24.02.2022
  428


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

НОҚТАҒА БАСЫН СҰҚПАҒАН ...

(Ойлыларға арналған актерлік ода)


 


...Тірлігімде сыйласпаған ағайын, Мен өлгенде жыласаң – Құм құйылсын көзіңе!!!


 


Махамбет


 


Ұлттық санамыз «уланбай» тұрғанда, оған саумалап кірген, талпынар мәре деп танып маңдайымызды тірейтін, бас ұратын бір ерекше сәжде бар болатын, ол – әдеп, тағлым, кішіпейілділік, ұяң иба, жанашырлық пен бауырмалдық, тәр мен өре, тағы да басқа қазақ үшін қасиетті ұғымдар- тұғын. Сонан соң, бәлкім, ең бастысы болар, кең даланың кемерінен асып жығылатын еркіндік. Ешнәрседен емінбей, еркін ойлап, еркін сөйлеп, еркін ойнап, еркін күліп, еркін жүріп, қысқа өмірді қиқаламай, қиқуламай еркін сүріп жатқан ел едік. Эпостарымыз бен ертегілеріміздің сала құлаш ұзын сонарлығы мен ғибратты тарамдылығы, шер- шеменділігі, қарапайымдылығы мен асқақ арманшылдығы ұлт мәдениетінің өзге ұғымдағыларға ұқсамайтын мәуелі өлшемінің, ұлылығы мен өміршеңдігінің, емін-еркіндігінің мысалындай еді. Үйлесімділік пен үндестікке малынған мамыражай күйіміздің сеңі бұзылмас сылқым жанды, сұлу тәнді әдемілікке, салиқалыққа құштар салауатты жұрт болатынбыз. Бүгіндері жеріміз тарылып, пейіліміз тарынған, басымыздан сөз асырмайтын тарғыл заманда өмір сүріп жатқандықтан ба, жетесіздеріміз қаны мен қағынан жеріп байып-көбейіп, өрелілеріміз өмірде бастары қосылып бір қазанға сыйыспайтын, бір-бірінің қадірін біле бермейтін, кейде білгісі де келмейтін, өкініштеріміз өзегімізді өртейтін өксікке ұласса да, қасымыздағы қандасымызға қайрылып та қарамайтын жұртқа айналдық. Оның есесіне «кейін кіретін ақылымыз» асып төгіліп жатады. Есте жоқ ескі замандар көшінен өткен аталарымыздың атына ас беріп, бәйге-көкпар   ұйымдастырып,   мешіт   салдырып,   көше,


 


елді мекенге солардың атын қойғызып әлекпіз, оған да шүкір. Бірақ соның бәрі кеш. «Ештен – кеш жақсы» деген мақалға әуестігіміз сонша, кейін кірген ақылымызды, бүкіл өкінішіміз бен жоғалтуларымыздың бәрін сол мақалға теліп, тіреп қоямыз да, жоғымыз табылғандай, өкініштеріміздің орны толғандай күй кешіп, тоқмейілси қаламыз. Не нәрсенің де «түбінің қайыр» болатынына сеніп, жыртық көңіліміз бен жаралы жүрегімізді бірлеп, өзімізді өзіміз алдаймыз. Тас жарар тілді Махамбеттің осы бір ода жанрына жақын боп шыққан ой-жазбаларымның шекесіне шікірейте эпиграф етіп алып отырған, жоның түгіл жаныңнан таспа тілер қылыш қылпылды сөзі қаперімізде бол-майды.


Қазақ актерлерінің марқасқа өкілі, тумысы мен табиғаты бөлек, шеген өнерлі, шерлі тағдырлы Нұрмұхан Жантөрин жайлы сыр шертерде   санама   шым-шымдап   алдымен осы ойлар оралды. Шеген өнерлі дейтінім, Жантөрин – Жаратушының назары түскен тума талант, арқалы, арлы актер. Актер өнері ұлт пен оның танапты табиғатының, қанатты рухының мысалы десек, бұл кісінің өнердегі орны халқымыздың қаны сұйылмаған қаймақты менталитетімен тығыз байланыста, тар жол, тайғақты тағдырымен тура пропорционалды. Сондықтан да, өнерпаз бақыты деген ұғым болса, бұл кісі актер ретінде осы ұғымға толық сай, сахна мен экранда жолы болған, өнер әлемінде бағы жанған, елінің көзайымына айналған. Өйткені әрбір ролі халық жадында, сол халықтың өткені мен кеткенінің, бары мен жоғының, тапқандары мен жоғалтуларының іздері актердің Азиядан басқа құрлықпен еш шатастырмайтын бет-жүзі мен сол құрылықты мекендеген текті ұлыстардың түгел қасіретін аңғартып тұратын мұңды көзқарасында, арсыдан, ғасырлар астынан естіліп тұрғандай көрінетін шұрайлы, қазақи қоңыр үнінде жатқандай. Ол ойнаған кейіпкерлердің барлығы дерлік көрермен көкейіне тайғанақтамай қонақтаған көк кептерлер сияқты, өйткені оларды ұлт табиғатынан ажырата алмайсың, іздегені, жоғы табылып, жаны жай тапқан, алаң жүректің ең асыл түкпіріне барып орныққан, шөлін қандырған мамыражай мауық іспетті. Өзегі бөлек өзгелерден таңылған қағысы мен қоймалжыңы бөлек, басқа жүректің соғысы мен


 


бөтен қанның бүлкілінен ада, өнердегі қалпының ұлттық табиғилығы һәм қазақы қаймағы бұзылмаған колорит деп осы құбылысты айтсақ керек.


Шерлі тағдырлы дегенім, нәсілі жүйріктердің шабан айналасынан шегер азабы мен көрер қорлығы барын бәріміз де білеміз, алайда шарасызбыз. Суреткер тұлғаланған сайын, өзгелерден оқ бойы ұзап, ешкімге, әсіресе, пәкене бойлы пигмейлерге ұқсамай іріленген сайын, сыпсың сөзге ілігіп,


«жау» тауып, көпе-көрінеу көмескілендіріліп, қызғаныш дейтін қызыл иттің ырылына қалып, кедір-бұдырлы өмірге кез болары заңдылыққа айналғалы қашан. Нұрмұхан Жантөрин хас өнерде бақ дарыған актер бола тұра, лас өмірде сор тағдырға жолыққан адам. Сондықтан болар, оның көзі мұңға толы шерлі тостағандай төңкеріле тұңғиықтанып, ал өзі өзге халықтың құрметіне бөленгенмен, өз қауымынан қасірет шеккен, еркіндік пен қанаттылықты кісендеп, қазықтаған мұрындыққа мойымай, еріксіз шөккен қаһарлы қара бурадай, жарылуға шақ тұрған жанартаудай әсер береді. Актер алдымен адам, сол үшін де оның бағы мен баяны өзі кешіп отырған кезеңіне, қоғамына, қаумалаған айналасына тәуелді. Қоршаған ортасы – белсіз драматургиядан бастап, жөнсіз режиссура, нәрсіз әріптес, тәрсіз басшылық пен көзсіз көрермен болғанда, құр даңғаза дақпыртқа, текке алданыштаған қызыл да жасыл қуанышқа, айғайлы-сүренді ұранқайлыққа дара тұлға тұшына қояр ма? Ұғымға обалы сол, осындай актер адам, өліде ғана айрылатын аурасынан – өнер «ауласынан», тіріде табынатын қағбасынан шеттетіліп, театрдан «қуылған». Ұжымға ұңғып ене алмай, бос балласт боп, тиіп-қашып, бағы жанбай, бақай есепте, күңкіл сөз бен қатынөсекті төңіректеп, жұмыстан қашып, я сұраусыз да қажетсізболып сыртта қалып, болмаса, ісіоңбай, ролі шықпай, шиырлап, «шөгіп» қалса бір сәрі! Жоқ, дер шағында, Кебегің мен Қодарыңды, Шоқаның мен Фархатыңды, Петручио мен Гортензиоңды, Ягоң мен Докторыңды, Танабай мен Абакиріңді, Мырзағали мен Сәнжаныңды, қойшы әйтеуір, ағымдағы репертуардың сексен пайызын арқалап жүрген атпал уағында, қазағың түгіл одағыңның өнерінің төрінде жүргенде!   Бұларға   шептен   шеттетіліп   жүріп-ақ,   сырт


 


қалған сахнаны сарыуайымға айналдырып, сартап болып сарғайған сағыныш арқалаған кезеңдерінің өзінде, жасып жүріп жасаған кереметтері Макбет пен Мольерді, Сұлтан Бейбарысты қосып айтпағанда! Осынау ащы шындықты бүгіндері қанша жадағайлатып, жайдақтатқанымызбен, көзі де ашық, төбесі де тесік текті жұрттың жадысына жабу бола алмайтынымыз ақиқат-дүр. Қуғынға ұшыратқан қорғаны мық, тіреуі нық қолбала тұлғаны «ығай-сығай мырқымбайлар мен қали-ғали қыртымбайлар» тұлпарларға ғана лайық тақ-тұғырға отырғызбақ боп, күлкілі болмаса да қораш көрінерін ойламай, қаһарманның шоқпарын шор беліне байлатып қанша тыраштанғанымен, бәрібір қалқанқұлақ есектен құлын емес қодық туатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екенін екі күннің бірінде есіне алса игі. Ендеше, «болары – болғанды, қанды бояуы сіңгенді» көріп тұрып көрмегендей, тіпті түк те болмағандай жасыра бүркемелеп жөн-жосықты жасытудың, ашық шындықты бозтұмандатудың жөні қайсы?! «Екі қошқардың басы...» дейтін белгілі мақалға телитіндей, ерегіскен екеудің екіншісінен осы уақытқа дейін ондай қошқарға тән тектілік көрмедік, тек тұлпарға лайық өмілдірік тағып, өкіріп әкіреңдеп, қақырық шашып ақыратыны болмаса... «Құласаң – нардан құла» дейтін атадан қалған асыл сөзге қонақ берсек, жылқы жарықтық үстінен құлаған адамға күдірейген жалын жастық қылғанда, есек атты харам хайуанаттың төсейтін тұяғының жанға қатты бататыны белгілі. Ал, аруана нардың мамық өркешіне әлімсақтан зәруміз. Шын жүйрік боп туғандарға сол қайғы, тұлпар тектілерге осы мұң. Батыраштарымыздың ұрпағы азаюдың орнына, өзге өңге ие болып өсіп-өнген, жапырағын жайған.


Хош, сонымен Нұрмұхан Жантөринді театрдан қуып, өрелі өнерін өңештен буып не таптық десеңізші?! Қуушылар мен соларды қолдаушы құлдыраңбайлардың айтуынша, «өзі кінәлі, соншама шіренбей, қайысша қатып-семген қасаң мінез көрсетпей, аспандап кеткен асқақтығынан артына қайрылып қарап, мойынтұрыққа мойнын созып, қорлық пен боқтығы, айтағы мен айғайы көп шалағай, алағай да бұлағай, шалақазақ-маргиналдыққа малына бастаған өнерге


 


қарсылық білдірмей, шідер үзбей тізе бүгіп, бастан персе амалсыздан өліп, арттан тепсе шарасыздан көніп жүре берсе ғой, ештеңе де жоқ еді. Небір рольдерді ойнар еді. Бағынып өткен басқалар секілді омырауы қаңылтыр мен қатырма қағазға толып, тоғайма күй кешер еді. Ол да СССР(!)-дің халық артисі болар еді, СССР(!)-дің Мемсыйлығының неше дүркін лауреаты атағын ол алмағанда кім алар еді?! Ал енді не болды? Ерегестен не тапты? Кімнің қай жері қисайып, нендей шікәнәсі кетті?» – дейді... Дейді... Сонда қаймағы қалың қазақ өнерінің, жандары жалын төгер арда актерлерінің алдыға жетелер мәресі, талпынар төбесі, бажайлар биігі бүгінде өзінен өзі жоқ болған СССР екен ғой сонда? Сол төрт әріптің атына бола затымыздан безіп, өз қағымыздан жеріп, қанымызды сұйылтып, сүтімізді ірітіп, тегімізді терістеп, соры қалың қаймана қазағымыз үшін емес, кеудемізге қадайтын қаңылтыры үшін қан шымылдықтың ар жағынан қан сорпалайды екенбіз ғой! Апырай, сол төрт әріп болмаса, таланттыларымызды тағалайтын ұстахана, телміретін тәліми өлшем, бой түзейтін шарайна, ой күзететін биіктік, табынатын Қағба қалмаған екен де! Сондықтан да аруақты басын ноқай наданның нойыс ноқтасына ию керек болған да?! Жас кезінде торай нәсілдіден жасамысында шошқа шығады деп менің «жаман» атам Жаманқұл жиі мақалдайтыны содан екен ғой!


Жауырды жаба тоқымай, шындықтың тыртық бетін көпе- көрінеу бүркемелемей айтар болсақ, актер Жантөриннің шығармашылдық трагедиясына бірден-бір һәм жалғыз себепкер – алпысыншы жылдарда Әуезов театрының басына келіп, әуелден мөлдіреп келген, шымырлап бойға жайылып тұрған ұлттық колоритті белден басып, берекесін кетірген, алайда қазақ театрының шығармашылдық бағытын күрт өзгерткен, сөйтіп, отыз жылдан астам үстемдік құрып, өресін биіктеткен, шынайы жетістіктерге жетелеген, және желкелеп отырып жеткізген Әзірбайжан Мәмбетов екені айдан анық. Дәл сол жылдардың алдында ғана Тәшкеннің театр институтын үздік дипломмен тәмамдаған, білімі артықтығы анадайдан көзге ілінетін кесекті өнерпаз Нұрмұхан Жантөриннің де жұлдызы шырқау биіктен


 


жарқырай шығып, көз қарықтыра бастағаны да театр тарихын зерделі зерттеген батылдығы белгілі болғанмен беделі пәс шын сыншылардың сөз сызбаларынан сезгенбіз, көлденеңдегі кім көрінгендердің көмескілеуінсіз-ақ байқағанбыз. Яғни, екі тұлғаның екі түрлі тағдыр талайы мен тағлым тартыстарының, білім белестерінің, кісілігі кем керістерінің,.. дұрысы – тебістерінің тұяқты іздері осы сүрлеуде сайрап жатқанын санасы соқыр емес адам сөзсіз аңдайды емес пе? Сонымен, бір кезеңде, бір уақытта, бір өнер сахнасында, екі түрлі мектеп пен екі түрлі азаматтық пайымдардың сыйыса алмауының себеп-салдарын кім ашық айтып зерделеді, әрі қарсы келген хас жүйрік асаулардың нені бөлісе алмай, нендей сиқырлардың арқасында екеуінің жолы екі жаққа айрылғанын қай ара би ара жігін аша алды екен?! Бүгіндері жайшылықта бастары қосыла алмай, есендесу былай тұрсын, бірінің-бірі көңіл көкжиектерінің есігін де қақпай қаскөйлерше қасарысып, қарсы емендей қайыспауларының себебін сезе алған азамат болды ма? Сезгендер болған шығар, алайда оны айғақтап ашып айтып, ақыл сап, өнер тағдырын уысында ұстағандарға жеткізіп, құлаққағыс қылып араша болғандар, немесе ерегіскен екеудің есіре тасыған мейманасын басып, екпіндеріне тоқтам айта алып орындарына қойған, ағалық жасаған, ақсақалдық еткен адам жоқ болса керек. Қазір де сол, ұйысқан қыршаңқылық пен «мен тұрғанда сен кімсің» дейтін ішіне пышақ айналмас паң құлықтан кенде емес қазақ өнерінің айналасы әлі де аруақты ағалыққа, кең кісілікке бара қойған жоқ. Әуезов театрының екі бірдей тарпаңдары бола тұра, тарландыққа жете алмай, талақтары тарс кетсе де, былайғы, аузын ашса жүрегі көрінетін аңғал жұрт олардың есімдерін естен шығармай, екі сөзінің біріне қыстырып отыратыны жалған емес. Осы театрдың алтын ғасыры деп асыра сілтеніп аталып жүрген кезең, актерлік арда өнердің қаралы жылдары болғанын да шығармашылдықтың шын жанашырлары қаға берісте, ықтырмада, қамығып-қамкөңілденіп, бөлек шығып әңгіме қылатыны өтірік емес. Қазақ театрының режис- сурасына Мәмбетовтің узурпатизмі мен маргинализмі айшықты әріптермен жазылғанмен, оның ұлттығы сүттей


 


ұйыған актерлік өнерінің үрдісі тарихынан Нұрмұхан Жантөриндей тарланның жарқын жолы, орындаушылықтың ұлттық мектебі, ерек есімі асқан аяусыздықпен «сызылды»! Келешекке, кейін келген біздерге осы жоғалту мен жетістіктің қайсысы қымбат, қайсысы өкініш, ойлантатын тұсы не? Жалпы, қазақ театрының тарихы мен жылнамасына режиссер Мәмбетовтің жетістігі ме, жоқ әлде асқақтығынан азап көрген саңлақ актер Жантөринді жоғалту ма, қайсысы қасиеттірек? Мәмбетовтің дақпыртымен жеткен жалауы көп жетістіктерімізге мақтанатынымыз ба, Жантөриннің актерлік жолын жоғалтып алып, қарабет болғанымызға қапаланатынымыз ба? Енді осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік.


Тағдыр талайына тап келген өз кезеңінде, өнердегі арзандыққа, пәкенелік пен пигмейлікке қарсы боп, қанжығаласып, шындық айтып шулатып, «хамствоға» барып


«қан болып», әсіре қызыл әпербақандықтан алшақ әлемде шығармашылдық өмірі «өртеніп», өксіп өткен, алайда асқақтығын ақсатпаған адуын ақсақал Асқар Тоқпановтың мына бір «тоқпағына» құлақ қояйықшы: «Драматургтің де, оның шығармасынан туған спектакльдің де идеясын халыққа көрсету, ойын оған толық жеткізу жөнінде әрекет етуші – актер. Егер актер бейне жасауды ойдағыдай түсінбесе, түсінсе де орындай алмаса, жаны бар, мақсаты бар, мінез- құлқы ерекше, дара сахналық бейне тумайды. Автордың сөзін тек жаттап алып, ең тәуір дегенде баяндаушы дәрежесінде ғана болады. Мұндай жағдайда пьеса идеясы өмірге айналмай, әрбір сөздің айтылу себебі ашылмай, процесі көрінбей, ешқандай әсері жоқ жаттандылықта қалып қояды» [Тоқпанов А. Сахна саздары. Режиссер көзімен. – Алматы: Жазушы, 1969. 107 б.]. Осынау тайға таңба басқандай етіп, өз кезеңінен озып, ертелеу жасалған тұжырымға «негіз» болған сол кездегі актерлердің көбіне- көп тек қана орындаушылық-құлдық қалыпта болғаны, ол кезде жалпы театр өнерінде тек қана режиссердің ықпалы үстемдік құрып, ал актер «сорлылар» спектакльге керекті бұйым-бутафория ретінде жаппарқұл-марионеттік, орындаушылық қана деңгейде жүргенін ескерсек, ұлы


 


ұстаздың сол кездің өзінде-ақ актер мамандығын өте жоғары бағалап, оның спектакльді қоюшы режиссермен теңдей суреткер бола білу керектігін баса айтып кеткендігіне риза боласың. Айтса-айтқандай-ақ, келе-келе ол ағым, яғни актердің тек орындаушылық-марионеттік тұлғасы, қазақ театры тарихындағы 1960 жылдардан бастау алып, тоқсаныншы жылдарға дейін билік құрған, актерлерді спектакльге бутафориялық бұйым ретінде пайдаланған менмендік, узурпаторлық режиссураның дүниеге келуіне басты себеп болды. Театр сахнасында тек қана режиссерлік жүйе басымдылық көрсетіп, актерлік өнер асқан аяусыздықпен табан асты болып таптала бастады. Мұндай тізеге басуға көнбеген, ноқай ноқтаға бағлан басын сұқпаған, негізі көршілерден көргенінен туған көшірме режиссураға, ұрдажық узурпатизмге көне алмаған жалғыз Нұрмұхан Жантөрин ғана болды, ал ондай шынайы суреткерлік мінез танытып батылдыққа бара алмағандары, аңқау елге арамза молда боп, «ақ дегені – алғыс» боп тұрған «фюрерчиктердің» (А.Сүлейменовтен) қуыршақ-ойыншығы күйінде, іштей тынып, кейде сынып-мүжіліп, ішіндегі сайрап тұрған суреткерлік-санаткерлікті көпе-көрнеу көміп-тұншықтырып, шығарма-шылық еркіндіктеріне жете алмай күйіп-пісіп, ішіп-күрсініп өткен актерлерді көзіміз көріп, көңліміз құлазыған. Есі барда екі кітаптың парағын тауысуға таланы жетпеген бірді-екілі есерсоқтардың бүгінгі күнге де жетіп, күнге ағарған сақалын арамзалыққа былғап, әпербақан кейіпте жүргенін сезіп, санамыз сыздаған. Сол ардақты Асқар ағаның қаға берісте қажып айтатын, қатты айтарларының ішінен есімізде қалғаны: «о-ой, Нұрмұхан актер еді ғой, ақылды еді ғой, тұлпар текті тайбурыл еді ғой, қор қылды ғой қолдан жасалған мифтер мен ергежейлілер, амал не!» деп, аһ ұрғанын құлағымыз шалып қалған-ды. Неге олай болды десеңізші? Себебі көп шығар, біз білетіні – сол заманда бастау алған, «бармақ басты, көз қыстылық» дейтін, әл-әзірге қоймалжыңдана қоймаған қоғамды жайлай, дәніге бастаған жұқпалы мерез, уы терең дерт болатын. «Бидің айтқанын құл да айтады, алайда аузының дуасы жоқ» дейді Төле би. Бабалар мегзеген «бидің


 


дуасы» жұқпаған соң, құл болып құдыраңдап, іштарлыққа бой ұрып, сахна деген сәнді мекенді садыралап, сыбыр-күбір сыпсың сөзге, өсек-аяңға айналдырып, төбе мен тауды, терең мен саязды, биіктік пен кеңістікті шатастырып, таза өнерді талан-таражға салып, өнер ауылына ағайынгершілік пен жең ұшынан жалғасуды әкеледі, жабыны тұлпар, қарғаны сұңқар етуге үйретеді, алтынды мыстан, темірді көмірден ажырата алмастай халге жеткізеді. Ең сорақысы осы жайт. Суреткерлік мекеннің тым-тым таза болуын бұлжымас қағидаға айналдырған К.С.Станиславскийдің өзі өнерпаздық студия шә-кірттерімен болған көп әңгімелерінің бірінде мынандай өкініш айтқан екен: «Өмір болған соң, тамыр-таныстық, ағайын-туыстық, өтініп-зорлап, өзеуреп, табиғат бермеген өнерпаздықты қанжығалап, бүктеп-таңып тықпалаушылық, т.с.с. көптеген келеңсіз жағдайлар суреткерлікке талабы жоқ көп адамдарды актерлік студияға, тіпті театрларға кіріктіріп жіберетін тұстар, өкінішке орай кездесіп жатады. Әдетте, осындай оқыстан, ойда жоқтан пайда болған актер, режиссер- сымақтар өнер ошағын өресіз өсек-аяңға, сыбайлас- таныстыққа, садыра-әділетсіздіктің мекеніне, мибатпаққа айналдырады да, бүкіл шығармашылық ұжым соның ұйығында малшынып, берекесіз былғанышта өмір кешеді» [Беседы К.С.Станиславского. Записаны з.а. РСФСР К.Е.Антаровой. Под общ. ред. Ю.С.Калашникова. Всеросс. театр. общество. – М., 1947. 52 б.]. Басқа-басқа, өрімтал һәм керімсал өнер әлемінде мұндай құбыжық құбылыстың етек алуы, оның жасампаз өзегіне тат боп таматын пітнә, тепкіден    бетер    қатты    тиетін    соққы    екені    даусыз.


«Болмағанға – болыспа», «бұлақ көрсең көзін аш», «шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген емес пе?! Әйткенмен, сәулесіне Аллаһ бір нәрсе бермесе түк шықпайды, ол – хақ. Дегенмен, қолдағанға көніп, болысқанға еретіндей, пәдәрлеріне пәтік бергеніне ішің жылиды. Ал, санасына сәуле біткен, алайда артында тіреуі жоқ шын жүйріктер, алды-артын кес-кестер қотыраш-батыраштардан қалай сақтанбақ. «Бейталант – бейтарап, ал кемталанттың кіріспейтін жері жоқ» дейді асқан эстет Асқар Сүлейменов. Таланттыларды қорғау керек, ал кемталанттар олимпке


 


барар жолды өздері-ақ тауып алады, дейді орыстың ойшыл актерлері. Болмаса, Жантөрин де «сау сиырдың боғы», жерде жатқан желөкпе сынды тегін тетелес, оңай қарсылас емес-ті,


«жат» дегенге жата кететін, әлдекімге айтақтарда алдына тасталатын майлы сүйекке тісін тигізу үшін күресінге аунай салатын көпек иттерден биік, нағыз қасқыр алар қазақы төбеттейін азулы болғанын қанаттастары опынып-өкінсе де,


«ханға қол шошайтпас» қол қысқалықтан қажыса да, оңаша шығып жер шұқылап, қадап айтып отыратынын керең болғыр құлағымыз естіген. Мәскеуден оқығандарды бойы қортық, ойы мыртық, сойы тыртық болса да алқалап, артыққа балап, ара би санап, төрге тартатын тәртіп арамызда әлі де бар. Келе сала сол жақтан көріп, көңіліне қонақтатып келген шығармашылдық қалып-порымның, маргинал эстетикасының енді біздің сахнаға көше бастағанына есі кете қоймаған Жантөринге қырыс мінез, қырсыз көңіл танытқан, ақыры «өзі» арыз жазып кетуін мәжбүр еткен Мәмбетовтің жеке өз ұтысы мол, әрине. Рас, қаны мен тәлімі өзге өлшемдегі он шақты қойылымды айшықты қойып, қазақ театрын қазақы емес қазналы биіктікке көтерді. Ал оның алдындағы атақтары жер жарып, дүмпуі дүр сілкіндірген Жантөриннің Шоқан, Қодар, Кебек, Сырым, Доктор, Яголары, Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкееваның, Шолпан Жандарбекованың Петруччиосы мен Катаринасы, Ақаны мен Ақтоқтысы, Зәмзәгүл Шарипованың Қарагөзі, кешіріп қойыңыз, өзге режиссуралық өрелер сөресінің сүрлеулері болатын. Атын атап, түсін түстесек, қазақ театрына өлшеусіз, әрі өңмеңсіз, қанын сұйылтпай, кесіп- қиқаламай, ұлттық менталитетке деген аса ұқыпты, асқан әдепті махаббатпен, абаймен, сыйластық-сүйкіммен келіп, ұлттық ғұрып пен тағылым-тәрлерімізге сайланып қойылған ол қойылымдардың кісілігі артық келген «қожайындары» М.И.Гольдблат пен А.Мадиевский, Утеганов пен Пыжова, Бибиковтар еді. Мәмбетовтің әр жылдары «шулатқан» шығармалары «Ана – Жер-Ана», «Қан мен тер», «Ваня ағай» сынды сымбатты спектакльдерінің тек алғашқысында ғана Жантөрин Қасымның бейнесінде көрінгенін кейбір абайсызда «құрып» кетпеген фото-құжаттардан білеміз. Ал,


 


кезінде, бүгіндергі емес, сол кездегі ағалардың кеңдігінің мысалындай болған ұлы Мұхтар Әуезовтің қандас, қаламдас, өкшелес бауыры Қалтай Мұхаметжановтың дуалы драматургиясын додалы даудан қызғыштай қорғаштап, «Біз бұл күлкіге дән ризамыз» атты, әдейі ме екен әйтеуір, тек


«күлкісін» қадап жазған әйгілі мақаласын есепке алмағанда, режиссурасын, осының алдында ғана киностудияға көркемдік жетекші боп жылыстап үлгірген Ш.Аймановтың өзі аймандай қылып сынап, театр тініне тексіздіктің ене бастағанын бажайлаған «Бөлтірік бөрік астындасының», немесе «Дон Жуанның думанының» табыстары осы күндергі он алты маусым бойы сахнадан түспей келе жатқан, кейбір шелді көздерге әдейі ілінбейтін классикалық комедиялық қойылымдардан асып кетіп ұшпаққа жеткен артықшылығы шамалы-ақ! Рас, «Ана – Жер-Анасы» саңлақ актрисалар Сәбира Майқанованың телегей тектілігі, адуын мінезі мен ақылман суреткер Фарида Шәріпованың толағай таланттарының да арқасында отыз жыл бойы сахнадан түспеді! Актерлік ойыннан ұтысқа бөленген сүренді режиссураны мойындау керек, отыз жыл бойы оңды-солды сілтеді, алдындағысын тістеді, артындағысын тепті, ойына келгенін істеді. Қарсы келгенін қапты. Төңірегіне бірде-бір жүйрікті жолатпады, соңынан ешкімді ертпеді, Утеганов Ресей асты, М.Байсеркенов, М.Қосыбаев, Б.Омаров, Е.баев, Ж.Омаров,   Е.Тәпенов,   Д.Арынғазиева,   Қ.Жетпісбаевтар


«сыйыспаған» бастарын жан сауғалап басқа өңірден нәпақа теріп кетті! Хадиша Бөкеева, Елубай Өмірзақов, Камал Қармысов, Қалкен Әділшынов, Сейфолла Телғараев, Мұқтар Өтебаев, Күлзипа Сыздықова, Матан Мұраталиев, Раушан Әуезбаевалар роль күтумен, театрдың кіреберіс қақпасы алдында ұзақ жылдар сарылып отырып, шығармашылдық өмірлерін өртеп алды. Ал Жантөрин ше? «Тесік моншақ жерде қалмас», шет қалған деген талма дертке шалдыққанмен


«өлген» жоқ! Мәмбетовтің пәрмені мен дәрмені жете қоймайтын облыстарда он шақты, кинода қырық шақты роль жасауын жасады-ау, алайда, жетім күй кешті. Өнерпаз өз сахнасынсыз, бесті жүйрік бәйге жазықсыз, дөнен айғыр ауыздығын шайнап түсер салым додасыз, дарабоз батыр қан


 


майдансыз қалды! Ешбір емен есікке енген жоқ, еш пендеге зар айтып, жан жағына зәр шашқан жоқ. Орманды ортада жүрсе де, оң мен солға алақтап, қаптай бастаған қозғалыстар мен партиялардың сойылын соғып, ешбір үндеу хаттарға қол қойып аласұрған жоқ, жалғызілікті өмір, оқшау ғұмыр кешті. Кісіге қиянат та жасамай, қысқа жіпті көлденеңге көмекті қол ұшын да ұсынбай, айналада болып жатқан аламанға араласпай саяқ өтті. Өнер еліндегі бірді-екілі биіктіктерді, толағай деп жүрген табыстардың ешқайсысын да мойындамай, азды-көпті жетістіктерге қуанбай, қырсық мінезі, қыңыр әдеті қыр соңынан қалмай, қауқары кем кісіге, соңынан ерген ініге жылқы қылындай да қолқабыс жасамай, жалқы адамға жақсы сөзін де қимай, жалғыз жортқан жаралы көкжал сынды азуынан,.. мұлтым бар, өз аузынан, «ой, опасыздар, мен деген, танысаң – адаймын, танымасаң – Құдаймын» деп көкірегі қарс айрылып, дөңайбат шегіп өткенін шыққыр көзіміз де көрген! Сәкен Серінің «Ақан сері» романындағы қанжығасында салаңдап келе жатқан қасқырдың терісіне тесіле қарап, басты кейіпкердің опынып айтатын мына бір одағай сөзі ойға оралады: «Әй, өзіңнен де бар-ау, азу тісі ақсиған албасты арлан!»...


...Бұл ода ауанында жазылып отырған менің де одағай жазбаларымда Жантөриннің жасаған жан-жақты, жасақты, кесекті, келбетті кейіпкерлері мен қазақ өнеріне сіңірген қисапсыз, есепсіз, қомақты, қыруар еңбегін ғылыми- теориялық негізде тиянақтап зерттеп, сан-сапасын түзіп, тізбелеп шығуды мақсат тұтпағаным қадалып оқып, қақшиып отырған оқырманға ойларымның орта жолында-ақ түсінікті болған шығар. Ол жағы жазудай-ақ жазылған, айтудай-ақ айтылған, одан шыққан мүйіз кәне!? Жасытып жадағайлатып, алдарқатып айналып өтіп, көлеңке жағын көлегейлеп, күмілжіп-көлгірсіген, көпе-көрнеу көмескілендірілген, жауырды жаба тоқыған, іштен тынып, бір бармағын бүгіп, ішіндегісін жасырған, «қыли қыртымбайлар мен ығай-сығай мырқымбайлар» жазған мақала-шатпақтар шаш етектен. Кейіндері де, Арагідік шығып, арыға бара алмаған естелік кітап пен альбом жинақтарда жарияланған белсіз бәдіктер мен әлсіз аңсаулардың дені – тұспалы тым аз, тұманды-


 


түсініксіз, жанамалай, жадағай сыдыртылған, қан-сөлсіз өлексе сынды зорлап құрастырылған сюжеттер, «кімсің – әйгілі Жантуриннің өзінің» іні-қарындастары іспетті болып баққан, жанын жалғыз солар ғана түсінетін сынды бақай есепті тілектестер мен рахилалардың да шатпақтарының ішінде де әділін айтып, жараның аузын тырнамаса да, тым болмаса сыздатып, шырылдатып жазған ештеңесі бола қойған жоқ. Басқалай жазғыштардың да бірде-бірінің батылы я пәтігі жетіп, зауалсыз болған зорлықтың, қарау қысастықтың, батпан шындықтың бетін баттитып ашып, төркінін тауып, турасын айтсақ, Жантөриннің жан қайғысының, тұлғалық трагедиясының атын атап, Мәмбетовтің маргиналдық мейманасының тасып төгілгендегі түйе табан тізесінің ізінің түсін түстеген жоқ-ты. Себеп, режиссер – бастық, соған тәуелдіміз, «әй» деуге әже, «қой» деуге қожа бола алмаймыз, қол шошайтуға қорқамыз. Рольді сол береді, өмірдегі бағымызды сол ашады, өнердегі бақытымызды, беті аулақ, кежір күйленіп кесірленсе өзімізге бұйыртпай, керзі етігімен топтыгиндерше таптап тастайды. «Өзі болған қыз төркінін танымас» деген. Тұлпар болмаса да, алтынмен апталған, күміспен күптелген. Рас, актер ел алдына шығатын сол елдің еркесі, бәлки тентектігі, жындылығы да болары заңдылық. Алайда актер екенмін деп әпербақанданып, жындана беру де жөнсіз-дүр. Олардың ішінде жындылығын кешіріп, тентектігін түсініп еркелетуге,   алқалауға   болатындары да бар шығар. Еркелету ғана емес, «жынды» актердің жындылығын көтеретін, керексе, аялайтын есті режиссер қане. Әдетте, тентектік талантты актерге ғана жарасқан. Өнер әлетінде аңғал актердің тентектігінен маңғаз, әрі маргинал режиссердің жындылығы қауіпті, өйткені оның қолында билік, өнердегі бағыңның алтын қақпасының кілті,   тәңір   дарытқан   талантыңды   таразыға   сала   алар


«тақыт» бар. Білген жөн, актер өнері, әсіресе театрдағысы – рахымсыз, пәруәнә сынды бір кештік, бүгін бар – ертең жоқ. Ең өкініштісі осы, ең қасиетті тұсы да сол. Өйткені театр өнері, кино емес – тірі өнер! Кино – қанша қызғылықты, тап өмірдегідей табиғи болғанмен, бәрібір кешегі, таспаға түсіріліп алынған «қимылдайтын» сурет. Ал, Театр бүгінгі,


 


тіпті осы кештегі, көз алдыңдағы, қан шымылдықтың ғана аржағындағы тірі актердің тірі жүрегінің қағысы! Сол ұлы мәртебелі Актер – сол қасиетті сахнада патша болғанмен, өмірде жалшы, қолында я биліктің бишігі, я қаржылық қамшысы жоқ, айналасында да оны адам екен ғой деп, елеп- ескеретін естиярлары керең, табан тірер төңірегі мылқау. Асып тумаса да, артып туған сергек сезімталдығының, бір кісілік ақылының бүлкілі мен ұлтжанды адал жүрегінің дүрсілі арқасында, аяғының астындағы аядай сахнада ғана бар-жоғы үш-ақ сағат патшалық құрады! Тайпиған маңдайымызға орай қадірімізді білмес қайқы заманға кездестік, амал не. Мұны ұғына қоятын ел ағаларының ролін орындап емес, ойнап жүрген әкім-қаралардың гаргантюалық ойлары тым алыста, сол жағалауда, аспанда, ал олардың дос- жараны болғансып оң жағынан табылатын асан-үсендер болса, актер атты ұлттың қасиетті өлермендерін бағалап, ұлы өнерлерінің алдында олардың әкіми-асқақ бастарын игізудің орнына, өз қара бастарын шенеуніктің оң көзіне іліктіру үшін тоң табанын жалап, қырсыз балақ-етегін жағалағандар, пендеки бас пайдасының ғана қамымен қартайып келе жатқан қарадүрсіндер, айналасын жалмайтын пантагрюэльдер, пигмейлер.


Шамама қарамай, менің ұнатпайтын нәрселерім көп, кейде осы мінезім үшін өзімді өзім ұнатпаймын. Асып та, тасып, артық-кем айтқан одағай, алағай да бұлағай, алайда бұқпантайы кем, бұйығы емес, «буырқанып бусанған, мұздай темір құрсанған» бұрқ-сарқ ойларым менің өзімдікі ғана, ол жарықтықтардың көпшілік жұрттың талғамы мен тәріне, көңілі мен көзқарастарына сай келуі міндет емес, және де тек менікі жөн дейтін кеудемсоқтықтан да аулақпын.


«Аплатон – досым, алайда шындық қымбат!» Жартылай шындықты да иттің етінен жек көрем, жауырды жаба тоқып, көптің талғамын шатастыратыны үшін, үлде мен бүлдеге бөленген, алтынды-күмісті айыл-тұрмандармен күптелген цирктің аттарын да ұнатпаймын – бір түйір қант үшін тізесін бүгер бүгежектігі, тексіздігі үшін! Ұнататындарым да жоқ емес, мойындайтындарым да баршылық. Құлагер тектес қазақы жылқыны ұнатам, қайсыбір сасық малдардай күйіс қайырмайтындығы, бәйгіге шабар алдында ат дорбаға көз


 


салмайтындығы үшін! Қызығып, ішім қыж-қыж қайнап, күрсінетіндерім де жетіп артылады. Кешелері Ресейдің екі атпал актері Олег Янковский мен Александр Абдулов дүние салды. Ел болып күңіреніп, жата-жастана жылап-еңірегенде етектері жасқа толды! Топырақ астына түскеніне тоғыз күн дегенде, теледидарларынан сыныптастарын, көршілерін, ұстаздарын, тіпті көңілдестерін тауып алып, арнайы хабар ұйымдастырып, бүкіл ресейлік телеаза жасады. Ал біз, талайлы табыстарымызға есімізден танып, жүрегіміз жарылып, киіз қалпағымызды аспанға лақтырмасымыз әмбе жұртқа аян, тек шын асылдығы өзімізге ғана белгілі жоғалтуларымызға осы бүгін шын жылап, артық туған жүйріктерімізді осы бүгін жөндеп, шындап жоқтай алмаған соң, тоқсан жылдан кейін тоңымыз еріп, толағайларымызды шаң басқан томдардың ішінен тоңқаңдап іздегенімізден не пайда?! Болары болып, бояуы сіңіп, көпірден өтіп алған соң, «әттеген-айлап», анадан көріп, мынадан жеріп, жабулы қазанды жабулы күйінде «күн-фаякүн» қалдырып, еш жазығы жоқ заманға теліп, ішіміз іріп, бармақ тістеген кейінгі ақылымыздан не пайда!?


...Кеш кірген ақылымды, кеш ашылған көзімді, кеш келген батыл қылығымнан кеш жазған шатпағымды кеш, нойыс ноқтаға бас сұқпаған, өмір жолы шулы, алайда мөлдір өнері нулы, ұлы Актер Нұрмұхан Жантөрин!!!


Кеш, аға!.. Әруағың риза болсын... Ештен кеш жақсы...


Тамыз, 2009 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу