Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  145


Автор: Ержан Жұмабек

Лава-жыр


Іңірмен арадағы бірлік аппақ,
Ішінде отырамын түнді аттап...
Тек, анам ауырғаны қорқынышты,
Беймезгіл қалатындай тірлік тоқтап...

Үмітке өзеуреген шақта мына,
Ұлыңның жауап берші хаттарына!...
Жансақтау бөлімінде есің жимай,
Анашым, апта болды жатқаныңа.

Әрбір күн жаныңа азап берер келіп-
Өртейді өзегімді өлең болып.
Құдайдың құдіреті қолда тұрса,
Дертіңді тастар едім, терең көміп...

Сен болсаң еңсем қалмас аласарып,
Тілеуің – бәйге алсам да дара шауып.
Мәңгілік мейірімнің мекеніндей –
Жүрегің – қазақтың кең даласы анық!

Өзіңе, әкем, інім бірге елеңдеп,
Таң атса, бір қалыппен түн де келмек.
Заманның дәрісі дауа болмаса,
Жазармын өзім, ана, жырмен емдеп?!

Болайын, қанша жерден сабырлы адам,
Дем жетпей ентіккенің ауыр маған!
«Көрсетіп үлгерсем ғой,-деп келемін,
Асуларымды әлі алынбаған!».

Өзіммен-өзі қалсын қанша уақыт...
Батаңмен мерейімді аспандатып;
Ауырмай көз алдымда аман жүрсең;
Мен үшін соның өзі асқан бақыт!

Естимісің, Ана?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу