21.02.2022
  653


Автор: Алғыс айту күні

1-НАУРЫЗ — «АЛҒЫС АЙТУ» КҮНІМЕН!

      Төрт мезгілдің ішіндегі жанымызға жақын мезгіл — ол әрине, айналаны өзгеше күйге бөлейтін, ерекше сұлулық беретін «көктем» мезгілі. Көктем... ия көктем атауының өзі-ақ айналаға көк кілем төселіп, қызыл, сары, ақ түсті гүлдермен көмкерілген, бәйшешегі гүлдеп, қызға жігіт үндеп, лақтар маңырап, қозылар жамырап айналаны бір мамыражай күйге бөлейтін «ең әдемі» мезгіл деп білемін.
      Сол көктемнің ең алғашқы күнін, яғни 1-ші наурызды елімізде 2016 жылдан бері атаулы мейрам ретінде бір-бірімізге алғыс айтып, рахметімізді білдіріп келеміз. Бірінші алғыс айтпас бұрын, өзіміздің өміріміз жайлы ойланып-толғанып, осы күнімізге шүкіршілік етіп, барға қанағат, жоққа салауат айтып Жаратқан иемізге алғысымызды жеткізуден бастасақ, «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші, әрбір ісіміз сәттілігімен жалғасын табатынына кәміл сенемін. «Шүкіршілік қарапайым күндерді алғысқа, күнделікті істерді қуанышқа, қарапайым мүмкіндіктерді игілікке айналдыра алады» - дейді, Уильям Артур Уорд. Яғни, әр күнімізге шүкіршілік ету арқылы қарапайым күндердің өзінде алғыс пен қуанышқа ие болып, берілген мүмкіндіктерді игі істерге айналдыра алады екенбіз. Мұның бәрі «шүкірлік пен тәубе етудің нәтижесі» деп білем.
      «Алғыс айту - бұл беру уақыты, сүю уақыты және өмірдегі ең маңызды нәрселер туралы ойлану уақыты». - дейді, Даниэль Дакери. Біз алғыс айту арқылы бойымыздағы сүйіспеншілікті басқаларға шын ниепен жеткізіп, өмірдегі ең маңызды сәттерімізді ой елегінен өткізіп, зор бақытқа бөлене аламыз.
      «Құдай біздің еңіреуіміз арқылы емес, алғысымыз арқылы дәріптеледі». - дейді Эдвин Перси Уиппл. Яғни, өмірімізге күпірлік айтып, зар илегеннен еш пайда жоқ екенін, қайта, көктемнің алғашқы күнінен бастап-ақ, айналамыздағы қоршаған ортаға, жақындарымызға алғыс айтып, ризашылық білдіру арқылы Жаратқанға бас иіп, бұл өмірдің қуанышы мен бақытын сезінеміз.
      «Ең жақсысы – бәрін таза, үнсіз жүректе сақтау және әрбір тамыр соғуы үшін алғыс айту, әр тыныс үшін ән айту» — дейді, Конрад фон Геснер. Сіз қалай ойлайсыз, осы сөзбен келісесіз бе?! Расында да, соғып тұрған тамыр үнсіз, соқпай қалса, әрбір алып жатқан тынысыңыз тарылар болса, ауа жеткізе алмай қалсаңыз сол мезетте бәрі бітпейді ма, яғни, тамырымыз соғып тұрғанда, ауамен тыныстап, жүзіміз балбұл жанып тұрған шақта неге бір-бірімізге ризашылық білдіріп, алғыс айтпасқа?! Бұл өмір қамшының сабындай-ай, өте шығады емес пе?! Барлығы кеш болмай тұрғанда бір-бірімізге деген риясыз пәк көңілімізді білдіріп, алғыс айту арқылы сыйластық пен ынтымақ, бірлікті нығайтып, өмірге деген сүйіспеншілікті арттыра түсейік!
      «Алғыс айту және оны білдірмеу сыйлықты орап, бермеумен бірдей»— дейді, Уильям Артур Уорд. Алғыс айту арқылы бір-бірімізге деген сыйластықты нығайтып, ынтымақ пен бірлігімізді арттырып, бір-бірімізді қуанта аламыз. «Бұл өмір жалған, байлық қолдың кірі, ақша адаммен дос болмайды, бүгін бар, ертең жоқ» — дегендей, бұл өмірде қалатыны тек қана сыйластық қана болмақ.
Сөзімді қорытындылай келе, бір-бірімізге рахмет айтып, алғысымызды өз уақытынан кешіктірмей жеткізе білейік, тек 1-ші наурыз «Алғыс айту» күнінде ғана емес, ризашылық пен алғыс айту керектігі болған кезде оны айтудан шет қалмау керек, өйткені алғыс айту арқылы бір-бірімізге қуаныш беріп, сыйластықты арттырарымыз сөзсіз. Ал сыйластық бар жерде бақыт та, шаттық та бар.
      Көктемнің алғашқы күнімен күлім қағып келетін, адамдарға шаттығы мен қуанышын беретін, өкпе менен реніштерді азайтып, көңілдерге шаттық нұрын себетін 1-наурыз «Алғыс айту» күні — бұл күн расында да ерекше, жанға шуақ сыйлайтын, бар жақсыны жинайтын күн десем қате айтқаным емес. Осы орайда баршаңызды 1-ші наурыз — «Алғыс айту» күнімен құттықтай отырып, Жаратқан иемізге шүкіршілік айтып, алғысымды білдіремін! Арайлы атар таңым мен қызарып батар күніме мың алғыс! Ай-жұлдызы жымыңдаған түніме алғыс, табиғатым құлпырған, жасыл желек үн қылған, көктемнің шуақты әр күніне мың алғыс! Ағайын-туыс бауырға, жайдары қауым, ауылға, ата-анам, ата-әжеме, нағашы-жиенге мың алғыс, құрбы-құрдас достарға, шайдай ашық аспанға, ұстаздардың бәріне, үлкені бар кішісі алғысым көп сіздерге!
Баршаңызға тілейтінім, дендеріңізге саулық, өмірлеріңізге шаттық пен қуаныш, жұмыстарыңыз сәттілік беріп, «Жаратқан ием жар болсын!» — дегім келеді.

«Ғажайып Қазақстан — 2050» журналының редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу