18.02.2022
  246


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Топ туралы

Көне сөздердің біразының мағынасын әлі күнге дейін білмейміз.
Қазақта «топ ете қалды, топ ете түсті» деге тіркес ежелден бар. Осы
сөйлемдердегі топ деген сөзді әуел баста түсінбей жүргенім рас. Жолым
түсіп, Түркиядағы «Топқапы» деп аталатын мұражай-сарайда болғаным бар.
Зеңбіректің оғы деп жүргеніміз зеңбіректің түп атасы болған катапульт –
қамал қиратқыш тасатардың тобы екенін кейін білдім.
«Көркіне жұртты қаратқан
Сарайдың зәулім басты аты –
Қақпадан шыға оқ атқан
Топ ете қалған Топқапы» – деген жыр жолдарын да сол жолы жазып
едім.
Мұхтар Мағауин «Шыңғыс хан және оның заманы» атты
шығармасының «Тынымсыз майдан» деп аталатын үшінші кітабында
тасатардың өзіндік «снаряды», яғни топ жайында жан-жақты баяндап:
«Ескілікті Қытайда әуел баста атыс топтары – тас болған. Қиқы-жиқы емес,
арнайы өңделген, лайықталған. Нақты тәжірибе үстінде ең ұтымдысы – шар
кейіпті, домалақ топ болып шығады. Оқпанға ыңғайлы, әрі алысырақ
ұшады» – деп атап көрсеткен.
Сөз зергері Бейімбет Майлиннің «Ел сыры» кітабындағы «Жаңбырлы
күні» деп аталған өлеңде (Алматы: «Жазушы», 1994 ж) «Салдыр-күлдір көк
жүзі, зеңбірек доп атқандай» деген жолдар бар. Редактордан немесе
корректордан кеткен қате көзге ұрып тұр. Бұл арада әңгіме доп емес, топ
туралы екені бесенеден белгілі. Зеңбіректен топ, яғни, снаряд атылады. Доп
ешуақытта атылмайды. «Доп топ етіп түсті» деген сөйлемнің өзінде де топ
секілді түсті деген мағына жатыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу