18.02.2022
  134


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Өлеңдегі көсемсөз

Поэзиядағы публицистика – өлеңмен жазылған көсемсөздер қатарына
жатады. Ақындардың жырына арқау болған қоғамдық оқиғалар ақын тілімен
айтылғанда айтары анық, бояуы қанық болатыны сөзсіз. Ахмет Байтұрсынов
ақындар мен билердің сөздерін зерттеуші ғана емес, сондай билер аузынан
шығатындай сөздерді өзі де айтушы.
Мәселен, «Жұбату» деген өлеңіне назар аударайық. «Еркін дала, Еркің
қайда? Еркіндегі көркің қайда? Тулы, нулы жерін қайда? Сулы, шулы көлің
қайда? Еркін көшкен елің қайда? Ел қорыған ерің қайда? Тура айтатын биің
қайда? Би бардағы күйің қайда?»
Үзіндіні өлең түрінде емес, әдейі қара сөз секілді беріп отырмыз. Мұнда
ақындықтан көрі шешендік үрдістің басымдығы көзге шалынады.
Енді осы өлеңдегі алдыңғы және соңғы бунақтардың орнын ауыстырып
оқып көрейік:
Еркің қайда, еркін дала?
Көркің қайда еркіндегі?
Жерін қайда тулы, нулы?
Көлің қайда сулы, шулы?
Елің қайда еркін көшкен?
Ерің қайда ел қорыған?
Биің қайда тура айтатын?
Күйің қайда би бардағы?
Шынында да, «қайда?» деген сөздің қайта-қайта қайталануы
тыңдаушыға ерекше әсер етеді. Кейінгі вариант шешендік үлгі жағынан
алғашқы варианттан кем түспейді. Тек қана ұйқас жоқ демесе, ырғақ және
екпін сақталады.
Немесе «Тілек-бата» өлеңіндегі: «Жақын жерден жау шығып, мақұл
сөзден дау шығып, дұшпан ұстап қолымнан, иттер тістеп тонымнан, маған
тосу болған шақ, тұтқын болып тарығып, жалғыз жатып зарығып, ашу
қысып, ойды алып, өт жайылып, бойды алып, дерт жүрекке толған шақ», –
деген жолдар шешендік үлгіде жасалғаны көзге айқын көрінеді.
Ахмет Байтұрсынов сөздерінде оның өзі айтқан шешендік өнердің
қанды қыздыратын, намысты келтіретін, жүректі тулатып, естен айыратын
уытты, лепті сөздерінің қолданылғанын көреміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу