алғаш айтушылардың бірімін... Жоқ, мұлтым бар, ең алғашқысы бәлкім, «қайран сөзін қор қылмай», айтпай,


 


салғыласпай жасаған қарсылығын театрдан кетіп көрсеткен Нұрмұхан Жантөрин болар... Бұл кісінің кинодағы қалаулы әр шыңын да, театрдағы талаулы бар тағдырын да, «зар- мұңын» да білеміз... Сыртыңыз сыр бүккенмен, ішіңіз ықпайды, біледі... Сол Жантөриннің режиссерлік «тізеге» қарсылығынан көрген азабының алғашқы ақтаушысы менмін. Екеуінің ортақ мәмілеге келе алмай, дұрыс- бұрыстықтарын өздері үнсіз мойындап, бұл фаниден іштей азап шекпей өтпегендерін кім біліпті?!.. Әзекең екеуміздің тартысымыз да актер мен режиссердің сахнадағы алатын орнының төңірегінде еді, егер өнер жасаудағы дәлелді уәждеріммен қалыптасып келе жатқан суреткерлік өре- пайымдарыммен іштей болса да келіспесе, актер ретінде мойындамаса, өзі сеніп берген, қаншама айтыс-тартыстың арқасында әжептәуір айшықты шыққан, кино мен сахнадағы рольдерім мені өнердің құзар биігіне көтерер ме еді! Режис- сер – мамандық емес, суреткерлік қалып, актерлерге әкіреңдейтін әпербақан да емес, қосарланып көркем шығарма тудырушы тандем. Бірінің бірінен еш артық- кемдігі жоқ шығармашылдық дуэт. Екеуі де бүгіндері жоғары білімді, иықтасып өнер жасаушы; кезеңінен кең, қоғамынан бір мысқал биікте болып, дерті мен сертін тап басып, көрерменмен сыры терең ой бөлісуші, бөлек әлемге бірге көтерілушілер. «Табиғаттың үні бәсең, ал менің есту қабілетім одан көш ілгері» деген екен Эйзенштейн деген білгір. Өнерде жүрген өлермендердің бәрінің орны мен ұстанымын осылай саралаған жөн-дүр... Бірі режиссер болғандықтан бос айғайшы – бірінші сорт та; ал енді бірі актер болғандықтан сол айғайды талғамай тыңдаушы немесе соған үнсіз көнуші ынжық – екінші сорт емес! Осы бір өнерпаздық һәм шығармашылдық айтыс-тартысты, пендеки текетіреске айналдыруды ниет еткен нәкәстардың ағаның көзі тірісінде жолдары болып, дегендеріне жетіп, мүжік асықтарының аз уақытқа болса да алшы тұрғаны мені әрине мұқалтты, әділеттің ауылы тым алыста екеніне қаншама рет көз жеткізді! Шаршатты...


…Бір уақиға еске түскені… Әшімов деген ағамыз Шоқан туралы көп сериялы фильм түсіріп, Әуезов театрының


 


үлкен залында алғашқы үш сериясының тұсау кесерін театр ұжымына көрсетті. Аса ықыласпен тамашаладық, ол кезде «кімді көрсең – бәрі дос» уақыт, сарауыз балапанбыз,


«тамырымыз жуандамаған», екеуін де шынайы «ағалаған» кезіміз-ді. Өзі жас жазушы, жас кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, әзіл-сықақтың әуенінде бірге әупірімдеген Құдайберген Сұлтанбаев үшеуіміз ғой деймін, «Күзгі бұралаң жол» деп аталатын Сатыбалдының дипломдық қысқа метражды фильміне түсіп жүрген кезіміз болар шамасы, театрда жайылған дастарқанға қызмет жасап, зыр жүгіргеніміз есімде. Ол дастарқан Асекеңнің шаңырағында жалғасын тауып, қасымызда Әз-ағаң бар, Майра жеңгеміздің апыл-ғұпыл болса да, асқан табиялықпен ұсынған дәм-тұзын татып отырғанда, Әз-ағаң мен Асекең шарт та шұрт шекісті де қалды. Неден бастау алып кеткенін байқай да қалмадық, екеуі де бізге естуге тиіс емес, ауыр-ауыр сөздерге барғанын көңлімізге алып қалғанымыз рас. Оқыстан куәгері болып, кірерге жер таппай қипаққа қалдық. Қойыңыздар деуге үшеуміздің де дәтіміз жетпеді, сөзіміз өтпес, кеудеміз пәс жастармыз, оның үстіне бізді адам қатарына қосып отырған кісі жоқ. Асүйде шәйін жайғамақ болып жүрген Майра жеңгеміз ерегеске бөгеу бола алмай, көзінің жасына ерік беріп еңірегенін көзіміз шалды. Құдайберген жұбатқан болып, дарақылау шыққан әзілге бұрмалағанының әсері болмады… Ашуға булыққан Әз-ағаң, «бұл үйге неге келдім, кетемге» басты. Үйден үшеуміз бірге шықтық, Құдекең сол үйде қалды ма, әйтеуір қасымызда болмаған сыңайлы, жөнекей ағаны жұбатқан болдық. «Мұрнын сонша аспанға көтеретіндей тау қопарып тастап па, әуелі актерлығын оңдырып алмай ма, фильм созылыңқы, кинодан гөрі театр элементтері өріп жүр, замечание көтермейтін неткен идиот еді өзі! Можно подумать, что только один такой умный, а мы все тупые, что кроме него никого нет вокруг! Тоже мне, пуп земли нашелся, пигмей несчастный!» деген монологтар екпіні үстін-үстін сапырылысып жатты… Арақтан емес, көбіне ашудан қызыңқыраған Әз-ағаны үйіне кіргізіп, Ғазиза-апамызға табыстағанша, мән-жайға қанығып үлгерген ол апамыз да жылап, ауыр үнсіздік орнаған соң,


 


үшеуіміз де жыларман болып, Жұбановтардың пәтерінен сүмірейген күйі, қапа-мұң шапанын жамылып шықтық… Шынымды айтайын, мен Әзекең жағында болдым, жасы да, жолы да үлкен, Асекеңнің Аймановтан кейінгі әкесі болмаса да, өнердегі ғана емес, өмірдегі де ағасы ғой. Не де болса да «еркелігіне» кешіріммен қарау керек пе еді деп ойладым. Ал фильмге келсек, менің есімде тек Шоқанды ойнаған Сағи інімнің сүйрікті болмысы, сұлу тұлғасы, ерекше сүйкімі ғана қалды… Оның үстіне ол кезде пәлендей ой айтуға шаламыз, өнер парасын талдап, сын тағып, талдау жасауға суреткерлік сүреміз орнығып үлгермеген болатын. Тағы есімде қалғаны Әзекеңнің ашуы тарқап үнсіз қалған тұстарында бүкшиіп, кішкене бойы одан сайын қушиып, Жұбановтардың кең пәтерінің елеусіздеу бұрышына сыймай, бүк түсіп отырған шарасыздығы… Мен сонда алғаш рет Әзекеңнің шын жетім екенін, өзін қоршаған көп қырттың ішіндегі шынайы жалғыздығын, күйректі күйін сездім.


Әзекең,   өзінің   алдындағы   могикан   ағалар   жолын


«жаңартып» қайта салған реформатор болғаны да, алайда өзінен кейінгі інілерінің «күлдір де күлдір кісінеуін» бірден қаламаған жойқын консерватор, актер өнерін таптап өлтіруші, өзінің басқыншы һәм төпелі, адуын режиссурасын ғана өзеуреткен өктем узурпатор болғаны да ақиқи! «Консерватор» сөзі менікі, «узурпатор» – Асқар Сүлейменовтікі. Айтпаса сөздің атасы өледі деген... Бүгінде жұрт әбден ығыр болған, тек асыра мақтаудан тұратын,


«ойнамайтын-күлмейтін», құламайтын-тұрмайтын, табаны жер иіскемейтін, ішпейтін-жемейтін, суы көп сөздердің, тас тұғырда тұрған суық ескерткіштей жансыз жазылған естелік, өтірік күнделіктердің керегі не? Бәріміз де пендеміз, мүлті жоқ, төрт құбыласы түгел кім бар? Бұ дүниеге енді қайтып келмейтін, өмір жолы алағай, өнер жолы бұлағай, ата мен анадан асып туған; Тереңдігі мен пәстігі, Кісілігі мен пенделігі, Кеңдігі мен тарлығы, Жүйріктігі мен шабандығы, Кінәздігі мен қарабайырлығы қатар дарыған дара Тұлға – Әзірбайжан Мәмбетов, Әз-ағам жайлы менің түзген ой-көгенім осылай болып шықты... Арнап жазып отырған ол кісі жайындағы естелік кітапқа басыла ма,


 


басылмай ма – оған күмәндімін, алайда өз жинағым мен өз жүрегімде осындай кермекті әуенмен орын алып, көңіл сарайымда әуелеп тұратынына еш күмәнім жоқ! «Жауырды жаба тоқып», жасытып, жадағайлатып, болмағанды болды деп, болғанды асырып, ойдан қосып, қолдан көсем жасап не керек, жартылай шындық пен өтірік мақтанды көпіртіп, кейінгіні шатастырғаннан ұшпаққа ұшпасымыз аян ғой...


Артығымды кешір, кемдігімді ұмыт, заманымның заңғарларының бірі, кезеңімнің кердеңі, өткенімнің өртеңі, онсыз да қиындау боп, сорпа термен келген тағдырыма аялы алақаның мен тасыр тұяғың тиген, қастарыма дос болған, достығымды ұқпаған, аңғалдығың өзіңе жүк болған, адалдар артыңда қалып, тізеңді көріп, аярлар айналаңда жүріп, оңыңа қонған, мәңгүрттер мәшһүр атыңды малданған, ал өз затың көбіне жайдақтар мен төбешіктерді төңіректеген, алайда қазақ өнерінің асқар тауы болған, Азик-аға, Әзеке!


Аруағыңа бас идім, разы бол...


Мамыр, 2012 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу